Ұлт-аралық жанжал

(әңгіме)

Алматының күнбатыс бетінде, қала шегінен қозыкөш жерде Рахман-Ата ауылы бар. Алатаудың жазылма етегіндегі ойпаң ұйық. Ауасы хош, суы мол, топырағы құнарлы. Қысы шуақ, таза, жазы самалды, шыбын-шіркейсіз. Ең бастысы – тыныш. Қай жағынан алғанда да. Дулы шаһардан түстік аймаққа тартылған – Тараз, Шымкент бағытындағы қасқа жол екі шақырымдай төмен өтеді. Алатауды бөктерлеп, ауыл аралаған жам жол – жоғары, ол да әжептәуір жерде. Рахман-Ата ауылы дүріл-гуілсіз, қоқыс-түтінсіз, маужырайды да тұрады. Кейде қалғып, ұйықтап кететіндей. Жым-жырт. Бұл ауылдың кісілері көшеге де көп шықпайды. Шығатын шаруа, көлденең қызығы жоқ. Үй арасына қатынасқан селкеу, бірлі-жарым адам ғана көзге шалынар еді. Анадайдан төрт-бес кісінің қарасыны байқалса, бұл – қалаға қатынайтын көлікті күтіп тұрғаны. Күніге әлде екі, әлде үш айналым ғана жасайтын, әбден тозған қорапша автобус көбіне уақытылы келмейді, кейде мүлде қатынамай қалады. Сондықтан, айрықша табанды біреулер болмаса, көпшілік жұрт не жоғарғы, не төменгі үлкен жолға қарай қысы-жазы жаяу-жалпы шұбырып жатқаны. Бұған тарынатын және ешкім жоқ. Денсаулыққа пайдалы. Ал жаяу жүрістің артықшылығын мойындағысы келмеген шал-шауқан және маубас, жалқау тағы бір ағайындар анда-мұнда өтініш жолдап көрген екен, одан ешқандай нәтиже шықпапты. Оның себебі – қазіргі нарықтық жағдай, экономикалық қиындықтарға байланысты екен. Бұған күмәнданған ауыл тұрғындары, жабыла қол қойып, осы маңайдағы дәл біз сияқты Дружба, Интернационал, Ивановка сияқты ауылдарға неге дұрыс қатынайды деген сарында тағы қаншама арыз жазыпты. Мүлде жауапсыз қалады. Мұның себебі (артынан аңдайсыз) солай екенін айтпай-ақ ұққан Рахман-Ата ұрпақтары қолды бір-ақ сілтеп, өздерінің жаяу жүрістерін одан әрмен жетілдіре түсті дейді.
Бұл ауыл бұрын мал бағатын еді. Совхоздың малын. Өз малын. Қазір бақпайды. Совхоздың малы прихватизация кезеңінде жым-жылас болды. Шаруаның малы нарыққа көшу сатыларында созыла селдіреп барып, ол да бітуге тақады. Мал кетті. Болса да баға алмас еді. Жайылым жоқ. Төңірек түгел тарылған. Белгісіз біреулер кесіп алған, қоршап алған. Ауылдың өз басы ғана бөліске түспей, аман тұр.
Бұрын егін салатын, картоп отырғызатын. Совхоздың егіні, совхоздың картобы. Енді совхоз жоқ. Әркім өз үйінің іргесіндегі тиесілі жерін шұқылай бастаған. Шұқымай, сол, жабайы жоңышқа қалпында тастағандар да бар.
Бұрын апта сайын той, ай аралатпай көкпар, бәйге өтетін. Қазір бәйге, көкпар жоқ. Есесіне күн сайын той. Жалпыға арналған дабыралы той емес, жекелеген үй, жекелеген адамдардың өз тойы. Күндіз айрықша көңілді, бірлі-жарым кісілер ғана бұлғалақтап жүрсе, күн бата екеу-үшеуден қосылған әншілер бой көрсетеді. Кейде төбелесіп, пышақтасып жататыны бар. Уақа емес, ертеңіне қайта татуласады. Той – тойға ұласады. Десе де, бұрын жаға жыртылмаған момын ауылдың қазіргі жауынгерлік рухы жоғары. Соңғы төрт жылда ғана ауыл балалары екі кісіні атып, үш кісіні жарып өлтірді. Үлкен жер, орта есеппен алғанда ештеңе емес. Ауылдың тыныштығы бұзылмаған. Бәрі жақсы. Жақсы болмаса, бұл ауылға қиырдағы Қарақалпақтан, бүйірдегі Семейден қаншама жұрт көшіп келіп, орнығар ма еді. Ауылдың жақсылығы. Һәм тыныштығы.
Міне, осы мүлгіп жатқан, ырғын төбелес, қанды пышақтың өзі ағайын арасынан аспаған бейбіт ауылда жақында ұлт-аралық үлкен жанжал шыға жаздады. Жаздаған жоқ, дүркірей қаулап, аса қатерлі сыпат ала бастады. Бүкіл ауыл екіге жарылып, іргедегі Алматы арашаға түспесе мүлде белең алып кететін дүлей өрт қаупі туды. Ұлт-аралық жанжал!..
Әуелгі шатақ, әлбетте, аз-маз түсініспеушіліктен туындаған. Содан ұлғая берді, ұлғая берді. Ақыры... (ақыры немен тынғанын әңгіменің соңында білесіздер). Ал әуел баста әлгі титімдей түсініспеушіліктің неден шыққанын, мәселенің себеп, астарын нақпа-нақ айқындау – өте нәзік әрі күрделі мәселе. Біз, әлбетте, жасыратыны жоқ, өзіміз де қазақ болған соң, оң-терісін ескермей, қанымызға тартып, жанжалдың түп-төркінін басқаша байыптауымыз мүмкін. Бірақ біз – бұрынғы совет адамы емеспіз бе. Яғни, интер... националист. Сонымен қатар, бүгінгі ел иесі. Яғни, көп ұлтты, айтпақшы, көп диаспора – бір ұлтты мемлекеттің негізгі, ең жауапты өкілі! Республикадағы тыныштық пен тұрақтылық менің, яғни Қазақ халқының сабыр, парасатына, төзім, саясатына тікелей байланысты. Осының бәрін ескере отырып, тұйық, тар өрісті ұлтшылдық жорасымен өзімізге тартпай, анық ақиқатын, әділ шындығын айтуға тырысамыз.
Бұрынғы заманда, яғни, Ұлы Октябрь Социалистік революциясына дейін... – кешіріңіздер, үйренген ауыз алжасып кетті, – күні кеше ғана, яғни Еліміздің Егемендігіне дейін Рахман-Ата – Алматы төңірегіндегі жалғыз қазақ ауылы саналушы еді. Өйткені, көпшілігі қазақ. Көпшілігі емес, түгелге жуық қазақ. Түгел десе де болады. Бірақ түгел емес. Бес жүз түтін ауылда төрт орыс, үш неміс, екі көрей, бір ұйғыр, бір жойыт және ұлты нақты белгісіз тағы бір кісі – қазақ емес он екі шаңырақ бар еді. Қалған төрт жүз сексен сегіз отбасы – қазақ. Ресми мәлімет, әдепкі ақпаратта Рахман-Ата ауылында советтік жеті ұлттың өкілі тату-тәтті тұрып жатыр деп жазылар еді. Есебі, жаңағы күмпиген қазағыңыз – осы жердегі, социализмді орнатып болып, коммунизмге қарай адымдап бара жатқан жетеудің бірі ғана. Осыған орай, Рахман-Ата шын мәнісінде толық қазақ ауылы емесін мойындауға тура келер еді. Ойлап тұрсаңыз, сол, толыққа жуық емес, жарты емес, жетіден бірдің өзі көңіл үшін ғана екен. Ауылдағы барлық әкімшілік іс қағаздары ұлы орыс халқының құдыретті тілінде жүргізіледі. Ресми мәжіліс, жалпы жиналыс, мерекелік салтанат атаулы, айтпаса да түсінікті, тұтасымен орыс тілінде. Бұл заңды да – мұндай үлкенді-кішілі жиындарға тым құрса екі-үш орыс және қазақша ұқпайтын тағы бірер кісі қатысып қалуы мүмкін ғой. Ал бір орысты емге таппайтын малшылар кеңесі ше? Ол да орысша. Қыста құм сағалап, жазда тау жайлап кететін жабайы шабан ештеңе ұқпай-ақ қойсын, арнайы шақырған соң, әңгіме мал шаруашылығы турасында екенін білмейтін соншама мақұлық емес. Керек десеңіз, қазіргі қойшы орысша тіл білмесе де, қазақша хат таниды, тиесілі сөзді (әрине, ұлы орыс тіліндегі сөзді) бір жапырақ қағазға жазып, қолына ұстатсаңыз, мінбеге шығып, ежіктеп оқып беруге қай-қайсының да шамасы жетеді. Демек, тіл-құрал мәселесінде ешқандай кілтипан жоқ. Сөйтіп, барлық істе коммунизм идеялары салтанат құрып жатқан. Осы тұрғыдан алғанда, Рахман-Ата ауылының қазаққа үш қайнаса сорпасы қосылмас еді. Тек мектеп қана. Аралас. Аралас болғанда, он сынып – қазақ, жиырма сынып – орыс. Тіл тұрғысынан. Ал басқа, мәнсіз жағынан келсек, мектептегі тоғыз жүз баланың сегіз жүз тоқсан бірі – қазақ, тоғызы ғана үстем ұлттардан, жіктеп айтсақ, екі орыс, төрт неміс, бір көрей, екі ұйғыр баласы бар. Бір кезде осы, нәсілі артық, өктем ағайындардың талабымен орысша жарты, ширек сыныптар ашылып еді, бірте-бірте қазақтардың есебінен бүтінделіп, үдемелей өсіп, осындай тамаша көрсеткішке жетті. Коммунизмге тақаған әрбір сағат сайын қазақша сыныптар шетінен мүжіліп, біржола жойылуға тиіс еді. Сонымен, Рахман-Ата ауылының, әрине, ол кездегі атауы басқа, әлде Бірдеңе-ское, әлде Сірдеңе-кә, бұл Бірдеңенің кім екенін, Сірдеңенің нендей мәні барын ешкім білмейді, бірақ бәрі де заңды, осы Бір-Сір-ское-кә ауылының жарқын болашағына ешқандай күмән жоқ-ты.
Өстіп жүргенде, қалай екенін тағы ешкім білмейді, жер шарын тітіретіп, жарты әлемді табанына басып тұрған советтік жойқын мемлекетіміз тырапай асып құлады. Шылпара ыдырады. Құлағаны ештеңе емес, біз орнымызда тұрмыз. Ыдырағаны ештеңе емес, біз тұтаспыз. Мына қырсықты көрмейсіз бе, ең жоғарыда отырған Қандышеке Жалтырбас патшаның ақымақтығын пайдаланып, бұдан бір саты төмен болса да, батырлығына баққан Кертпеш мұрын Қалыңшаш кінәз Ұлы Ресейдің өзін ділі бөлек Балт жұртынан, мінезі бөлек Қапқаздан, діні бөлек Орталық Азиядан азат, тәуелсіз ел деп жариялады. Жалтырбас пен Қалыңшаш өзара билікке таласқан текетірес үстінде қызды-қыздымен жүріп, Қазақстанды ұмытып кетіпті. Біз не істеуіміз керек? Мәскеуді шауып алып, бәрін қалпына келтіруге қауқарымыз жетпейді. Ендеше, амал жоқ... біз де еркінбіз! Егемен Ел атанып, ойнақтап шыға бердік.
Бұл тарихи оқиға турасында сол күні, сол апта, сол айда Рахман-Ата ауылы естіді, естімеді – бәрібір, ешкім қуанған жоқ, ешкім ренжіген де жоқ, баяғы мүлгіген қалпында тұра берген. Бірақ заман адамды еркіне қоя ма. Көп ұзамай-ақ, Рахман-Ата жұрты егемендіктің мәнісін аңдай бастаған. Өзінің емес, басқаның егемендігінің.
Алдымен бір жойыт кетті. Қияндағы тарихи отанына оралмақ. Жетпіс жетінші бабасы бұдан екі мың жыл бұрын зорлықпен ауған екен. Содан Еуропадан асып, Ресейді басып, бізге жеткен. Енді өзінің жаңадан құрылған ежелгі ұлысын көркейтпек. Рахман-Ата ауылы оң сапар тіледі.
Содан соң үш неміс. Жетінші аталары бұдан екі жүз жыл бұрын бақыт іздеп көшкен екен. Әуелде көшкен, кейінде көшірген. Ақыры бізге орныққан. Енді жарылған бөлшегімен қосылып, айрықша қуат тапқан бай жұртымен қайта табыспақ. Рахман-Ата ауылы жылап айрылысты.
Содан соң төрт орыс. Екеуі, әлбетте, өздері емес, үшінші аталары, бұдан жүз жыл бұрын, осы өлкені түземдік жабайылардан тазарту үшін келген екен. Енді біреуі, әрине, өзі емес, әкесі, қаншама пәрменді іс-әрекет жасалса да, мүлде тазармай қойған өңірге тәртіп орнату үшін бұдан жетпіс жыл бұрын келген екен. Енді бірі, атасы емес, әкесі емес, өзі, тусырап, иен жатқан кеңбайтақ жерді игеру, надандықтан арылмаған жергілікті халықты мәдениетке жетелеу үшін бұдан қырық жыл бұрын келген екен. Бұларға да рақмет. Тарихи миссияларын орындады. Енді ежелгі мекеніне қайтқысы келіпті. Өте қиын болды. Ел болып үгіттеп, тоқтата алмады. Кетті. Рахман-Ата ауылы тостаған соғыстырып, буыны босап айрылысты.
Енді екі көрей... Тегі басқаны шығарысып жүргенде түрі туыс ағайындардың қайда кеткенін ешкім аңдамапты. Рахман-Ата ауылы өкпелі қалды. Сол екі ортада жалғыз ұйғыр да зым-зия жоғалған. Ең жақыны сол сияқты еді, тым құрса қоштасуға жарамапты. Рахман-Ата ауылы реніште қалды. Бірақ ешқайсысын да кек тұтпаған, жарар, жолдары болсын дескен.
Сөйтіп, бізде жеті ұлттың өкілі бар деп мақтанатын ауылда екі-ақ ұлт қалды. Яғни, бұрынғыдан да көбейіп, ұзын саны алты жүз қырық түтінге жеткен қалың қазақ және жалғыз үй – шүйкедей әйелі, аурушаң, кішкентай қызы бар, ата-тегі, нәсіл-тұқымы белгісіз, әйтеуір қазақ емес шопыр Марат. Фамилиясы әлде Мирзоев, әлде Мирзоян, әлде Мирзозаде, бәлкім, Мирзопуло. Аты Марат. Иә, онысын айттық. Социализм кеңістігіндегі барлық ұлтқа ортақ, әдемі әрі айбынды есім. Марат Мирзо... Ұлты бұлдыр болған соң өзі де есепке ене бермейтін. Әуелден-ақ. Енді мүлде ескерусіз қалды. Яғни, түгел қазақпыз деп ойлаған Рахман-Ата ауылы өзінің интернационалдық борышын ұмытқан. Бірақ көп ұзамай-ақ тәубасына түсіп еді.
Біреулер үш жүз жыл дейді, біреулер мың жыл дейді, біз жүз елу жыл деп ешкімді инандыра алмай қойдық, қайткенде де ұзақ сағындырып жеткен тәуелсіздіктен соң арада әлде екі-үш жыл, әлде бес-алты жыл өтті-өтпеді, берісі – аудан, ортасы – облыс, арысы – республикадан арнайы комиссия келген. Жапа шегіп, жазықсыз шырқыраған бес бірдей шағым хат ізімен. Бірін жазған – М.Мирзоев. Екіншісін жазған – М.Мирзоян. Үшіншісін жазған – М.Мирзозаде. Төртіншісін жазған – М.Мирзопуло. Бесіншісін жазған – М.Марат... Осы бесеуі – бір-ақ адам екені бізге белгілі. Іздестіре, тексере келе, мәртебелі комиссияның да көзі жетті. Бірақ бұдан іс мәнісі өзгере ме. Өзгермейді. Бірі – орыс тілінде, оқушы дәптерінің ортасынан жұлынған қос парағына, бірі – қазақ тілінде, әлденендей есеп-кіріс кітабының төңкерілген сызық-сызық бетіне, енді бірі – аралас, орыс-қазақ тілінде, табақтай сары қағазға, тағы бірі – тағы аралас, қазақ-орыс тілінде тебінгідей көк қағазға, және бірі – белгісіз тілде, ауылдық пошта бөлімшесінің тілгарам бланкісінің шетінен тігілген тоғыз жапырақ қағазына қатарынан жазылған қаншама арыздың шырқырай қосылған жан даусы Алатауға жаңғырықты. Басында таңырқайсыз, ортасында шо¬шынасыз, аяғында өзіңіз де шырқырап кетесіз.
Рахман-Ата ауылында адамгершілікке жат, тек фашистік жүйеге ғана тән қанқұйлы ұлтшылдық қалыптасып отыр депті хат иелері, яғни, бес хатты бірдей өз қолымен жазған Марат Мирзо-ев-ян-заде-пуло. Қазақ ұлтшылдары зұлым озбырлықпен Рахман-Ата ауылын Ұлы Россиядан мүлде бөліп алып, заңсыз түрде өздерін Егемен Ауыл деп жариялады. Ешкімнен сұраған жоқ, халықтың еркінен тыс, қылмысты іске аяқ басты. Енді міне, бүкіл әлем қауымдастығынан қаймықпай, өздерінің қара ниет, арам істерін жүзеге асыра бастады. Бұл жер қазір Рахман-Ата ауылы деп аталады. Тарихқа көпе-көрнеу қиянат. Бетпақ арсыздық. Бұл жердің ежелгі атауы – Бірдеңе-ское. Жаңа өлкені игерудің тірек-тұтқасы болған, бір кезде, ол да заңсыз, Алматы деп өзгертілген Сенімді қамалды жабайы түземдіктерден қорғап тұрған алғы шептердің бірі еді. Осы Далалық өлкені қарулы күшпен бағындырып, Ұлы Россияға мәңгіге қосып берген Жандарал өз қолымен негізін салған. Бірдеңе-ское! Естеріңізде болсын! Артта қалған өлкені жабайылардан біржола тазартып, жаңаша игеру дәуіріндегі аты – Сталин колхозы. Содан соң, иен жатқан тың жерді ұйпалау кезінде Сірдеңе-кә болды. Енді тағы жаңартып отыр. Жарайды, заман өзгерді, қалпына келтіріңіз. Онда – Сталин. Сталиннен қорықсаңыз, әуелгі тарихи атауы – Бірдеңе-ское. Бірақ олай жасамады. Кім екенін шайтан да білмейтін қайдағы бір Рахманчик. Ол аз болғандай, Аташка. Күлетін ештеңе жоқ. Жылауға да болмайды. Дабыл қағу керек. Қасарып қарсы тұру керек. Әлемдегі ақ ниетті адамдар мұндай масқараға жол бермеуі керек. Бұл атаудың астарында тарихты қайта жасау талабы бар. Нағыз дүлей ұлтшылдық. Әуелгі нәтижесін көзбен көріп отырмыз. Бұрын осы шағын ғана Бірдеңе-ское колхозында, одан кейінгі өсіп-өркендеген Сірдеңе-кә совхозында советтік жеті ұлттың өкілдері ұлы орыс халқының ағалық қамқорлығы арқасында тату-тәтті, бақытты ғұмыр кешіп жатыр еді. Міне қараңыз, сондағы қазақтан басқа ұлттардың бүгінде жұқанасы да жоқ, бес ұлт безіп кетті, алтыншы ұлттан жалғыз мен ғана қалып отырмын. Өйткені, баратын жерім жоқ, менің тарихи отанымда, совет өкіметі құлап, жергілікті ұлтшылдар билік басына келгеннен беріде, саяси тұрақтылық бұзылған, ондағы жұрт бірін бірі сойып жатыр, енді қайда барам. Біртұтас, құдыретті Советтер Одағының бөлінбес бөлшегі ретінде, өзім туып-өскен, еңбегім сіңген Рахман-Ата, ежелгі, тарихи Бірдеңе-ское ауылын екінші Отаным деп есептеуші едім. Мұндағы жағдайды тағы көріп отырмын. Осы ауылды көркейткен, сауатын ашып, мәдениетке жеткізген орыстар, осы ауылдың шаруашылығын көтерген немістер мен көрейлер, осы ауылға білім шашқан жойыттар, осы ауылды жеміс-жидекпен қамтамасыз еткен ұйғырлар рухани қысымға, ұлттық езгіге түсіп, жеке бастарының қауіп¬сіздігіне тікелей қатер төнген соң, көшіп кетуге мәжбүр болды. Әуелі бұлардың бәрі жұмыстан шығарылды, орыс тілінде сөйлеуіне тыйым салынды, тіпті, тас атып, көшеде жүргізбеді. Күн сайын үйіне келіп қорқытады, ұрып-соғады. Кетіңдер, үйлеріңді тегін тастап, тезінен көшіңдер дейді. Әйтпесе, кішкентай балаларыңнан бастап, түгел бауыз¬даймыз дейді. Нәтижесінде, амал қанша, осы ауылдағы еңбекшіл, адал орыстар мен немістер, көрейлер мен ұйғырлар, жойыттар мен тағы бір ұлт өкілдері жылай-сықтай, еріксіз көшуге мәжбүр болды. Енді менен құтылғылары келіп отыр. Жеке басыма, үлкен шаңырағыма қатер төніп тұр. Үйімді өртей ме, тереземнің түбінен бомба жара ма, әлде қызымды зорлап, әйелімді қорлап, өзімді азаптап өлтіре ме – білмеймін. Амал жоқ, бас ауған жағыма мен де кетем. Тек төртінші кластағы бейшара қызымның мектеп бітіруін ғана күтіп отырмын депті. Ал мектептегі баланың жағдайы тіпті қиын көрінеді. Орыс тілді кластарды түгел далаға айдап шығып, тоғыз жүз балалық үлкен мектепті бастан-аяқ қазақтандырған. Бұрын орыс-қазақ аралас мектебі аталушы еді. Қазір қазақ кластарын түгел жауып, таза орыс мектебіне айналдырдық деседі. Сыртқы көзге ғана. Оқушылар түгел қазақ, мұғалімдер түгел қазақ, сонда қайдағы орыс мектебі? Осыдан өткен аярлық бола ма? Бұларға не дауа? Ешқандай ем жоқ депті. Бірақ әлі де, ауданның, облыстың, республиканың, бұрын партиялық қызыметте шыңдалған, адал интернационалист, ақылды әрі іскер басшыларынан үміт күтем. Түгел болмаса да, біраз билік осы жолдастардың қолында тұр деп ойлаймын. Егер, депті хат соңында Мирзо-ев-ян-заде-пуло, осы жанайқай өтінішім қаперге алынбаса, мен Ресейдің Думасына жазам, Американың Сенатына жазам, Германияның Бундестагына жазам, Жириновский мен Солженицынға, Кәримов пен Ақаевқа жазам. Біріккен Ұлттар Ұйымының алдында, Ұлыбритания королевасының алдында мәселе көтерем. Қазіргі заманда жеке бастың құқығын таптауға ешкімнің де хақысы жоқ. Мен өлем, бірақ ақырғы тамшы қаныма дейін өзімнің адамдық ар-намысымды қорғап өтем!..
Аудан, облыс, республика деңгейіндегі әртүрлі жауапты қызымет өкілдерінен құралған жиырма жеті кісілік мәртебелі комиссия Рахман-Ата ауылы мен Қаскелең арасында, Қаскелең мен Алматы арасында, Алматы мен Рахман-Ата арасында үш ай сабылып жүріп, үш-төрт жүз кісімен сөйлесіп, қырық төрт беттік байыпты қорытынды пікір жазды, бүлікшіл ауылдың әйел-еркек, кәрі-жасын түгел жинап, төбесінен су аққан, едені тесіліп, қабырғасы шытынаған бұрынғы абажадай мәдениет үйінде елдің болашағы үшін шешуші маңызы бар мәміле жиын өткізді. Әлбетте, жеткілікті мөлшерде тәртіп сақшылары келген, ал жапа шегіп, жан түршігерлік арыз жазуға мәжбүр болған Марат Мирзо-ев-ян-заде-пуло құрметті қарауылдың панасында, мәртебелі төралқада отырды.
Жиналыс салтанатты тылсым жағдайында ашылды. Әрине, ұлы халықтың ұлы тілінде. Бұдан соң күн тәртібі жарияланды. Орысша. Енді мәртебелі комиссияның қорытынды пікірін қалың жұртшылыққа мәлімдеу үшін төрағаға сөз берілген. Қазақша. Сол кезде жапа шегуші Мирзо... - пуло жын ұрғандай атып тұрды.
— Сендер тағы қайда тартып бара жатырсыңдар? – деді. – Қалай бастадыңдар, солай жалғастырыңдар! Жиналыс бастан-аяқ ұлы орыс тілінде өтуге тиіс. Мен сендердің балдыр-батпақ тілдеріңді түсінбеймін! – деді.
Қазақша. “Сендерден” бастап, “балдыр-батпаққа” дейін түгел қазақша. Өйткені бұл Мирзо-заде қазақша судай болатын, ал орысшаға осы отырған жұрттың көбінен төмен, төмен ғана емес, орта-азиялық-қапқаздық ескі арбадай қиқалақ-шиқалақ, ойқы-шойқы, тым нашар еді. Сөйлегенде. Ал жазуға келгенде, әрине, дыбыстың, екпіннің мәні жоқ, жұрнақ-жалғау тұспалмен ұғылады, ең бастысы – мазмұн ғой, сол мазмұнның мәнділігі арқасында жиналып отыр емес пе осы жұрт. Мазмұн және сенім.
— Сабрания на беликом ыруском аязыке! Иа требуйу!1 – деді өзіне де, басқаларға да сенімді Мирзо-ян-пуло қазақша әлсіз сөзін орысша қуатпен үстемелеп.
Баяндамашы, яғни мәртебелі, өкілетті, толымды комиссияның ақбас төрағасы – облыстық жауапты мекеменің пілдей орынбасар бастығы қолма-қол кешірім өтініп, қорытынды пікірдің жалпыға түсінікті, ұлт-аралық қатынас тілінде жазылғанын, өзінің де тура жолдан ауытқымасын мағлұм қылды. Содан соң, барлық тілге жетік көмекшілер майын тамызып, тігісін жатқызып, шытырлатып жазып берген терең мағналы қорытынды пікір, толымды баяндаманы қазақбайский мүкіс, яғни маңқа-жалпақ акцентпен қақалып-шашалып оқи бастады. Ел арасына кірген әрекеге тоқтау салуға тиіс қырық жеті беттік саяси мәлімдеменің негізгі түйіндері мынадай екен.
Мәртебелі комиссия Егемен Еліміздегі ұлт-аралық келісім, ұлт-аралық татулық мәселесінің өмірлік, шешуші маңызына баса назар аударады. Баянды тәуелсіздік, жаппай әрі қаурыт өркендеу – республикадағы барлық ұлттардың бірлігі мен ынтымағына тікелей байланысты.
Егемен Елдегі атаулы ұлт болған себепті, қазақтардың міндеті өзгеше, жауапкершілігі айрықша. Ақыл-парасат, білім-саясат қана емес, шексіз шыдам, кенеусіз төзімділік қажет.
Осы тұрғыдан алғанда, орыс тілді М.Мирзоев, М.Мирзоян, М.Мирзозаде, М.Мирзопуло, М.Марат мырзалардың атынан көтерілген дабыл біздің өскелең өмірімізде кездесуі мүмкін кейбір келеңсіз жағдайлардың алдын алу тарабындағы ізгі ниеттің көрінісі.
Ұлт-аралық алакөздік – атын атау әбес, елеусіз қалдыру насырға шаптыратын, қай-қайсымыз да терең толғанып, сақтықпен қарауға лайықты, кілтипаны көп, ақыр түбі қатерлі жағдаят.
Сонымен қатар, бүкіл Егемен Еліміз сияқты, Рахман-Ата ауылында да, ұлттар арасында қалыпты, тыныш жағдай сақталып отырғанын атап көрсетеміз. Сонымен қатар, ұлт-аралық келісім тарабында қол жеткен табыстарға мастанбай, бұл аса нәзік істе түсінушілік, ізгілік һәм қырағылық қажетін ұмытпауға шақырамыз.
Рахман-Ата ауылының тұрғындарымен, атап айтқанда, мектеп оқушысынан үй шаруасындағы әйелге дейінгі, жұмыссыз жастан зейнеткер қартқа дейінгі аралықтағы үш жүз отыз тоғыз кісімен сенімді жағдайда өткізілген әңгіме нәтижесінде және облыстық, аудандық сот, прокуратура архивтерін қарастырғанда, аталмыш Рахман-Ата ауылында соңғы жарты ғасырда, оның ішінде, атап айтқанда, Егемендікке қол жеткеннен бергі бес жылда ұлт-аралық алауыздық негізінде әлденендей бір дау, жанжал болғандығы туралы ешқандай мағлұмат, дерек жоғына көзіміз жетті. Тиесілі ғарызнама арқылы дабыл көтерген М.Мирзоев, М.Мирзоян, М.Мирзозаде, М.Мирзопуло, М.Марат мырзалар да осы орайдағы нақты бір келеңсіз оқиға туралы атап айта алмады. Ал Рахман-Ата ауылынан үдере көшкен бес бірдей туысқан ұлт өкілдері, атап айтқанда, төрт орыс отбасы, үш неміс отбасы, екі көрей отбасы, бір ұйғыр, бір еврей отбасылары ешқандай зорлықсыз, өз ерік, қалауларымен қоныс жаңғыртқан. Оларды алыс және жақын шет елдерге кетті деп айтуға да нақты дәлел жоқ. Қазір урбанизация – ауылдан кету, қалаға орнығу заманы. Жергілікті ұлт саналатын қазақтардың өзі сапырылыса көшіп жатыр. Мүмкін, жоғарыда аталған ағайындар да іргедегі Алматыда, немесе республиканың өндірісті басқа бір қаласында жүрген шығар. Бұлардың кейбірі рес¬публикадан тыс жерге кеткен жағдайдың өзінде, бұл – қалыпты мәселе деуге тиіспіз. Біз – өркениетке, демократияға аяқ басқан елміз, тең құқықты азаматтардың жүріс-тұрыс, ауыс-күйісін шектеуге ешкімнің де хақысы жоқ. Ал осы орыс тілді ағайындардың үй-жайларының барлығы да заңды жолмен, кейде тым қымбат бағаға сатылғаны анықталды. Қазір иеленіп отырған қазақтардың бәрінің де қолдарында сату-алу туралы тиесілі құжаттары бар екен. Бұл құжаттардың нотариус растаған көшірмелері осы қорытынды пікірдің соңына тіркеліп отыр.
Жұмыс мәселесіне келсек, кезінде арнайы мемлекеттік қаулы бойынша, ескі социалистік қоғамның қалдығы ретінде, колхоз, совхоз атаулы түгел таратылғаны белгілі. Яғни, М.Мирзоев, М.Мирзоян, М.Мирзозаде, К.Мир¬зопуло, М.Марат мырзалардың ешқайсысы да жұмыс мәселесінде ешқандай арнайы қысасқа ұшырамаған. Рахман-Ата ауылындағы еңбекке жарамды екі мың жеті жүз елу бір адамның екі мың жеті жүз қырық тоғызы жұмыссыз. Мектеп мұғалімдерін есепке қоспасақ, әкімшілік-басқару негізінде жұмысқа тіркелген – екі-ақ адам, ауыл әкімі мен оның орынбасары ғана. Яғни, Мирзо-ев-ян-заде-пуло мырзалар осы Рахман-Ата ауылындағы жергілікті ұлт өкілі – қазақтармен құқықтық теңдік жағдайында жұмыссыз отыр.
Мектеп мәселесі әжептәуір күрделі. Бұдан жеті жыл бұрын аталмыш орта мектепте сегіз жүз бала оқитын. Ұлттық тұрғыдан жіктегенде: сегіз жүз тоқсан бірі – қазақ, тоғызы – орыс тілді балалар. Бұлардың бәрі бір корпуста, орыс және қазақ кластарында жеке-жеке оқыған, мектеп – аралас орыс-қазақ атанған. Қазір, яғни биылғы жылы аталмыш мектепте бір мың екі жүз тоқсан бес бала оқиды. Ұлттық тұрғыдан жіктегенде: бір мың екі жүз тоқсан төрті – қазақ, орыс тілді оқушы – біреу. Осы құрметті оқушының өзімен, және класс жетекшісі, және басқа да мұғалімдермен жылы жүзді әңгіме кезінде осы бір аяулы баланың әлденендей ұлттық қысым, немесе тілдік шектеу тұрғысында жәбір-жапа шегіп жүргені туралы сезікті жағдай байқалмады. Қайта, керісінше, өткен жылы үш сабақтан бірдей үлгермей жатқанына қарамастан, келесі класқа сәтімен көшіріліпті. Өте дұрыс болған. Ал мектептің таза қазақ оқу орнына айналғаны турасына келсек, шағым хат жазып, дабыл көтеруші Мирзо мырзалар іс жайын жете зерттемегені байқалады. Бұрын, яғни Егемендікке дейін бұл мектепте он қазақ сыныбы, жиырма орыс сыныбы болған екен. Қазір, яғни Егемендіктің жетінші жылы, жалпы қазақ қауымының ұлы орыс тіліне деген ынта-ықыласы бұрынғы, социализм кезіндегіден де артып, қуатты өрлеу туғызған себепті, қазақ ата-аналары өздерінің балаларын жаппай орыс кластарына көшірген. Сөйтіп, қазіргі, яғни Егемен заманда отыз жеті сынып түгелдей орыс тілді болып шыққан. Бұл, әрине, үлкен жетістік. Бір өкініштісі – мектеп бұрынғыша «орыс-қазақ» аталады екен. Көзбояушылық па, салғырттық па, әлде жауапсыздық па. Мектеп басшы¬лығына, аудандық оқу бөліміне қатаң ескерту жасалды. Оқу орны өз атымен, орыс мектебі деп аталуға тиіс. Біздің еркін елімізде ұлтқа, нәсілге тарту жоқ. Орыс деген – құрметті деген сөз. Сонымен қатар, мектеп мұғалімдерінің ұлттық құрамы бірыңғай, түгел қазақ болып кетуі – тәрбие жұмысының төмендігін көрсетеді. Алыс ауыл, автобус жоқ, жарық өшіп қалады, көлденең ешкім келмейді деген – құрғақ желеу. Орыс ұлтты мұғалімге көтерме еңбекақы тағайындап, үй-тұрмыс жағдайына қамқорлық жасаса, неге келмеске. Егер басқадай жұмыс орындары табылып жатса, оған да арнайы жалақы тағайындап, орыс, орыс болмаса, орыс тілді азаматтарды көптеп шақыру қажет. Моно-ұлтты, яғни тек қазақтар ғана отырған ауыл мәдениеттен тыс қалмағанда қайтпек. Осы ауылда тым құрса он орыс отырса, автобус та уақытында қатынар еді, жарық та сөнбес еді, өркениетке тән басқа да игіліктер өзінен-өзі келіп жатар еді. Осыны қалайша түсінбейсіздер. (Әңгіменің әуелгі бетіне көз салыңыз, – Авторлық ескертпе).
Сөз соңында атап айтамыз. Бүкіл Егемен Еліміздегі сияқты, Рахман-Ата ауылындағы ұлт-аралық қатынас қалыпты жағдайда, ауыл әкімшілігінің, ауылдағы саналы азаматтардың толық бақылауы астында. Әйтсе де, әлденендей бір қақтығыс, жанжалдың алдын алу, қажет болған жағдайда арашаға түсу және, құдай сақтасын, бірдеңе бүлінген жағдайда қатаң шаралар қолдану үшін Рахман-Ата ауылында полиция бөлімшесін ашу турасында тиісті министрлікке беделді ұсыныс жасалды.
Осы тұрғыдан алғанда, дер кезінде мәнді мәселе көтерген М.Мирзоев, М.Мирзоян, М.Мирзозаде, М.Мирзопуло, М.Марат мырзаларға алғыс айта отырып, алдағы уақытта Рахман-Ата ауылында ұлт-аралық жанжалға жол бермеу керегін қатты ескертіп, Егемен Ел иесі қазақтар мен осы Елдің тең құқықты, орыстілді азаматтары арасындағы татулық тарабында нақты шараларды жүзеге асыру қажетіне ауыл әкімшілігінің айрықша назарын аударамыз және міндеттейміз.
Мәртебелі комиссияның ең жаңа компьютерге басылған қырық тоғыз беттік қорытынды пікірінің ақиқат шындығын куәландырып, комиссия төрағасы және қалған жиырма жеті мүше тегіс қол қойған. Бұл мүбарак таңбалардың шындығын айғақтап, бедерлі мөр басылған. Мінекиіңіз!
Хатқа түскен екі жарым сағаттық сөз соңында өзінің де миы айналып кеткен ақбас төраға, манағы, орыс тілділер тарабынан айтылған ескертпені бір сәт ұмытып, қайтадан жалпақ қазақшаға көшті:
— Ау, ағайындар, – деді. – Осы ауыл түгел қазақ екенсіңдер, араларыңдағы жалғыз өзбектің тілін таппайсыңдар ма? – деді.
Жұрт үнсіз. Ұйқыдан оянған жалғыз кісі – жалғыз орыстілді Марат шар ете түсті:
— Мен өзбек емеспін!
Мәмлегер төраға сасып қалды. Сасқаны сондай, түзету, не кешірім сұрау орнына, орыстілді азаматтың өзіне қазақша сөйлеп жіберген:
— Онда әрмен боларсың?
— Сенің өзің әрмен! – деді Марат шақ етіп.
Ақбас төраға қызарып кетті.
— Әскәрблайт етпеңіз, пажалыста... – деді.
— Әскәрблайт етіп тұрған – сенсің! – деді Марат.
— К-к-кешіріңіз... – деді мүлде тұқырған төраға. – С-с-сон-да сіз... қазақ боласыз ба?
Марат қарқылдап күлді:
— Тапқан екенсің мазақ қылатын кісіңді. Сен қазақсың. Сендер – қазақтар адал совет адамдарын ұлтқа бөлдіңдер. Қысым жасадыңдар және жасап келесіңдер, әлі жасап отырсыңдар. Менің ұлтымның не керегі бар саған?
— Шырағым-ау, бар пәле сол сенің ұлтыңның бөтендігінен шығып отыр ғой, – деді мүлде жер болған төраға енді намысқа тыртысып.
— Пәле менің ұлтымның бөтендігінен емес, сендердің ұлтқа бөліп, алалаған теріс пиғылдарыңнан шығып отыр, – деді Марат. – Мен не деп жаздым, өздерің үш ай бойы тексеріп, ақиқатын бұрмалаған хатта? Енді, әділ билік айтудың орнына менің ата-тегімді тексергің келеді. Ұлтшылдық деген осы. Балық басынан шіриді. Ұлтшылдық осы ауылдан емес, Алматыдан, жоғарыдағы сен сияқты көсемдерден басталған!
— Сіз олай жала жаппаңыз, – деді қатардағы комиссия мүшелерінің бірі бастығын арашалап. – Төрекең – адал адам. Келіні орыс, күйеу баласы татар. Нағыз интернационалист...
— Сізден ақыл сұраған, ақпар сұраған ешкім жоқ, – деді Марат. – Мен өзімнің азаматтық құқығымды қорғаймын. Мен жұмыссызбын – жұмыс тауып бересіңдер. Әйелім ауру, оған пенсия тағайындайсыңдар. Қызым қазақша білмейді, білгісі де келмейді, өңшең миғұла, бұзақы ауыл балаларының арасында оқи алмайды, болашағына қатер, өміріне қауіп – қаладағы арам қазақтар оқып жатқан ағылшын мектебіне орналастырасыңдар. Әйтпесе, ертең осы әділетсіз комиссияның өзінің үстінен Республика президентіне жазам. Президенттің өзінің үстінен Американың Сенатына, Россияның Думасына, Германияның Бундестагына жазам. Швециядан саяси баспана сұраймын, – деді.
Деді де, шырт түкіріп, төралқадан түсті. Абдырап отырған жұртты қақ жарып, мәдениет үйінің топсасы түскен үлкен есігін ойбайлата ашып, тарс еткізіп жапты да, шығып жүре берді.
Бүрсігүні емес, ертеңіне емес, сол күні кешке жазуға отырған. Марат Мирзо-ев-ян-заде-пулоның адам айтқысыз ұлттық және нәсілдік қысас астындағы жан ашуынан шырқырап шыққан, Америка Сенатына, Ресей Думасына, Германия Бундестагына, Солженицын мен Жириновскийге, Біріккен Ұлттар Ұйымына, ең ақырында, Қазақстан Республикасының президентіне жазған шағым хаттары межелі жеріне жетті-жетпеді, Егемен Еліміздегі ең үлкен кеңседен бастап, ең төменгі, аудандық, ауылдық әкімшілікке дейінгі аралықты түгел апыр-топыр қылды. Терісі жұқаның зәресін ұшырып, терісі қалыңды сарсаңға түсірген. Ақыры...
Арада екі жыл өтті. Мараттың жалғыз қызы қазір Алматыдағы пәленбай деген таңдама лицейде тегін оқиды. Жатын орны жайлы, тамағы дәмді – бәрі де Егемен Елдің мойнында. Оқу – орысша, ағылшынша. Қосымша тіл ретінде – неміс, испан, француз, түрік. Мараттың ешқашан еш жерде жұмыс жасамаған, арнайы тексергенде жиырма төрт мүшесі түгел жөн болып шыққан әйеліне әлде еңбектік, әлде аурулық, әйтеуір жоғары кесімді арнайы зейнетақы тағайындалды. Ай сайын алып тұрады. Кейде, зейнет ақша уақытында түспей қалғанда, жұрт қатарлы күтпейді, әкімнің өз қалтасынан суырып алады. Мараттың өзі... әкімшілікте бірдеңе деген жаңа штат ашылып, соған тіркелген. Жоғарыдан, арнайы белгіленген мол жалақысы бар, ешқандай міндет, шаруасы жоқ, жауапкершіліктен, күнделікті келіс, жүрістен ада, жатып ішетін рақат бір қызымет. Ішсін, жесін, егемендіктің қызығын көрсін. Тек қана тыныш отырсын. Тыныштық берсін. Біздің жаңа ғана ту көтерген жас Республикамыз үшін ұлт-аралық келісімнен қымбат не бар. “Бастан құлақ” емес, бір тал шаш, бір тал шаштың бір үзік қылшығы садаға кетсін де.
Осымен болды, риза қылдық, өзіміз де барақатқа жеттік деп ойлаған бейбітшілік сүйгіш ағайындар.
Жоқ. Мұның бәрі – әуелгі, мысық-тышқан ойын ғана екен.
Алғашқы шаруалар баян тауып, бойға сіңген кезде Марат Мирзо сәнді сарай сұрады. Сәнді сарай болғанда, үлкен ауылдың бұрынғы бала-бақша ғимараты. Күні кешеге дейін әйтіп-бүйтіп істеп тұр еді. Ақыры, өткен заманның ең соңғы қалдығы ретінде ол да құлаған. Жұртта бала бар, ақша жоқ. Әкімшілікте ақша бар, бірақ бұл орынға қарастырылмаған. Өзінен-өзі жабылды. Мекеме ретінде. Ал үлкенді-кішілі он екі бөлмелі, ат шаптырым ойын алаңы, мол кесімді бағы бар еңселі, аппақ ғимарат өз орнында. Сол қаңырап қалған мекен-жайды басы бүтін сұраған. Ауыл әкімі бергісі келмеді және ешқандай қисыны жоқ. Бермеймін деп айта алмады – өзінің үстінен арыз жазса ештеңе емес, тып-тыныш отырған ауылда ұлт-аралық жанжал шығып кетуі мүмкін. Ауданға сілтеді. Аудан – облысқа. Облыс... одан да жоғарыға. Ақыры алды. Алар-алмастан... алмай тұрып, әуелгі, сәнді сарай сұраған күннің ертеңіне жер даулап еді. Осы ауылда қырық жыл жұмыс жасаған, оның үстіне ретін тапқан кейбір қарт еңбеккерлер бұрнағы бау-бақшалы аймақтан үлкенді-кішілі үлес алған болатын. Ауылға кейінде ғана келген М.Мирзо бұл тізімге ілінбеп еді. Енді ілінуі керек. Соңынан емес, бел ортасынан. Ауылдағы орыстілді жалғыз неге қағажу көрмек. Сәнді сарай мәселесі бір тарап, жердің жөні басқа. Тиесілі мекемелердің бәрінің босағасын тоздырған, ауданнан астанаға дейінгі аралыққа арыз-ғұрызды тау қылып үйіп тастаған. Ақыры, жоғары жақтан бұл қағазға да қол қойылған. Баяғы алма бағының аман тұрған, мемлекет есебіндегі бір пұшпағы. Тұтас төрт гектар жер. Жоғарғы, сол жақ бұрышында “Ұлттық алалау болмасын, мәселе оңтайымен шешілсін!” – деген бұрыштамасы бар, үлкен кісінің арбақ-сарбақ қолы бар екі бірдей арыз қайта айналып, өз алдына түскенде... әуелде ғажайыпқа таң қалған, ізінше иманы ұшып қорыққан, ең аяғында іші ашып, ыза буған ауыл әкімі жүрегін ұстап жығылды дейді. Жай ғана күйік емес, өртенген дерт. Кеудесі шытынаған кесел. Инфаркт. Әуелі ауылда жатты, одан ауданға өтті, одан облысқа жөнелтілді. М.Мирзо жазған арыздардың жолымен. Төбеден ұрған қағазға, қатты тебіреніс үстінде қол қойып үлгермеген екен, бірақ ешқандай күмән жоқ, аман-есен қайтып келген соң сүйкектете сызып, біржола бекіткен белгісі ретінде мөрін басса болғаны.
Бұл кезде Марат Мирзо-ев-ян-заде-пулоның ұлттық қысымнан серпім алған күш-қуаты өзінің шарықтау шегіне жетіп еді. Он екі бөлме үйіңіз не, үш-төрт гектар жеріңіз не, бүкіл ауылды, ақбас Алатаудың осы тұстағы барлық шың, шоқыларымен қоса өз атына көшіріп алуға шамасы жететіндей. Күн озған сайын қайраты қабындап, жігері тасып барады. Алда тағы қаншама игілікті істер тұр. Тек мына боркемік әкімнің жатып қалғаны. Соған қарап тұрған шаруа орнына келсе, адамдық құқығы үшін күрестің үшінші, ең мәнді кезеңі басталмақ. Қашан? Уақыт өтіп барады. Бір шаруа бөгеліп тұр деп, екіншісін іркуге бола ма. “Темірді – қызған кезінде” деген, бөгелудің өзі қылмыс. Мұндайда қазақ “Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала” деген. Арбадан бұрын көзеп жүрген дорба дәл қасында тұрған. Өзінің көршісі. Көрші болғанда, қатарлас емес, іргелес, жалғас. Қанат деген жігіт. Екеуінің бақшалық жері түйісіп жатыр. Бір шетте – Қанаттың үйі. Екінші шетте – Мараттың үйі. Аралық – бау-бақша. Тек Қанаттың жері екі есе үлкен. Мараттың жері де әжептәуір. Он сотық. Бірақ Қанаттың жері одан да үлкен. Жиырма сотық. Әділдік қайда? Сол әділдікті өз қолымен орнатуға кірісті. Тікелей кірісті. Әйтпесе, дайындық жұмыстары өткен, арғы жылдарда басталған болатын.
Бұрын екі үйдің артқы шегін бөліп тұрған шарбақ бар еді. Шарбақ деген аты ғана. Тауық өтпес үшін тартылған ілдебай. Марат алдымен осы шарбақты алып тастаған. Бірақ лақтырмады. Бой-бойымен қораға жинап қойды. Содан соң өзінің картоп егісін жарты метрге жылжытты.
— Әй, көрші, бері өтіп кетіпсің ғой, шекара – мына екі бұрыштағы қу теректің түбірі! – деген Қанат.
— Ой, көрші, сенікі, менікі дейтін не бар, байқамай қалыппын, жарты метр емес, отыз бес сантиметр, осы жерге шыққан картошканы өзің-ақ ала ғой, – деді Марат.
— Е, жарайды, картошка өзімде де бар, тұра берсін, – деген, ұялып қалған Қанат.
Ертеңіне Марат құдайы көршісіне:
— Мынау екі шыбық – асыл тұқымды алмұрт, тамыр салғанша сенің жеріңе шаныша тұрайын, ендігі жылы анау ескі өрікті құлатып, соның орнына егем, биыл жеміс берсін, обал көріп тұрмын, – деген.
— Бұл жерге мен картоп егем, – деді Қанат.
— Сида шыбық қой, көлеңкесі түспейді, көп болса, төрт түп картопты кем егерсің, есесіне бергі жақтан он түбін ала ғой, – деді Марат.
Қанат тағы да ұялып қалды.
— Жоқ, рақмет, ештеңенің керегі жоқ, еге бер, – деді. Өз жеріңе де көлеңкесі түспейді, онсыз да менің есебімнен артық картоп егіп отырсың ғой, деп айтуды ұсақтық көрді.
Бұл – алдыңғы жылғы елеусіз оқиға. Былтыр асыл тұқымды алмұрттың екі шыбығы сол орнында қалды. Әуелі есіне салғанда ертең алам деген, содан соң бүрсігүнге сілтеді, екі апта өтті, ақыры Қанат үшінші қайтара айтқанда, қол тимей жүріп уақытын өткізіп алыппын, енді жаңа жерде тамыр тартпайды, қурап қалады ғой, биылша тұра тұрсын деген. Қанат тағы да бас изей салды. Сол күні көршісінің картоп егісі тағы да бері, бұл жолы жарты метр емес, тура үш метрге жылжығанын көрді. Бірақ қақылдап айтып жатуды ыңғайсыз санаған. Шекара белгілі – екі жақ қапталдағы екі теректің түбірі. Ал биыл... Баяғы екі шыбық әжептәуір ағаш болып қалған.
— Осыны алмай-ақ қояйын, – деді Марат. – Менде онсыз да жалғыз-ақ бала, бір бұтағы жетеді. Қалғанын түгел сенің балаларың жесін. Былтыр көшіру керек еді, енді кеш.
— Менің өз алмам да көп, бұл жер – бақшалық, картоп егіп жүрмін ғой, – деді Қанат.
— Картопты әрірек, ашық тұрған жерге екпейсің бе. Дақылды жаңартып отыру керек, – деді Марат.
Қанат ойланып қалып еді. Ертеңіне қараса, көршісі бұрынғыдан да бері жылжып, баяғы екі шыбық – бүгінгі екі алмұрттың төңірегіне түгел картоп отырғызып тастапты.
— Әй, мынау не? – деген.
— Бөліп жейміз ғой, – деді құдайы көршісі. – Жер сенікі, дақыл мен еңбек менікі. Осы жерден кем дегенде алты қап картоп аламын. Екі қабы саған.
— Жоқ, – деді әлдене жамандықты түйсігімен сезінген Қанат.
— Жарайды, үш қап.
— Жоқ, төртеу берсең де келіспеймін. Еккен тұқымыңды жинап ал...
— Жартысына келіспейсің бе?
— Келіспеймін. Жерімді босат.
— Онда өзің біл, – деді Марат ақсия күліп.
Қанат та ыржиды. Осымен сөз бітті деп ойлаған.
Шынында да сөз бітіпті. Көршісі бар сөзді бітіріп, енді нақты іске көшкен. Қанат ертеңіне түске таман есіней оянып, қарнын сипап тысқа шықса, кешегі даулы жер, даулы емес, көршісі шыбық қадап, картоп еккен мұның жері тұтасымен арғы бетке өтіп кеткен. Өткенде, көшпеген, сол орнында тұр, тек бергі жағына шарбақ орнап қалыпты.
— Әй, мынау не?! – деді иен бақшаға айқайлап. Тып-тыныш. — Марат! Марат! – деді содан соң ышқынып.
Иегінің астынан шықты. Қақ ортадағы жуан алма ағашының түбінде құнжыңдап жүр. Әйтпесе, сол ағаштың артында жасы¬рынып, аңдып тұрған. Ашық-жарқын, екі езуі екі құлағында, шайқала талтаңдап шыға келді.
— Е, құдайы көрші, не боп қалды, сонша ойбайлайтындай?
— Мынау не? – деді аузына басқа сөз түспеген Қанат.
— Мынау? Мен отырғызған алмұрт.
— Жоқ, мынау...
— Мен еккен картоп.
— Жоқ, мынау деймін! Шарбақ. Неге?.. – деді Қанат тұтығып.
— Көршілік қақысына жарты өнімін тегін берем дегенге көнбедің. Содан соң жерімізді айқындап қойдым.
— Қайдағы жер?.. – деді Қанат бақырып. – Менің жерім. Әлмисақтан. Ешкімнің таласы жоқ!
— Мынау екі алмұрт кімдікі? – деді Марат.
— Сенікі. Бірақ жер менікі.
— Мынау картоп кімдікі?
— Сенікі. Бірақ...
— Бірағыңды қой, – деді Марат. – Ағаш менікі, жеміс менікі, түбіндегі жер қалайша сенікі болады? Қай сотқа барсаң да маған кеседі. Сенікі зорлық. Ашкөзділік. Әне жатыр ғой далиып. Қалғаны аз ба? Тура он алты сотық. Бәрібір менен көп. Менікі небәрі он төрт сотық. Әлі де артықсың. Сонымен тоқта. Осы жерге ие болсаң да жетеді.
— Жетпейді! – деді Қанат. – Менің жерім!
— Енді менікі, – деді Марат міз бақпастан. – Екеуіміз де Егемен Елдің тең құқықты азаматымыз. Әлде, менен артықсың ба? Әлде, бөтен ұлт деп кеміткің келе ме? – Енді Марат та даусын көтеріп, Қанаттан асырып айқайға басты. – Националист! Шовинист! Фашист! Осы ауылдағы бөтен ұлттың бәрін қуып жібердіңдер. Енді жалғыз маған зорлық жасамақ екенсіңдер! Ол болмайды. Мен Парламентке жазам. Мен Сенатқа жазам. Президенттің өзіне жазам! – Әрбір сөзін шегелей айтқан сайын бір-екі қадам басып, тура шарбақтың шетіне келді. – Ал, өлтір мені! Ұр, соқ! Сендер көпсіңдер. Мен жалғызбын. Талап жеңдер!
Төңіректегі жұрттың бәрі жеміс ағаштарын оңдап, әрқилы дақылдарын егіп, үй іргесінде күйбеңдеп жатқан. Алдымен шарбақтан аттап, оң жақтағы көрші жетті. Содан соң сол жақтағы. Содан соң арғы, одан соң бергі. Таяу төңіректегі оншақты кісінің басы қосылып қалған. Марат өрекпи түсті.
— Ал, жабылыңдар! Ал, сабаңдар! Бұл елде заң жоқ. Сот жоқ. Түгел зорлықшы. Түгел қарақшы. Бәрін жалмап бітіп, енді мен ғана қалыппын. Өлтіріңдер! Өзімді өлтіріңдер! Үйімді тонаңдар! Жерімді бөліп алыңдар!
Осы кезде, ентіге басып, ауылдың орынбасар әкімі жетті. Көлденең өтіп бара жатып, дабырды естісімен, арашаға тұра ұмтылған.
— Бір сұмдықты сезіп едім, – деді бозара қалшылдап. – Тегін жүре алмайды осы біздің жігіттер...
Орынбасар әкімді көрісімен Марат мүлде құтырынып кетті.
— Ал, әкімдеріңмен қосылып жабылыңдар! – дейді. – Өлтіріңдер! Өңшең калбит!
— Әй, ақырын, – деді жарты әкім шыдай алмай. – Байқап сөйлеу керек...
— Сен де қазақсың! – деді Марат. – Сен де осы арамдардың бірісің.
— Әй, өзің сөзге қонақ бер, тұра тұршы, – деді жарты әкім. – Не болды сонша. Қайдан шыққан жанжал?
— Мынау менің жерімді тартып алды, – деді Қанат.
— Әй, не шатып тұрсың? – деді Марат. – Қайдағы жер. Мынау – жеміс бергелі, гүл шашып тұрған екі алмұрт кімдікі? Мынау – жер бетіне қаулап шығып келе жатқан картоп кімдікі? А? Менікі. Кім пайдаланса, жер сонікі.
— Қағазда менікі, – деді Қанат басылып.
— Қағаз қайта жазылады, – деді Марат. – Өйткені әуел баста әділ бөлінбеген.
— Әділ бөлінген, – деді Қанат ызадан тығылып. – Мен осы жерде тудым, осы жерде өстім. Әкемнің жері!..
— Әкесінің жері, – деді жарты әкім. – Колхоздың байырғы мүшесі. Майдангер. Арнайы қаулы бойынша артық үлес берілген. Осы тұстағы бірнеше үй. Жиырма сотық. Ал сенің... сенен бұрынғы үй иесінің жері жалпы жұрт қатарлы, он сотық. Өзің де білесің, қағазда тұр...
— Аузыңды жап! – деді Марат. – Білеміз қағаздың қалай жасалатынын. Ұлттық, нәсілдік кемісітуге жол берілген. Қазір сенің совет өкіметің жоқ. Заман басқа. Мен ұлтым бөтен болса да, Егемен Елдің тең құқықты азаматымын. Көне алмаймын мұндай зорлыққа.
Жарты әкім абдырап қалды.
— Бізде ешқандай кемісіту жоқ, – деді. – Бұрын, совет өкіметінде қалай бөлінгеніне мен жауап бермеймін. Мен қазіргі, қолымдағы құжатқа қараймын. Жер – Қанаттікі. Біздегі түбірде солай.
— Анау, Алатаудың етегіндегі, совхоздың алма бағынан өзің кесіп алған бес гектар жер қай түбірде? – деді Марат.
— Қой, жала жаппа, айналайын, – деді жарты әкім бір түрлі жасқанып. Жөткірініп, еңсесін жазды. – Біздің Егемен Елімізде ұлтқа, нәсілге бөлу жоқ. Барлық адам тең. Ал қазақ... қазақ – ел иесі болған себепті, барлық жауапкершілікті қылша мойнымен көтеруі керек. Ұйтқы болуы керек барлық істе. Барлық жұртқа. Тәуелсіздік – тұғырың. Егемендік – ұраның. Мемлекет – сенікі. Кең болыңдар, жігіттер. Еліміздің баянды болашағы үшін бәріне де шыдайсың. Ұлт-аралық жанжалға жол беру – қылмыс. Мемлекетке қарсы қылмыс. Бізді осы тәуелсіздікке жеткізген Елбасыны етектен алу деген сөз... Егер, – деді жарты әкім Қанаттың бас-аяғына қарап, – әлденендей бір... реніш, алауыздық болса... жол берсең, сұрауы сенен. Заң алдында жауап бересің. Ал, жігіттер, ашу – дұшпан деген, мына Қанатқа ие болыңдар. Жер мәселесі... бүкіл әлемдегі ең қиын мәселе. Ақылмен, сабырмен шешу керек... Мен кеттім, – деді сосын. – Ауданда үлкен кеңес бар еді. Әкім ағамызды жоқтатпау керек. Ал, жігіттер, – деді жадырап. – Мен бәрін айттым. Жауапкершіліктің ауыр басы өздеріңде, – деді. – Қанат, сен ақылды жігітсің, – деді бұрылып жүре бере.
Ақылды жігіт Қанат жұдырығын түйіп, тісін қайзап, қалш-қалш етеді. Қалған жұрт абдырап тұр. Марат ақсия күліп алды. Аудандық маңызды мәжіліске асыққан жарты әкім көзден таса болғанша қабағының астынан кекете қарап, ернін жымқырып тұрды да...
Осы арада ұлт-аралық жанжалға себеп болып кетуі мүмкін құдайы көршілер – Марат пен Қанаттың кескін-кейпін, түр-тұлғасын сыпаттай кеткен жөн болар. Марат, шынында да, қай нәсілден екені белгісіз, өзгеше тұрпатты жан еді. Көзі көк, мұрны үшкір, маңдайы кертпеш, беті жалпақ, тісі шығыңқы, аузы үлкен, өңі қара мен торының арасында. Әлде орыс, әлде татар. Әлде өзбек, әлде әрмен. Әлде тәжік, әлде қалмақ. Әлде әзірбайжан, әлде дағыстан. Түбін қаза келсеңіз, кәдімгі қазақ болып шығуы да ғажап емес. Бір сөзбен айтқанда, Хрущев пен Брежнев арман еткен совет адамының әуелгі бір үздік үлгісі. Орысшасы бар, қазақшаға жетік. Тағы қандай тілдер білетіні белгісіз. Бәлкім, жоғарыда аталған халықтардың бәрінің де тілін біліп шығуы. Бірақ бұған дейін ондай қасиеті де, одан басқа қасиеті де аңдалмаған. Совхозға әлдеқайдан көшіп келіп, тегін, дайын үйге орныққан, қатардағы көп шопырдың бірі еді. Адамды заман жасайды дейді. Қазақстан мемлекеттік тәуелсіздік алғаннан соң бағы көтерілді. Және күн озған сайын өрлей түскені анық еді. Айтпақшы, Маратымыздың бойы метр алпыстың төңірегінде, өзі ілмиген арық, кіп-кішкентай.
Ал Қанат – қазақтың нар тұлғалы жігіті. Екі иығына екі кісі мінгендей, кеудесі – көрік, сирағы – бөрене. Жұдырығы тоқпақтай. Абылай хан заманындағы жекпе-жектің батыры тәрізді. Қараған адамның көзі тояр еді. Тұлғасына ғана емес. Бет әлпеті, көркіне. Бидай өңді, қара көз, қыр мұрын, ай қабақ, сұлу мұртты. Арақ ішпейді, темекі тартпайды. Бар айыбы – оқымай қалғаны. Ол да кемшілік емес екен. Қазір бұрынғы оқығанның бәрі қара базарда жүр. Бұл үйінде отыр. Бір сиыр, бес тұсақ, азғана жері тамағына жетеді. Бұрын да қатардан қалмаған. Совхозда озат комбайншы болды. Екі рет аудандық газетте, бір рет облыстық газетте суреті шықты. “Еңбектегі ерлігі үшін” медалі де бар. Міне, сондай сырбаз жігіт. Тепсе темір үзетін, ұрса опырып түсетін қайратты қазақ. Абылай хан тұрыпты, одан арғы Есім хан заманының батыры кейіпті. Ал Марат, жаңа айттық, шынашақтай ғана бірдеңе.
Енді қараңыз. Сол Марат, бақа ауыз, кертпеш маңдай, қортық Марат кенет өзі орнатқан шарбақтан секіріп өтті де, еңгезердей Қанатқа дүрсе ұмтылды. Жай ғана ұмтылған жоқ, келе сала бетін тырнады. Содан соң мұрынға, содан соң ауызға шылп-шылп жұдырық сілтеді. Содан соң тура шаштан алды. Қортық, әлжуаз Марат. Ал біздің пілдей Қанат, батыр, балуан Қанат... әуелде сасқалақтап қалды. Содан соң еңсесін жазып... жоқ, ұрып түсірмек емес, білем жұдырықты, ұзын қолын қармалай созып, қорғанбақ еді, қасындағы жігіттер тарпа жабылып, бірі алдынан, бірі артынан қаусыра құшақтап, бірі қолынан ұстап, бірі аяғына жармасып, тыпыр еткізбей қойды.
— Ойбай, ойбай! – деседі. – Ұлт-аралық жанжал туып кетпесін. Пәле болады. Сотталасың. Сен ғана емес, бәріміз құримыз. Ылаң болады, елдің берекесі кетеді!..
Онсыз да төбелесу ойында жоқ, әйтеуір басын қорғамақ Қанат жан-жақтан тарыс байланып қалған соң, ұлттық намысы тапалып, жан ашуы қабындаған Марат аясын ба, ал келіп соқты, ал келіп тырнады, ал келіп жұлды. Еңгезердей Қанаттың әп-әйбат бет-аузы қызыл қан болды, ұзын, қалың шашы ұйпа-тұйпа, түте-түте болды. Қиындықсыз табыс жоқ, әйтеуір интернационалист жігіттер ұлт-аралық жанжалдың одан әрі өрістеп, біржола ушығуына жол бермеді. Бұлқынған, тыпырлаған, төбелесем деп емес, бет-аузын, көзін қорғап шиыршық атқан Қанатты тыпыр еткізбей, буып ұстаған қалпы, дедектетіп ала жөнелді. Зорлықшыл қас дұшпанның беті теріске бұрылғанда желкеден түйіп, төбе шашының жеті талын тағы жұлып түсірген Марат арашашы жігіттердің бір-екеуін құйрықтан тепкілеп, бір-екеуін сирақтан шалып, бәрін қоса балағаттап, әрең басылды. Басылғаны – қашқан жауды кеселді тұрағына жеткізе қумады, өзінің жаулап алған жаңа шекарасынан ұзамай, анда-санда:
— Тағы кім бар? Бері шығыңдар, өңшең калбит!.. – деп ышқына айқайлап қойып, көзі оттай жанған, білегін сыбанған қалпы әжептәуір жүріп еді.
Алғашқы қанды майданнан соң біржола күш алған Марат өзінің құдайы көршісін таң азаннан қара кешке дейін аңдып отырып, күніге тым құрса бір рет сабап алуды әдетке айналдырды. Қанат бақша жаққа шықса болды, тұра ұмтылады да, тапал шарбақтан қарғып өтіп, екпіндей келген қалпы, тақыр төбесімен тура іштен сүзеді. Содан соң бұттың арасынан тебеді. Содан соң бетін тырнайды. Ақыры қос қолдай шаштан алып, төмен тартып, ентігін басып тұрады.
— Ал, жер кімдікі? – дейді.
Қанат та қайсар.
— Менікі!.. – дейді тайсалмастан, тісінің арасынан сыздықтата ысылдап.
— Мә, сенікі! – Шаш ұстаған қос қолдың бірін босатып алып, сарт еткізіп ауыздан ұрады. – Бүгінгі сыбағаң осымен бітті!..
Ал Қанат... шата қортықты бір-ақ қағып түсірер еді. Бірақ ұлт араздығы тұтанып, ертең бүкіл ауылдың тыныштығы бұзылып, арты кең көлемді жанжалға ұласып кетуі мүмкін. Тәуелсіздіктен қымбат не бар. Ел иесі болып отырған ұлттың өкілі, сабыр сақтау керегін жақсы білетін. Яғни, Егемен Еліміздің саналы азаматы Қанат, біреулердің айтуынша мың жылдық, енді біреулердің айтуынша үш жүз, енді бір білгіштердің айтуынша жүз елу жылдан соң әрең жеткен мүбарак тәуелсіздік жолындағы, сол тәуелсіздіктің баянды болашағы жолындағы құрбан еді. Бұл да артық сөз. Қайдағы құрбан. Әлі тірі, ай бойы жеген таяғын жинап келгенде, көп болса бір-ақ тостаған қан төкті. Тым құрса “бөрік астында”, “жең ішінде” дейтіндей, басы жарылған жоқ, қолы сынған жоқ. Кейбір жігіттер арақ ішіп алып, көшеде жығылып та бет-аузын көгертіп жатыр ғой. Бет-ауыз деген не, тәйірі. Жан шырағы екі көз аман болса.
Қанат әуелден-ақ басын емес, осы көзін қорғайтын. Қазір Марат тырнау мен шұқуға шеберленіп барады. Сенім жоқ. Сондықтан тұра қашатын болды. Бірде сасқалақтап, бақтың бір жақ шетіндегі туалетке тығылғаны бар. Кейбір құрдастары туалетте отырған дейді. Қалжың. Отырған жоқ. Шыққан. Үйге қарай қашудың орнына қайта кірді. Ұятсыз Марат қоса кіріп, қолайсыз, тар жерде сабады ғой. Жай ғана сабаған жоқ. Басын әлгі... тесікке... қаланың тап-таза унитазы емес, ар жағында лықып тұр... сол тесікке басын тықпақ болды. Қайдан тықсын. Қанат шашының жұлынғанына қарамай, қасарысып тұрып алған. Әлі жетпеген Марат бетке, көзге төпелеп, әбден шаршап, ақыры өзінен-өзі тоқтаған.
Кейде тұтас бір халықты, тіпті, үлкен, ұлы халықтың өзін жалғыз-ақ адам сақтап қалады екен. Мәселен, Жанна д’ Арк. Мәселен... мәселен, майданда жау бекінісін кеудесімен жапқан Александр Матросов. Егер қанды майдан күн туса, біздің Қанат та соған жете-қабыл ерлікке барар еді. Оның кепілі – Маратпен арадағы түсініспеушілік кезіндегі қайсар табандылығы, ғаламат төзімі. Шынында да, осындай жігіттердің арқасында бір ауыл емес, бүкіл елімізде қаншама ұлттың өкілі тыныштық ғұмыр кешіп жатыр емес пе. Әйтпесе, Тәуелсіздік қайда, баяғыда-ақ Ауған болып кететін едік. Тек ел іші ғана емес, сыртқы шекарада да осындай парасатты саясат қалыптасқан. Әрине, бұл біздің әңгімеміздің тақырыбына қатыссыз мәселе. Тек реті келіп қалған соң, сүйінішімізді жасыра алмадық. Шынында, іште ғана емес, сыртта да тыныштық болғаны жөн ғой. Қалайша тәуба айтпассың.
Өстіп, Рахман-Ата ауылы ұлт-аралық келісім, бейбіт жұмыссыздық жағдайында тып-тыныш, рахат өмір кешіп жатқан. Рас, әлде өзбек, әлде қалмақ, әлде орыс, әлде тәжік Марат Мирзо-ев-ян-заде-пуло тыныштықтың алғашқы күндерінде ел иесі, тәуелсіздік кепілі Қанат көршісімен аралықтағы кейінгі меженің өзін теріс деп тауып... күн сайын жарты метрден алға жылжи берген. Содан соң мұндай мимырт тіршілік, өнімсіз әрекеттен жалығып кетсе керек, шарбағын көтеріп, бір-ақ күнде аршындай аттап, ең соңғы, мызғымас шекараға тоқтады. Ең соңғы деп айтқан өзі. Өйткені, шын әділдік орнап еді. Бір заманда екі басына екі шаруа орнығып, ендей кесілген отыз сотық жердің жиырмасын топты бала-шағасымен байырғы тұрғын, қарт майдангер иеленіп, қалған оны бірдеңе көтеруші, көз ашушы, асырап-сақтаушы, қамқор, яғни асыл нәсілді соқа бас, маскүнем келімсекке берілсе, енді мүлде керісінше шықты, дәлме-дәл керісінше емес, азғана өзгеріспен: тілі қудаланып, құқығы тапалған, рухани және тағы қаншама қысым көріп отырған орыстілді Маратқа жиырма үш сотық, ал ел иесі, тәуелсіздік кепілі, ұлт-аралық келісім ұйтқысы Қанатқа жеті сотық.
Басында төрт-ақ тал шашы қалған, көзінің алды көкпең-көк, бет-аузы айғыз-шимай Қанат бұған да шыдап еді, Рахман-Ата ауылы осымен мәңгілік тыныштыққа қол жеткізуі де мүмкін еді, үлкен істің болмашыдан бүлінетіні сияқты, түкке тұрмайтын, айтудың өзі ұят бір жағдай елдің шырқын бұзды. Бар пәле дәретханадан шыққан. Иә, әлгі, жапа шегуші Марат зорлықшыл Қанаттың басын төмен қаратып, астыға сығалатпақ болған сасық нәжісхана. Әділдік жөнімен жерді жаңадан бөлгенде арғы бетте қалыпты. Мараттың иелігінде. Дәретханаңды алып кет дейді Қанатқа. Әкеткенде, түгелімен. Әуелі астын. Қаладан арнайы машина шақырту керек екен; неше жылғы қазына жинақталған терең құдықты қорқырата сорып, түбіне дейін босатады, яғни,
— Боғыңды өзің аласың! – деген, кейінгі кезде мәдениеттен алыстап бара жатқан ашушаң Марат.
Содан соң ғана үстіңгі далда тақтайын бұзып алу керек.
— Маған сенің барақлоңның керегі жоқ, – деген шыншыл Марат.
Әуелгісіне ақша болмады, соңғысына... тағы да сабай ма, сабағаны ештеңе емес, тесікке басымды тыға ма деп қорқады. Астын да, үстін де тез әкет, шұқырына ауладағы бар қоқысты тоғытып, үстіне топырақ төгіп, картоп егем деп дікіңдеп барады жаңа қожайын.
— Әкетем, көкешім, әкетем, – дейді Қанат жалынып. Тек мына жақтан шұқыр қазып алғанша барып тұрса қайтеді?
— Бармайсың, – дейді безер Марат. – Осыған дейін былғағаның да жетеді. Ақ-адал жерімді арамдайсың.
Қанат әйелі, бала-шағасымен бірге өз жерінің шегіндегі үлкен алма ағашының түбіне отырып жүрген. Жаңа жер қазуға бүгін-ертең кіріспек еді. Дәл сол кезде...
Дәл сол кезде Текебай... түрмеден келген. Қанаттың бірге өскен, мектептес досы. Әуелден-ақ сабаққа құлықсыз болды. Жыл аралай отырып, сегізінші кластан тастап шықты. Күрескенде құрдастарын түгел жығатын, қолы қатты, қайратты. Бірақ бұзақылығы жоқ, қой аузынан шөп алмас момын еді. Жалғыз шешесі ғана бар. Текебай осы шешесін асыраймын деп жүкші болды, бензоколонкада істеді, құрылысқа жегілді, ақыры, қалаға жақын әлдебір базарға тоқтады. Содан бастап тұрмысы түзелді, жұрт жоқшылыққа ұшырап жатқанда бұл шалқып жүрді, сәнді киініп, ескі де болса сүйріктей иномарка машина мінді, одан соң... солай кете беретін еді, көлденең пәлеге ұрынды. Сол базарға әр тараптан келген бес-алты жігітпен бірге қамауға алынған. Біреулер, рэкет, яғни қарақшы екен дейді. Енді біреулер жұрт қатарлы тіршілік жасайды екен, сол қарақшылардың бопсасына қарсы тұрам деп, жазбай жазықты болыпты дейді. Енді бір лақап бойынша, заңсыз көтерме саудамен айналысқан. Сірә, осының үшеуі де рас. Айналысқан, тайталасқан. Ақыры, қылмысты топтың бел ортасы болып, төрт жыл алып кете берді. Енді міне, мезгілінен жарты жыл бұрын оралып отыр. Баяғы қалпы. Базары құрысын дейді. Басқа бір кәсіппен айналыспақ. Не екенін әзірше өзі де білмейтін сияқты. Келгені жаңа. Бірге оқыған балалар таласа-тармаса қонаққа шақырысып, мәз болып жатқан. Бүгінгі кезек – Қанатқа тиесілі еді.
Бет-аузы жазыла бастаған Қанат бұл кезде басы жазылмай ішетін болған. Мұныңды қой, деді Текебай. Бірге жүрген басқа балаларға да тежеу жасаған. Пәлеге осының кесірінен іліндім дейді. Қарақшы да емес, коррупция да емес, кәдімгі, базардағы орынға таласқан жаппай төбелес екен. Иә, басқасы да бар, бірақ шайтан түртпесе, түк те жоқ еді. Енді бәрін де қойдым деді. Мүлде татпады. Жігіттер ыстық бауырсақ жеп, ептеп шарап ішіп, дуылдап біраз отырған соң, бой жазып далаға шығып еді. Бақ ішіне.
— Әй, мына жерің азайып қалыпты ғой, – деді Текебай Қанаттың бұрынғы ат шаптырым бау-бақшасының шолтиып қалғанын бірден аңдап. – Бекер сатқансың. Әкеңнен қалған жер емес пе еді...
— Сатқам жоқ... – деді Қанат міңгірлеп.
— Тартып алды, – деді қалған жігіттер жамырап. Таласа-тармаса іс мәнісін айтқан.
— Ойбай-ау, – деді қайран қалған Текебай. – Баяғы өзіміз білетін сүмелек сарт...
— Әрмен, – деді жігіттердің бірі.
— Татар, – деді екіншісі. – Бәлкім, әзірбайжан.
— Кейінгі кезде орыспын деп жүр, – деді үшіншісі.
— Мейлі. Дию-пері емес қой. Баяғы қортық Марат. Бәрің отырып... Соншама зорлыққа қалай көнесіңдер. Бүкіл ауыл болып жабылғанда әл бермейтін бұл неткен шайтан?
— Әліміз келеді, – деді жігіттердің бірі. – Бір қаққаннан қалмас еді. Алайда, қазір заң соның жағында. Ұлт араздығы туып кетуі мүмкін. Арты үлкен шатаққа айналады...
— Ештеңе етпейді, – деді екіншісі. – Кеңседе, түбір, қағазда Қанаттың атында. Жалға берген есепті. Әуелде Қанатқа сондай ұсыныс жасаған екен. Бұл ақымақ болып, келіспеген. Енді Марат көнбей отыр. Бірақ мәмілеге келуі мүмкін...
— Сөздеріңе болайын, – деді Текебай жерге түкіріп. – Әй, Қанат батыр, туалетің қайда?
— Туалет... арыда қалды.
— Анау ма? Қатының екеуің немене, тапа-тал түсте бұтаның ығына жіберіп жүрсіңдер ме? Ал мен түрмеде де әжетханаға уақытында барғам...
Арғы бетте қалған туалетке өту үшін шекара шарбаққа тақай берген.
— Куда? Куда!2 – деген айқай шықты сол кезде терең түпкірден. – Әй, қазақтар, менің жерім сендерге боқхана емес! Айда, аулақ!..
— Не дейді-ей, мынау?..
— Ойбай, – десті сол кезде жігіттер Текебайға жабыла жармасып. – Қайтесің сол пәлені. Кішісі болса, мына алма ағаштың түбіне...
— Сөйте ғой, – деді анадайдан Марат та дауыстап. Жайлап басып, шарбаққа жақындап келеді. – Үлкен дәретке де отыруға болады. Ұлттық дәстүр. Сендердің аталарың ең аяғы туалет дегеннің не екенін білмеген. Ең аяғы, дәретке қалай отыруды біз үйреттік. Бастарыңды құрап ел қылдық. Сауаттарыңды аштық. Мәдениетке жетеледік. Енді келіп, бізге, мына маған қысас жасағыларың келеді!..
— Қысас жасағалы тұрған ешкім жоқ, – деді жігіттердің бірі. – Қысас жасаған – сенсің, өз туалетімізге өзімізді жібермей. Қысас қылған жоқпыз. Арандатпа.
— Шын арандағың келмесе, айттым, мына шекарадан аулақ тұрыңдар, – деді Марат. – Бар, кет, ініңе кір, өңшең калбит!
— Әй, не дейсің, маймыл? – деді Текебай.
— Тіліңді тарт, – деді Марат. – Байқаусызда аузыңнан шығып кеткен болар. Екінші қайыра айтшы. Келген жеріңе қайта жіберейін!
Енді Текебай да тосылып қалды.
— Қап, мынаны-ай... – деді бар болғаны тісін шықырлатып.
Осы кезде, манадан бері, әлдебір шатақ шықпағай деп, қонақ шақырған үй маңын торуылдап жүрген орынбасар әкім де жетіп еді.
— Жігіттер, бұл не тұрыс? – деді жасанды күлкімен жарқылдай амандасып. – Қалай, көңіл көтеріп жүрсіңдер ме?
Жігіттердің көтерілген көңілі байқалмайды. Бәрі де басылып қалған. Ал Текебайдың қабағы түсіп кеткен.
— Қалай, Текебай, ерікті өмір жақсы ғой, – деді орынбасар әкім. – Сен кеткеннен бері бұл ауылда қаншама өзгеріс болды. Естіп жатқан шығарсың. Кемшілік жоқ емес. Бірақ ең негізгі мақсат – тәуелсіздік тұғырын бекіте түсу. Ал оның алғы шарты – тыныштық. Ұлт-аралық келісім...
— Әкім мырза, – деді шарбақтың дәл іргесіне келген Марат. – Орысша сөйлеңіз. Ұлт-аралық қатынас тілінде. Біз де тыңдайық, соншама ақылды сөзіңізді.
— Сен өзің де қазақша сөйлеп тұрсың ғой, – деді жігіттердің бірі.
— Сөйлегім келді – сөйлеймін. Немене, қазақтан басқа жұрттың қазақша сөйлеуіне тыйым салмақсың ба?
— Сонда сен немене, – деді Текебай. – Біздің өз тілімізде сөйлеуімізге тыйым салмақсың ба?
— Рұқсат, сөйлей бер, – деді Марат. – Өздерің ғана, арақ ішіп, өсек-өтірік айтып, оңаша отырғанда. Ал көпшілік жерде маңқылдап, көки беруге жол жоқ. Мен басқа ұлттың өкілімін. Қайдан білем, мүмкін мені жамандап жатқан шығарсың. Мына шекаралық аймақта ұлт-аралық қатынас тілі – орыс тілінде сөйлеуге міндеттісің. Әйтпесе, әрірек кетіңдер де, балдырлай беріңдер, өздеріңнің ешкімге керегі жоқ жабайы тілдерінде.
— Тілімізге тиіспе! – деді Текебай.
— Сенде тіл бар ма, – деді Марат. – Анау “Караванды” оқы. Әлгі, кім еді, өздеріңнің қазақтарың... мұртты, профессор... Масаев. Иә, Масаев. Қандай ақылды, қандай білімдар, қандай батыл! Адал, қайтпас қайраткер! Біздің – орыстілді қауымның құқығын қорғаушы. Міне азамат! Сол Масаевты тыңда теледидардан. Содан соң Амаркулов... ол да оқымысты. Әлгі бір атақты жазушының баласы – Есенбеков... Тағы қаншама, орысшаға жетік, білімдар жас қазақтар. Жазып жүр, айтып жүр. Қазақтың тілі – тіл емес, кедей, жабайы, артта қалған бірдеңе деп, қазақша сөйлеу – ескіліктің қалдығы, тас дәуіріндегі надандықтың өлшемі деп. Мықты болсаң, алдымен Масаевты тыйып ал. Амаркуловты ақылға келтір. Есенбековты сөк. Мен солардан естігенімді, газеттен оқып, радио, теледидардан тыңдағанымды айтам. Тіл жоқ сендерде. Сорлы тіл. Жабайылардың хайуан тілі. Ал, не қыл дейсің!
— Қап, мынаны-ай, – деді Текебай жұдырығын түйіп. – Аузын бұзар ма еді!..
— Байқап көр, – деді Марат. – Қайдан барып шығар екенсің. Өзің ғана емес. Бүкіл тұқым-жұрағат, зәузатыңмен. Ауыл-аймағың, Егемен Еліңмен бірге...
— Оған дейін қолыма бір түсерсің... – деді Текебай алақанын ашып-жұмып, көзі шатынап.
— Қой, айналайын, – деді орынбасар әкім. – Айтып тұрғаны рас. Өзің ғана кетпейсің, біздің бәрімізді пәлеге жолықтырасың. Ұлт араздығы туып кетуі мүмкін. Қазіргі, тәуелсіздік кезеңінде ел иесі қазақ айрықша төзімді, сабырлы болуы керек.
— Мына... “Мырзаны” не істейміз, – деді Текебай аз-маз сабасына түсіп. – Тірідей өлтірді ғой...
— Бұлар да біздің Егемен Еліміздің тең құқықты азаматы. Кейбір... түсініспеушілік болуы мүмкін. Білмесе, түсінбесе, білдіру, ұғындыру керек.
— Нені ұғындырасың? – деді Марат. – Нені түсінбеппін? Алдымен өзің ұғып, өзің түсініп ал. Ұқпайсың, түсінбейсің. Мәселе сенің мый құрылысыңда ғана емес. Ұғатын, түсінетін ештеңе де жоқ. Айтшы, нең бар? Арыға бармай, осы ауылды ғана алайықшы. Совхозды тараттың – не болды? Антоновка деген тарихи атауды өзгерттің – не шықты? Ақылың көбейіп, тұрмысың түзеліп кетті ме? Керісінше, біржола қайыршы болдық. Болыңдар. Өздерің пісірген ботқа. Ал менің қандай жазығым бар? Енді келіп, “Егемен, Егемен! Рахман-Ата, Рахман-Ата!” деп, сандарыңды шапақтап, жалаңаш-жалпы шауып жүрсіңдер. Өңшең топас!
— Сенің осылай еркін сөйлеп тұрғаның – сол Егемендіктің арқасы, – деді орынбасар әкім. – Ал Рахман-Ата – біздің әулие бабамыз. Қасиетті кісі болған.
— Немене-е? Әулие? Қасиет? Түкірдім, әулиеңе де, қасиетіңе де. Кім ол Рахман-Ата деген? Тіфу!
— Әй, не дедің, – деді Текебай. Манадан бері халқын балағаттады – шыдады, тілін ианаттады – шыдады, өз басын қорлады – шыдады, енді әулие бабасына тіл тигізгенді көтере алмады. – Көрсетейін мен саған кімнің кім екенін!
Шабынып, тұра ұмтылған. Табанына салып, жүн қылмақ. Бірақ шарбақтан аттап үлгермеді, жігіттер жапыр-жұпыр, қаумалай қоршалап, тыпыр еткізбей ұстап қалды. Текебай өкіре тулаған, бірақ босана алмады. Бірі қаусыра құшақтап, бірі қолын ұстап, бірі аяғын құшып, енді бірі жалынып-жалпайып жатыр.
Дәл осы сәтте апыр-топыр жұртқа сырттан тағы бір кісі қосылып еді. Жанжал барын білмеген, мектептес достарымен қосылып, көңіл көтермек екен. Өзі әжептәуір ішіп алған. Десе де, бірер жүз грамм жетпей қалған сияқты. Осы ауылда жақында ғана ашылған полиция бөлімшесінің әрі бастық, әрі қызыметкер – бірден бір тұлғасы Темір. Есі шыққан, сасқалақтап тұрған орынбасар әкім қуанып кетті.
— Ой, жарайсың, уақытында келдің! – деген құшақтай алып.
— Мен дәл қазіргі сағатта қызыметте жоқпын, – деді полис Темір ықылық атып. – Бүгін – демалыс. Міне, порымым жоқ, үстімде кәдімгі, үйдегі киім. Мен де өздеріңіздей, қатардағы азамат...
— Бәрібір сен тәртіп сақшысы емеспісің, – деді орынбасар әкім тал қармап. – Мына ұлт-аралық жанжалды жалғыз өзім тоқтата алмаймын. Ертең алай-былай болса, көріп тұрып, қарекет жасамағаның үшін жауап бересің. Ұқтың ба?
Темірдің көзі бозарып кетті.
— Ондай шатақ болса, жөн... әрине, көмектесем... Полиция қызыметкері емес, қатардағы азамат ретінде... тәртіпке шақыруға болады... – деді ықылығы жиілеп кеткен Темір байғұс.
Бұл кезде Текебай да бұлқынғанын қойып еді.
— Текебай, – деді бұрын мілиса атанған полис Темір. – Сен советтік... егемендік тәрбие мектебінен өтіп, өмірлік сабақ алып келген жігітсің. Және, бұл жерде бөтен ешкім жоқ, кластас құрбы болған соң, жасырмай айтайын. Есіңде болсын, қазірде сен менің тікелей бақылауымдасың. Қит етіп, қате жіберсең... білесің ғой... Әуелгі жолғыдай жеңілдік, кешірім болмайды!..
Тентек Текебай біржола басылды. Ұнжырғасы түсіп кетті.
— Міне, – деді Темір қайтадан ықылық атып. – Мен байқап қалдым, Текебай жолдас, сен ұлт-аралық жанжалға от қойғалы тұрған сыңайың бар. Ленин бабамыз... құрысын, әлгі бір жалтырбас кісі не айтты? “Ұшқыннан жалын қаулайды!” Міне гәп қайда! Сен от бересің, содан соң қаулайды да кетеді! Рахман-Атадан өтіп, Алматыға жетіп, шекарадан асып... Жоқ! Болмайды. Оған біз, адал совет... әй, құдай-ай... Егемен Елдің адал адамдары, жол бере алмаймыз! Тоқтат! Өтінбейміз, талап етеміз!..
— Ағатай-ау, – деді Текебай. – Сенің ұлттық намысыңды аяққа тапайды. Ана тіліңді қорлайды. Әулетіңді, ата-бабаңды балағаттайды. Соның бәріне төзіп қалай отырамыз?
— Біз – ел иесіміз, – деді Темір. – Мемлекет ұйтқысымыз. Республиканың бүгінгі тыныштығы, ертеңгі өсіп-өркендеуі бізге тікелей байланысты. Сабырмен, ақылмен шыдау керек. Төзімділік керек.
— Айту керек, ұғындыру керек. Тәрбие керек, – деді жарты әкім.
— Ха-ха-ха! – деді шарбақтың арғы жағында тұрған Марат. – Өңшең топас. Өңшең алқаш. Өңшең калбит. Тәуелсіздік жариялапты. Мемлекет болып, өзін-өзі басқармақ. Ха-ха! Өлейін бе, күлейін бе!
— Қап, әк... – деді Текебай. Ұмтыла бере, өзін-өзі тежеді.
Тежемесе де, аяғын аттай алмайтын еді. Жігіттер әуелгіше қаумалай қоршап тұрған.
— Сен, азамат Текебай, ештеңе ұқпадың, – деді Темір. – Басыңда арам ой бар. Төбелес шығарғың келіп тұр. Солай ғой? Әлімжеттік қылып, орыстілді жолдасты сабағың келіп тұр. Болмайды. Қате мұның. Түбірімен қате... – деді тағы да ықылық атып. – Төбелесе бер, саба – әгерки, өзіңнің қазағың болса. Ал басқа ұлттың өкілі... Әкім не айтты, мен не айттым манадан бері? Ұлтарақ... ұлт... аралық жанжал шығып кетуі мүмкін. Ұқтың ба?
— Сонда, бұзақылық жасап тұрған басқа ұлттың өкілін, тым құрса, тәртіпке шақыруға болмай ма? – деді Текебай.
— Болады, – деді Темір. – Бірақ, біріншіден, оның қандай бұзақылық жасағанын өз көзіммен көргем жоқ, ал боқтап жатса... бізде демократия, плу... плюрализм. Бірақ саған қайыра боқтауға болмайды, айттым, біз басқа ұлттарға қысас жасамауымыз керек, интер... нат... интер-наци-о-нализм! Үшіншіден... жоқ, екіншіден – дәл қазір мен де өзіңдей қарапайым адаммын, міне, үстімде порымым жоқ, мен де өздеріңдей, заңды демалыс күні нетіп... дем алып тұрмын.
— Жаңа ұқтым, деді Текебай оқыс көңілденіп. – Сен қазір қызымет басында емессің. Анау Қанат сияқты, мынау Марат сияқты, мен сияқты, қарапайым адамсың. Ал әкім аға...
— Менің қызыметім басқа, – деді жарты әкім. – Тәртіпке шақыруыма болады, бірақ бұзақылықты тежеу – менің міндетім емес.
— Міндетіңіз емес. Полицияның міндеті, бірақ Темкең дәл қазір қызыметте жоқ. Қатардағы, қарапайым адам.
— Осы тұрған жігіттерден айырмам жоқ, – деді Темір.
— Айырмаң жоқ. Және қазақсың. Қазақсың ғой? – деді Текебай күліп.
— Қазақ болмағанда... – деді Темір. – Мені жаңа көрдің бе? Әрине, қазақпын!
— Өзің қызыметтен тыс, әрі мас екенсің, – деді Текебай. – Өзің қазақ екенсің, – деді. – Онда, тақ әкеңнің аузы!.. – деді. – Менің алтын басымды күлге сүйреп жүрген сен екенсің ғой! Менің ата-бабадан қалған қасиетті жерімді талан-таражға салып жүрген сен екенсің ғой! Анау Марат сияқты бұралқыны төрге шығарып, тайраңдатып қойған да сен екенсің. – Жұрттың бәрі аңырып қалған. Құрдас, қалжыңдап тұр деп ойлаған. – Онда, мә саған! – деді Темірді шықшытынан сарт еткізіп. – Мә, саған! – деді іштен ыңқ еткізіп. – Мә, саған! – деді беттен былш еткізіп. Жігіттер бұдан арыға жібермеген. Жабыла құшақтап, араға түсе берді. – Ал, әкім аға, деді Текебай. – Сіз де қазақсыз ғой?
— Жоқ, айналайын, – деді жарты әкім ерні дірілдей, кері шегініп.
— Қазақтан садаға кет, – деді Текебай. – Жасыңыз үлкен, әйтпесе, қызымет үстінде тұрғаныңызға қарамастан, сіздің де сыбағаңызды беріп жіберетін едім. Қайда әлгі қырық сідік? Басын артына қайырып, нақты қай ұлт екенін анықтап көрсетейін!..
— Қой, шырағым, – деді жүрегі орнына түскен әкім. – Жаңа сен... сөзден — нақты іске көшкенде... хе-хе-хе... тұра қашқан. Хе-хе... Ендігі есігін іштен кілттеп алды... Бәрі жөн. Тек мына... мілисаны сабағаның... Шатақ шығып кетіп жүрмесе...
— Бұл да өзіміздің алқаш. Жаңа айтты ғой, қызыметтен тыспын деп. Байқап көрсін, мен түрмеге кетсем, ол қызыметінен кетеді, – деді. – Егер, – деді, – көкірегіңізде адамдық бірдеңе қалса, көргеніңізге куәлік бересіз, аға, – деді. – Жігіттер, – деді сосын. – Осы жерге бірдеңе әкеліңдер. Менің де ішкім келіп кетті, – деді. – Алдымен туалетке кіріп, жеңілейіп алайын. Сендер де жүріңдер, – деді, қызыметтен тыс, әрі мас, әрі соққы тиіп, есеңгіреп жатқан Темірді желпіп тұрған жігіттерге. – Жаңа бұттарыңа жіберіп қойған жоқсыңдар ма?
Мастығы тарқап кеткен Қанат жүгіріп жүріп, керекті нәрсені түгел келтірді. Бұл кезде ет те піскен екен. Бақ ішіне мол дастарқан жайылды. Сол кезде әкім аға басу айтып, қалған жігіттер кешірім сұрап, қызыметтен тыс полис Темір мен түрмеден жаңа келген Тентек Текебайды татуластырды. Татуласпас ештеңе жоқ. Ауылда бірге өскен. Мектепте бірге оқыған. Екеуі де қазақ. Төбелессе – өздері ғана. Ұлт-аралық қайшылықтан емес, аз-маз түсін¬іспеушіліктен туындаған болмашы реніш. Ең бастысы – ұлт-аралық жанжалға жол берілген жоқ. Одан да мәндісі – Темірдің тағы да ішкісі келіп тұр. Қалған жігіттердің қарны ашқан. Әкім аға өзі басқарып, барлығы мәре-сәре болды да қалды. Көңілдене келе, әлдекім құдайы көрші Маратты да шақырмақ еді, біраз тартып алған Текебайдың өзі мақұл көрген, әкім аға тоқтау салды. Маратты жатсынғаннан емес, сәтімен аяқталған істің ақыры тағы бүлініп кете ме деп қорыққан. Әкім аға кешке дейін отырып, тағы қаншама ақыл, кеңес айтып, үйіне қайтты. Ал жігіттер Тентек Текебайдың аман-есен оралғанын, полис Темірдің өздеріне дос екенін, бәрінің де қазақ екенін тойлап, түні бойы дүрілдеді. Таң ата полис Темір өзінің ертең, яғни бүгін жұмысқа шықпайтынын мәлімдеді. Жөн-ақ. Ауыл тыныш, қандай жұмыс болсын. Ашу үстінде азғана бүлік шығарып, артынан ақылы кіріп, жуасыған Тентек Текебай өз үйіне бармай, Қанаттың қасында қонып қалды. Басқа жігіттер де көп ұзамаса керек.
Күн көтеріле дүр сілкініп орнынан тұрған Тентек Текебай баққа шығып, жеңілейіп алған соң, кердеңдей басып, бұзылған шекара сызығына барды да, құрама, ескі шарбақты жұлып-жұлып алып, өзінің бұрынғы орнына, әуелгі межеге апарып тастады. Ырғап-ырғап, жаңа көктеп келе жатқан екі алмұрт шыбығын да суырып алды. Жаңағы шарбақтан асыра лақтырды. Қолына күрек алып, айналасы сүт пісірім уақыт ішінде картоп ұяларын түгел қопарып, осыдан үш күн бұрын егілген тұқымды тегіс жинастырып, жыртық қапқа салып, оны да әуелгі иесінің жеріне жеткізді. Марат байғұс арғы шеттегі шие ағашының тасасында, ауыр қайғы үстінде салбырап тұрған да қойған.
— Мирзоян мырза! – деді Текебай дауыстап. – Әуелгі, заңды шекара қалпына келді. Бұл реткі мәселені бейбіт жолмен шештім. Енді бері қарай бір қадам бассаң, иттің баласы... емес, жақсы кісінің баласы, әкеңнің аузы... емес, мұрнынан айналайын, тура бар ғой, сирағыңды сындырам. Ұқтың ба? Енді қайтіп, садағасы кеткір, қазаққа тіл тигізсең... қатын-балаң сүйегіңді іздеп таба алмайтын болады. Түсіндің бе? Осы барыңа тәуба айт. Ауылда тұрсаң тұра бер. Кетем десең, қысым жоқ, ешкім зорлап ұстамайды. Естідің бе? Әлде, жақынырақ барып ұғындырайын ба?
Мирзо-ев-ян-заде-пуло қалтақтап, басын изеді дейді.
Сол күні түстен кейін емханадан шаршап шыққан ауыл әкімі түрмеден келген Тентек Текебайдың бар хикаясын естіп, қолма-қол сауығып кетті дейді. Ертеңге қалдырмай, Мирзоянды алдына шақыртып, екі айдан бері күтіп жатқан екі қағаз – ойын алаңы, үлкен бағы бар, он екі бөлмелі, бұрынғы бала-бақша ғимараты мен тұтас төрт гектар құнарлы жерді Рахман-Ата ауылының орыстілді тұрғыны Мирзозадеге тегін әрі біржола беру туралы нұсқауды негізсіз деп тауып, теріс қорытынды шығарды дейді. Бала-бақша қайта ашылады, жер – меншікке емес, жалға, ауылдың еңбегі сіңген байырғы тұрғындарына беріледі десе керек. Енді бір мәселе – егер Мирзо-ев-ян-заде-пуло-швили жалақор арыз жазып, бейбіт ауылды қаралағанын қоймаса, жоғарыда отырған, маңызды мемлекеттік шаруалардан қолы босамай жатқан үлкен кісілердің басын ауырта берсе, онда... мінез-құлқы Текебайдың төрағалығымен құрылатын жолдастық сот талқысына түспек. Қазір біздің Егемен Елімізде жеке кісілердің бір-біріне қысас жасауына, әлдекімдердің жалпы жұрттың үстінен ғайбат айтуына ешқандай жол жоқ. Демократия және плюрализм. Солай, азамат Ян-заде-пуло!
Бақ тайған Мирзо байғұс қайтсін. Иегі дірілдеп, тағы да үнсіз бас изепті. Бірақ бар шаруа осымен тынбаған екен. Бір айналдырса шыр айналдырады дегендей, ертеңіне таң азанмен, қаражат үнемдеу мақсатында әкімшілік ұжымын қысқарту туралы жоғарыдан жаңа жарлық келіп, әкім өзін-өзі қысқарта алмайды, орынбасар... ол да қиын, артық тұрған үшінші орын – яғни Мирзо мүскіннің тегін жалақысы қиылып кете барған. Сол күні, түске таман соры қалың Мирзо байғұстың Алматының төрінде, Пәленбай деген ағылшын-неміс-француз-түрік лицейінде тегін оқып жатқан жалғыз қызы дорбасын арқалап, үйіне қайтып келіпті: тоғыз сабақтан қатарынан үлгермеген, ол да ештеңе емес-ау, өңшең қазақ ортасында қалыптасқан қожайын әдетінше, өзімен бірге оқитын американ, ағылшын, неміс, француз, түрік, жапон, араб, иран... орыс елшілерінің балаларына өктемдік жасамақ болған, атап айтқанда: бірінің киімін тартып киген, бірінің әмиянын сұраусыз алған, бірінің бетін тырнап, бірінің көзін шұқыған; өкінішке қарай, бұлардың ешқайсысы да Ел иесі емес, интер-саналары төмен, әрі дөкір жұрттан, – дәдесін қолына беріпті, және лицей басшылығына шағым түсірген. Ұлт-аралық емес, халық-аралық жанжал шыға жаздап, әрең тоқтапты. Мұны аз десеңіз, сол күні тапа-тал түс кезінде аудан орталығынан арнайы комиссия келіп, Рахман-Ата ауылындағы еңбексіз зейнетте отырған кісілерді тексергенде... тағы да Мирзо байғұс, Мирзоның өзі емес, қазір әбден семіріп, әрең қозғалуға айналған жалғыз әйелі әшкереге түскен. Менің жазығым жоқ, заңсыз зейнетақыны тағайындаған өздерің дегенге кім сенеді, үш жылғы арам ақша қайта өндірілсін деген үкім шығарылыпты. Шығарыла жаздаған, тек ауыл әкімі ара түсіп, елдегі жалғыз орыстілді, үйін сатпаса қалай өтейді деп, әрең тоқтатыпты. Қазақ жұртының кеңпейіл мінезіне, кешірімшіл кеңдігіне риза болған Мирзо алғысын айтып тауыса алмады дейді. Көзінен жасы сорғалап тұрып ең соңғы өтінішін білдіріпті.
— Мені қумаңыздар. Ата-анам сонау соғыс жылдарында қияндағы Қапқаздан, бәлкім, батыстағы Ресейден, бәлкім, түстіктегі Орта Азиядан, бәлкім... бәлкім... әйтеуір бүлінген бір жерден арып-аршып келіп, қазақ арасынан пана тапқан екен. Осы жерде тудым, осы елде өстім. Қазақша өте жақсы білем. Орысша да білем, бірақ мен орыстілді емес, қазақтілдімін. Мені қазақ деп атасаңыздар да болады. Мен – байтақ Қазақстанның азаматы екенімді мақтан тұтам. Қазақ – кең халық. Жомарт, қонақжай халық. Кекшіл емес. Кешірімшіл. Бөтен ұлтты жатырқауды білмейді. Түгел жайсаң. Жаңадан тәуелсіздік алған басқа бір республикада мені тоздырып жіберер еді. Өздеріңмен тең тұтып, сыйлағандарыңа рақмет. Менің басқа барар жерім жоқ, рұқсат етсеңіздер осы ауылда тұра берейін, – депті.
— Тұра бер, – депті кеңпейіл әкім. – Ешкімнен қорықпа. Біз, өзің көрдің, ұлт-аралық жанжалға жол бермейміз. Егер әлдекім орынсыз соқтығып жатса, Тентек Текебайға айт. Көрдің ғой, мілисаның өзін қалай сабап салғанын. Тиісіп көрсін біреу-міреу. Тура Текебаймен ісі болады, – депті.
— Текебай – ақылды, жайсаң жігіт, – депті Марат. – Ол кімді болсын қорғай алады. Ұлт-аралық жанжалға жол бермейді. Алдағы уақытта мен де... өз тарабымнан... ұлт-аралық келісім жолына бар күш-жігерімді жұмсаймын. Егемен Еліміздің тәуелсіздік тұғырын бекітуге атсалысам. Өйткені мен осы елдің тең құқықты азаматымын! – депті.
Міне, шын ақылды, нағыз жайсаң жігіт! Өзінің азаматтық парызын қандай жақсы түсінген.
Дәл сол сәтте ауыл әкімі манағы иелік қағаздарға қол қойып жібермегеніне өкінді дейді. Амал не, әмірші екі сөйлемейді. Үкім айтылып кетті. Оның үстіне, бәрін іштей есептеп қойған. Бәлкім, бала-бақшаның ойын алаңы, үлкен бағы бар он екі бөлмелік еңселі ғимаратын өзі алар. Ал тұтас төрт гектар құнарлы жерді екіге бөліп, қақ жартысын Жоғарыдағы Дөкейге сыйлап, қалған жартысын тағы екіге бөліп, бір бөлігін Төмендегі Дөкейге тартып, ең соңғы бір бөлігін, оның өзі тұтас бір гектар алма бағы, осы ауылдағы бейбіт өмір, ұлт-аралық татулықтың кепілі болып тұрған Тентек Текебайға, жоқ, оған ешқандай негіз табылмайды, Тентек Текебайдың жер бөлісте қағажу қалған кәрі шешесіне бермек еді. Дұрысы осы. Арғы Дөкейдің еншісі, Бергі Дөкейдің сыбағасы, ал артық-ауыс – осындай ұл тәрбиелеп өсірген батыр ананың адал еңбегі. Бұл – ақылды әрі әділ шешім болды. Десе де, бала-бақша... жоқ, қанағат керек. Ана жерде анасы, мына жерде мынасы... соны сіңіріп алса жетеді. Биылға жетеді. Тағысын-тағы көре жатар. Бір жерден ши шығып жүрсе... Оқшырайып, көзге сүйел болып тұрған нәрсе... Әуелгі шешім, әуелгі болғанда, соңғы шешім дұрыс. Ауылда, үй арасында ойнап жүрген қазақтың қарадомалақ балаларына қайтару керек. Қаражат... қаражат табылады. Абырой, қаншама абырой келмек... Екеуі де дұрыс. Бала-бақша мәселесі де, еңістегі тұтас төрт гектар жердің жаңа бөлісі де... Осыншама маңызды тарихи шешімге батыл қадам басқан әділ әкім орнынан тұрып, Мирзо... пулоны айқара құшақтап, арқасынан қағып, мақтап-мақтап шығарып салды дейді. Рахман-Ата ауылының байырғы тұр¬ғындарымен ұлт-аралық келісім жағдайға қолы жеткен Мирзо мырза да көңілі жайланып, риза болып кетті дейді.
Сол күні кешке Егемен Елдің тең құқықты азаматы Марат өзінің құдайы көршісі Қанат пен ұлт-аралық тыныштық кепілі Тентек Текебайды, тәртіп сақшысы полис Темірді, оларға қосшы болып жүрген, ежелден дос-жар тағы төрт-бес жігітті қонаққа шақырыпты дейді.
Сол күні түнде тәуелсіздік алғаннан бергі тоғыз жыл бойына жарғақ құлағы жастыққа тимей, ұлт-аралық жанжал қатерімен тынымсыз алысып, ауылдың берекелі тыныштығы жолына бар қажыр-қайратын жұмсап, ақыры ден¬саулығынан айрылуға шақ қалған кеңпейіл, әділ әкім бар дертінен айығып, шымырап, тәтті ұйықтап шықты дейді.
Сол күні... жоқ, ертеңіне, таң азаннан бастап бүкіл Рахман-Ата ауылы еркін тыныстап, еңсесі жазылды дейді.
Қандай жақсы. Егемен елдегі бейбіт өмірге не жетсін.
Құдай жанжалдан сақтасын. Жанжал болғанда, анау-мынау емес, ұлт-аралық жанжал. Одан да, ауыл-үйдің арасында өзара төбелесіп жатқанымыз артық. Көп болса, үш қазақтың біреуінің шекесі жарылар. Екеуі жарылса да ештеңе емес. Тым құрса біреуі қалады. Ал басқа ұлт, бөтен ұлыстар... Өркендетуге, дамытуға, сақтауға, байытуға міндеттіміз. Ал, қазақ... Тәуелсіздік алдың, енді атаңның басы керек пе? Ел иесі екеніңді қашан ұғасың?!
2001.
1 “Жиналыс ұлы орыс тілінде (өтсін)! Мен талап етем! (Бұзылған орысша).
2 Қайда? Қайда /барасыңдар/!

“The Qazaq Times”