25 желтоқсан Түркістанда қала әкімі бастаған әкімшілік, құқық қорғау және қауіпсіздік қызметкерлер тобы желтоқсаншы Талғат Жаңбыршиевтің үйін күшпен босатып, ғимаратты орнынан сүріп тастаған.
Әлеуметтік желіде тараған видеожазбалардан Жаңбыршиевтер отбасының өз баспанасынан күштеп шығарылғанын, арнайы жасақ араласып, өрт сөндірушілер есікті темір ломмен бұзғанын көруге болады. «Жерді мемлекет мұқтажына өткізу» операциясы кәмілет жасына толмаған балалардың көзінше жүзеге асырылған.
Өзін жәбірленуші деп санайтын 50 жастағы Талғат Жаңбыршиевтің айтуынша, үй мемлекет мұқтажы үшін қайтарылмақ болып, сәйкесінше бұзуға жататын нысан «нарыққа лайық деңгейде» бағаланбаған. Оның басты талабы – үйіне нарыққа сай компенсация төлеу.
Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің маңында, орталықта орналасқан 6 соттық учаскедегі екі қабатты үйдің ресми органдардың ұсынған бағасы «қисынсыз» көрінеді. Қала облыс орталығы мәртебесін алғалы бері былтыр да үйді 12 миллион теңгеге бағалап, өңірдегі жылжымайтын мүлік бағасы шарықтаған бүгінгі таңда сол бағаны қайта ұсынды дейді.
– Бағалау комиссиясы болған жоқ. Қызылордадан келген бір маман әкімдік атынан өлшеп-есептеп, суретке тартып кеткен. Соның негізінде сот 12 миллион теңге өтемақы белгіледі. Қанша сұрағанымызға қарамастан, сот сараптамасының түпнұсқа қорытындысын қолымызға берген жоқ, – дейді ол.
Сәрсенбіден бейсенбіге қараған түні 50-ге тарта әкімдік өкілі келіп, үй қожайынының келісімінсіз, еркінен тыс тып-тыйпыл қылып қиратқан. Қыс ауасында баспанасы жермен-жексен болған күні отбасы мүшелері көлікте түнеп шықса, 26-сы күйеу баласының шаңырағында, ал кеше 27 желтоқсан кіші қызының үйін паналаған. Талғат уақытша тұрақ тауып бермей жатып, баспанасын күшпен бұзғызған әкімдіктің «мектепті панала, ыстық тамақпен қамтимыз» деген «шешіміне» көңілі толмайтынын айтады. Оқу процесі жүріп жатқан мемлекеттік мекемеде тұру ұсынысынан бас тартқан.
17 жасында Желтоқсан көтерілісіне шығып, он күн темір торда теперіш көрген Жаңбыршиев әкім «көпшіліктің көзінше сот шешімінде көрсетілген 12 миллионға қоса 15 миллион теңге төлеуге уәде беріп, қазір айнып отыр» дейді.
– Күндіз сағат 10-11 шамасында әкім Рашид Аюпов, оның орынбасары Тәжібек Мұсаев, ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан Бөкебаев, құрылыс бөлімінің басшысы Тәжібай Егетаев, жер қатынастары бөлімінің бастығы Нариман Қасымбеков, полиция департаментінің уәкілі Бағдәулет Әуелбеков, заң қызметкерлері, СОБР арнайы жасағы т.б. келді. ...Көршілерді де қорқытып-үркітіп көндірген. Мемлекеттік мекемеде жұмыс істейтіндерге әртүрлі қызметі жағынан қысым көрсеткенін бәріне белгілі. Содан бір адам асылып өлді, екі кісі қан қысымына ұшырады. Ешбір жанның жаны ашыған жоқ, көз жұмып қарады. Фашистік тірлік болып жатыр. Құжаттарда да қате көп. Екі қабатты үйімді бір қабатты деп жазған. Көршімнің бірқабатты ескі үйімен бірдей бағалаған, – деп жанайқайын білдірген Талғат әкімдік әрекетіне наразы.
Кейін Шымкент қаласының бір топ белсенділері Түркістанға келіп, әскерилердің күш көрсетуінен жарақат алдық деген отбасы мүшелерін медициналық сараптамадан өткізген. Шымкенттік белсенді Айжан Жолдасова:
– Интернетте тараған видеоға қарағанда, күшпен шығарған әкімшілік пен құқық қорғау қызметкерлері өкілеттігін асыра пайдаланып, конституциялық нормаларды, атап айтқанда 13, 17 және 25 баптарын бұзған. Аяғы ауыр келнінің мойны, қолын және тізесі көгерген. Қатты моральды соққы алған келіншек сол түні жедел жәрдемге жүгінген. Олар өте ауыр стресс жағдайына ұшыраған, – дейді.
Ол азаматтардың конституциялық құқықтары бұзылуы туралы Аюпов ешқандай шара қолданбайтынын жеткізген деседі.
– Қала әкімі сот шешімін алға тартып отыр. Сот шешімі қате болса да Конституциядан жоғары тұрмақ па? Әкім мен ештеңе істей алмаймын деуден танбайды. Түркістанның жүрегіндегі ғимаратқа шет аймақтың бағасын ұсыну ақылға сыймайды. Қыстыгүні «мектепке тұрыңдар» деген әкімнің сөзін қалай қабылдауға болады? Үш күн ішінде бейбіт жолмен жәбірленушілердің талабын орындай алмаса, біз республикалық көлемдегі жоғары инстанцияларға, одан нәтиже болмаса, халықаралық ұйымдарға шығатын боламыз, – деді азаматтық белсенді.
Ауруханада тексеруден өткен балалардың сөзінше, арнайы жасақ өкілдері күш көрсеткен.
«Жылы жерімнен көшеге шығарды. Мектепке барып тұратындай жарылыстан қашып, босып келдім бе? «Онда мектепке барып тұрайын, бірақ оны менің атыма жазып бер» десем күледі» деп ашынған желтоқсаншы бүгін қирандыға айналған үйін дәл сол деңгейде басқа жерден алуға болатын өтемақы сұрайды.
Баспана Талғат Жаңбыршиевтің әйелі Күлзия Ахметованың атына тіркелген. Түркістан қаласы Рабиға Сұлтан Бегім көшесі 12 үй Яссауи кесенесіне қарсы бетте 2004-жылы салынған. Ауданы 154 шаршы метр болатын үй асхана, дәлізді есептемегенде негізгі 6 бөлемден тұрады.
«Біз «үйді бермейміз, қарсымыз» деп отырған жоқпыз, «Түркістан дамымасын, көркеймесін» демейміз. Бар айтарымыз, тек баға жағын дұрыстаса екен дейміз. Жұмысымыздан алыстамайық деп маңайдан қарастырып көрсек, Тельман жақтағы құзданып тұрған үйлердің өзі 24-25 миллионнан түспей тұр. ...Мешіттің қарама-қарсы бетіндегі 2004-жылы салынған, алты соттық жері бар екі қабатты үйін небәрі 12 миллион теңгеге ғана бағалады деп наразылық танытуда. «Түркістан облыс атанғалы бері баға шарықтап кетті. Ол ақшаға мен қандай үй аламын?!» – деп ашынады отанасы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев күзде халыққа жасаған алғашқы жолдауында «ел үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жариялаған болатын. Сондай-ақ Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында да мемлекет басшысы «ең алдымен, қарапайым азаматтардың сұранысы мен мұң-мұқтажын басшылыққа алуымыз керек» деп еді. Оның айтуынша, «халықтан жоғары және халықтан биік тұрған ешкім де, ештеңе де жоқ». Десе де басы даудан арылмай, қордаланған мәселелері қоғамдық резонансқа айналып кететін аймақ әкімшілігінің Жаңбыршиевтер отбасын қыс ауасында күшпен көшеге шығарып тастауын көпшілік «заңға томпақ» келетінін сынап, мұны «елді басыну» деп санайды.
Екінші тараптың да пікірін білу үшін, әкімдікпен байланысуға тырыстық. Бірақ сайтта көрсетілген нөмірлерге хабарласып ала алмадық.
Былтыр жазда экс-президенті Назарбаев сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысын Түркістан облысы деп қайта құру туралы жарлық шығарғаны белгілі. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев пен облыс орталығының басшысы Рашид Аюпов қазіргі президент Тоқаевтың «Конституция бойынша біздің еліміз – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан мемлекетіміз азаматтар алдындағы міндеттерін орындауы тиіс» деп жасаған қатаң ескертуіне, одан бұрын ел сөзіне құлақ түре ме екен?