Теңізшевройл компаниясының дерегінше, былтыр Теңіз мұнай кен орнында 29 млн 790 мың тонна мұнай өндіріліпті. Экология министрі пайдалы қазбалар қоры сарқылып жатқанын хабарлады.
«Теңізшевройл» ЖШС-нің баспасөз бөлімі таратқан ақпарат бойынша: «Атырау облысындағы Теңіз кен орнында өндірілген мұнай көлемі 29,79 миллион тонна немесе 237,7 миллион баррельді құрады. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда жоғары көрсеткіш. 2018-де 28,6 млн тонна немесе 228,2 млн баррель мұнай өндірілген. Табыстың ұлғаюына шикі газды айдау жобасы әсер етіп, мұнай өндірудің тәуліктік мөлшері 75 000 тоннаға дейін жеткен (600 000 баррель)».
Компанияның ресми өкілі Теңіз кен орнының өндірістік қуатын арттырудың келесі кезеңі жүзеге асып жатқанын атап өтті. Ол аяқталған соң өндіріс көлемі жылына 12 млн тоннаға артып, 39 млн тоннаға жететін көрінеді.
Аталған компания құралпылас өзге де шикізат өндіруші көптеген коммерциялық ұйымдардың табысы мен төленген салық, өзге де алымның бюджетке құйылуы, оның жұмсалуы жөнінде мөлдір ақпарат жүйесі жоқ.
Сондай-ақ бүгін Үкімет отырысында экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Қызылорда облысында жыл сайын мұнай өндіру көлемі 1 млн тоннаға дейін төмендеп жатқанын жеткізді.
– Осы мәселе таяу арада Ақтөбе мен Маңғыстау облыстарында да болжануда. Соңғы он жылдықта Шығыс Қазақстандағы моноқалаларға жақын орналасқан – Шемонаиха, Юбилейно-Снегирихинское, Зыряновское ірі қорғасын-мырыш кен орындарының қоры түгелдей таусылып, жабылды. 2025-2040 жылдарға таман Орловское, Малеевское, Тишинское, Риддер-Сокольное сияқты кен орындарында да пайдалы қазба қорларының толықтай сарқылуы күтілуде, – деді министр.
Ресми дерек бойынша, елімізде жалпы жиыны 8 мыңға жуық кен орны бар. Оның ішінде 317 көмірсутек, яғни мұнай, газ, конденсат кен орындары жұмыс істейді. Бұдан бөлек, 910 қатты пайдалы қазбалар кен орны болса, 3 мыңнан астамы кең таралған пайдалы қазбаларға тиесілі. Сонымен қатар 4 мыңға жуығы жерасты сулары қайнары бар деседі.