Бүгін түс кезінде, сағат 14:00-15:20 аралығында Алматы қаласының орталығындағы «Астана» алаңының аумағында елде тыйым салынған «Қазақстанның Демократиялық таңдауы» бейресми қозғалысының санкцияланбаған митингінде кемі жүз шақты азамат ұсталды.
Бір айдан бері әлеуметтік желілерде экс-банкир, қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов жетекшілік ететін, елде экстремистік ұйым ретінде танылып, қызметіне тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы интернет арқылы азаматтарды 22 ақпанға жаппай митингіге шақырып келген болатын.
Жүздеген жергілікті құқық қорғау органының өкілдері бақылаған аумақта интернет бұғатталған. Жиын кезінде кәсіпорындар мен қоғамдық тамақтану орындары жабық болды. Әкімдік қызметкерлері кезек-кезек Абылай хан және бұрынғы Фурманов, сондай-ақ Қазыбек би-Төле би көшелерінің аумағында жүрген азаматтарға тарауын сұрап, ескерту жасады. Тіпті полицейлер «жаяу жүргіншімін» деген ондаған адамның уәжіне қарамастан, күштеп автозакқа салып әкетті.
Әскерилер жас-кәрісіне қарамай, бәрін топ ретінде жабыла жүріп, кейбіріне күш көрсетіп ұстады. Бір омон ақсақалдың қолын қымтап, екі қолымен қысып көтеріп алып кетті. Сонымен қоса Арбаттың жоғары бөлігінде мүгедек арабасына таңылған Жұмабаев Ерік айналасына үймелеген қалың әскерилерге «диктатуралық тиранияның зардабы», «болашақ үшін күресу» тақырыбында «дәріс оқыған» соң, бір топ жасақ арбасымен бірге көтерген күйі жедел жәрдем көлігіне салып әкетті. Ұсталғандардың кейбірі «Құрттаған билік құрысын!», «Мұхтар Жәкішевке бостандық», «Креслоға жабысып қалған ешкім жоқ, билік бір рет болсын ауыссын да!», «Демократия», «Бостандық» деп ұрандап айқайлады.
Түске дейін дәл осы маңда Демпартияның бастамашыл тобының жүз шақты жақтастары ұсталғаны хабарланған болатын.
Бұл күні Шымкент, Тараз, Ақтөбе, астанада митинг өтеді деп белгіленген жерге келген белсенділерді полиция ұстап жатыр. Жер-жерде ұсталғандар «Назарбаев кетсін!», «Шал, кет!» деп ұрандатты. Шымкенттегі Тәуелсіздік саябағында күзет күшейтіліп, 20-дан астам адамды полиция әкеткен. Таразда да орталық көшелерде арнайы жасақ жұмылдырылды. Ақтөбе мен астанада полиция кем дегенде он адамды әкетті. Митинг жоспарланған аймақтарда ғаламтор жұмысы нашарлаған. Әзірге ІІМ ұсталғандар туралы мәлімдеме жасаған жоқ.
Әблязовтің жұртшылықты митингіге үндеуімен қатар жарыса профилактикаға қамданатын ІІМ қоғамда «басқаша ойлайтын» белсенділерді әртүрлі айыптармен үйде немесе изоляторда қамауда ұстауды әдетке айналдырған.
*Фотоматериалды көшіріп жариялауға, басуға, таратуға рұқсат берілмейді.