Әлем елдері жақында ғана жаңа бір жылды қарсы алып, өткен жылын қорытындылады. Өткен жыл елімізде ғана емес, дүние жүзінде де қызу саяси, экономикалық, әлеуметтік өзгерістерге толы болуымен есте қалды. Дегенмен 2020 жылда да әлемді бірқатар маңызды оқиғалар күтіп тұрғаны анық, соның бізге белгілі болғандарын тізе кетейік.
Тайуандағы (Тайвань) сайлау Бейжіңді алаңдатуы мүмкін
Тайуанда президент сайлауы аса қызғын өтуде. Гонконг толқуынан кейін және АҚШ-Қытай қарым-қатынасы, Қытай-Тайуан қатынасына байланысты Тайуандағы бұл саяси жағдай әлем назарын өзіне аударып тұр. Себебі, ресми Бейжің билігі Тайуанды өзінің бір провинциясы қатарында көрсеткенімен, Тайуанда дербестікке деген ұмтылыс күшейді. 11 қаңтар күні болатын сайлауда дербестікті жақтаушы қазіргі президент Цай Инвын ханым жеңіп шығуы мүмкін деп күтілуде. Гонконгдағы толқудан кейін Қытай өңірдің тұрақтылығын сақтауға тырысты. Бірақ, Тайуандағы сайлау нәтижесі Бейжіңнің шымбайына батуы бек мүмкін.
«Араб көктемі» қайталануы мүмкін
Орта Шығыстағы шиеленістерге байланысты Араб елдеріндегі бұлғақтың қоламтасы әлі де тұтап жатыр. Естеріңізде болса, 2011 жылы бірқатар араб елдерінде билікке қарсы ереуілдерден кейін үкіметтер алмасып, сол кездегі ауқымды өзгерістерді халықаралық саяси сарапшылар «Араб көктемі» атап кетіп еді. Былтыр да Алжир, Мысыр, Судан, Ливан және Ирак қатарлы елдерде соған ұқсас ереуілдер болды. Оның алды үкіметтің қарулы күшпен жаныштауына дейін жетті. Осыған қарап көптеген сарапшылар биылғы жылы «Араб көктемінің» қайталану ықтималдығы жоғары деп болжайды.
Назар аударарлығы, былтыр ауқымды наразылық шаралармен көбірек аталған осы елдер 2011 жылғы «Араб көктемінде» тыныш болған еді. Халықаралық сарапшылар бұл елдердегі наразылық шаралары көршілес елдерге қарай жайылады деп болжап отыр. Араб елдеріндегі қазіргі жағдай 2011 жылдағыдан да күрделілесе түсті. Олар өз үкіметтерінің мемлекет басқаруына риза емес, ауқымды реформаны немесе ел үкіметінің толықтай биліктен кетуін талап етуде.
АҚШ президент сайлауы әлем назарын аударады
АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трампқа импичмент жарияланып жатыр. Демократиялық партия болса өз лидерлерін әлі белгілеп болған жоқ. Биыл өтетін президент сайлауында кімнің жеңіске жететінін анықтау қиын. Президент сайлауынан бұрын АҚШ билігінде Сенаттағы сайлау аса маңызды. Қарашада өтетін бұл сайлауда Республикашылдар партиясы жеңіліп қалуы мүмкін деген болжам көбірек кездеседі. Заңға өзгерістер енгізе алатын және бюджетті басқара алатын бұл билік құрылымынан айырылса, Республикашылдар өз саясатын жүргізе алмай қалуы мүмкін.
Токио Олимпиадасы өтеді
4 жылда бір рет өткізілетін Олимпиада ойындары 24 маусым күні Токиода шымылдық ашады. Допинг дауына байланысты бұл спорттық бәсекеге ресейлік спортшылар өз елінің атында қатыса алмай қалуы мүмкін. Бұған қоса Токио Олимпиадасында жас спортшылар әлемдік рекордтарды көбірек жаңартады деп күтілуде. Олимпиада ойындары 9 тамыз күні мәресіне жетеді.
5G және 5 млрд интернет қолданушы
Әлемде интернет қолданушылар санының жылдан жылға еселеп өсіп келе жатқаны белгілі. Былтыр интернет қолданушылар саны 367 млн адамға көбейген. Ал, бил әлемнің 5 миллиард тұрғыны интернет қолданатын болады деп болжап отыр. Бұған 5-ші ұрпақ байланыс жүйесі өз әсерін тигізеді. 2020 жылдан бастап әлемде 5G интернетін қолдану кең етек ала бастайды.
Африкада экономикалық өсу қарқыны күшейеді
Былтыр мамырда Африкадағы 54 мемлекет еркін сауда келісіміне қол қойды. Бұл келісімнің жемісі 2020 жылы анық көрінбек. Африка елдерінің өз ара сауда қатынасы 20 пайызға, Азия елдерімен сауда көлемі 59 пайызға, ал Еуропамен сауда көлемі 69 пайызға дейін жоғарлайды деп болжанған. Еркін сауда келісіміне сай кедендік салықтар жеңілдетіледі немесе бүтіндей алынып тасталады. Бұл тауарлардың бағасын арзандатады және бәсекеге байланысты сапасын арттыруы мүмкін делінген. Африка елдерінің еркін сауда келісіміне кіруі әлемде алып базардың ашылуы ретінде қабылдануда. Бұған өндірісі дамыған елдер барынша назар аударып отыр.
Климат өзгерісі және Грета бастамасы
2019 жылы жаһандық жылынудан болған климаттық өзгерістер айқын көрінген жыл болды. Әлемнің бірқатар жерлерінде жойқын дауылдар мен аптап ыстықтан адамдар зардап шекті. Бұдан тыс орман өрті, су тасқыны секілді жаратылыстық апаттар да жиіледі.
Климат өзгерісінің алдын алуға дабыл қаққан жаз жеткіншек Грета әлем халқын ұшақпен сапарлаудан бас тартуға шақырды. Осыған байланысы 2020 жылы дамыған елдердегі жиһангездер арасында ұшақтан көрі пойыз бен кеме арқылы саяхаттау үрдіске айналуы мүмкін деп болжанған.