ҰҚСК-нің екінші отырысында мемлекет басшысы бірқатар тапсырмалар беріп, жаңа саяси бастамалардың тетігін ұсынды. Президент Тоқаевтың баяндамасында қамтылған мәселелер мен Ақорда тілмаштарының мемлекеттік тілге немқұрайлы қатынасына бойлап көреміз. 

Кеңестің екінші отырысында Тоқаев сөзін мемлекеттік аппаратқа аз «уақыт ішінде айтарлықтай жұмыс атқарған Ұлттық кеңесті барынша қолдауды тапсырғанын» айтып бастады.

Президент «биліктің диалог орнатуға және реформа жасауға мүдделі екеніне өзінің және ешкімнің күмәні жоқ» деп ойлайтынын жеткізді. Сондай-ақ Тоқаевтың сөзінше, билік сындарлы диалог арқылы жаңа саяси мәдениеттің негізін қалыптастырып жатыр. Ол «бір халық – әр алуан пікір» ұстанымын алға тартып, басшылықтың «басқаша көзқарасты» енді деструктив, қоғамға қауіп деп қарамайтынын қадап айтқандай болды. Өзі атаған реформалардың алғашқы легін елге жариялады.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жариялағанын еске салған мемлекет басшысы «ең алдымен, қарапайымазаматтардың сұранысы мен мұң-мұқтажын басшылыққа алуымыз керек» деді. Оның айтуынша, «халықтан жоғары және халықтан биік тұрған ешкім де, ештеңе де жоқ».

 

Ақорда маңындағылар «реформа», сарапшылар «бастамалар» деп санайтын шешімдер

Президент тарапынан жерді игермейтіндерге базалық салықты 10 еседен 20 есеге дейін өсіру жайлы ұсынылды. Уақытында игерілмеген бос жерге қатысты жаңа тетіктер енгізілмек.

Сонымен қоса мемлекеттік құрылымның ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етуді күн тәртібінен алмауды міндеттеді.

Шағын бизнес табыс салығынан 3 жылға дейін босатылып, тексеруге мораторий жарияланды.

«Реформалар елді дүрбелеңге салатын емес, тұрақты дамуға бастайтын қадам болуы шарт» деген президент саяси бастамалардың алғашқы пакетін таныстырды:

Біріншіден, Конституцияға сай келетін митингілерді ұйымдастыруды жай ғана ескерту қағидатымен жүзеге асыруды бастау керек.  …Бұл менің принциптік ұстанымым.

Қоғамдық санада митингі мәдениетін қалыптастыратын уақыт жетті. Қоғамның да, мемлекеттің де өз пікірін ашық білдіретін уақыты келді.

Бірақ митинг тек құқық қана емес, сонымен қатар жауапкершілік екенін түсіну керек.

Екіншіден, саяси партия құру үшін тіркеу кедергілерін азайту.

Тіркеу үшін партия мүшелері санының төменгі шегін екі есеге азайтуды ұсынамын, яғни 20 мыңға дейін. Бұл – айтарлықтай маңызды өзгеріс.

Ол азаматтық белсенділікті арттыруға қосымша мүмкіндік береді. Жалпы, біз партияларға және сайлауға қатысты Заңдарды бірте-бірте өзгертуіміз керек.

Үшіншіден, партиядағы жастар мен әйелдердің үлесін арттыру.

Төртіншіден, бізге парламенттік оппозиция институты қажет.

Біз балама пікірлер мен қоғамдық талқылау бастауы емес, керісінше, дамудың басты талаптарының бірі екеніне көз жеткіздік» деп ағынан жарылды.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысына Тоқаев қатысты. Елорда. 20 желтоқсан 2019 жыл. Фото: Ақорда

Тоқаевтың көзқарасы және «сөз бостандығын қысқан» бапты ізгілендіру

Сондай-ақ Қылмыстық кодекстегі №130 және 174 баптарды, яғни «жала жабу» мен «қорлау» және «ұлтараздық тудыру» айыптарын декриминализациялау жөнінде тапсырма берілді.

Президенттің жолдау жанрына бергісіз тезистерінде ҰҚСК, ондағы халық пен билікке қатысты мынадай баға берілді:

*Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі халық алдындағы жауапкершілікті сезініп, ел үмітін ақтауы тиіс.

*Билік мемлекетіміздің дамуына, болашағына пайдасы тиетін кез келген оң өзгерістерге дайын.

*Мұның бәрі халқымыздың саяси әрі құқықтық мәдениетінің артқанын айқын көрсетеді.

Тоқаев елге «жақсылықты молайтыпізгі ниетті болуға» үндей отырып, «мәселе тек саясатта ғана емес, көп жайт күнделікті өмірде ұстанатын қарапайым құндылықтарға байланысты» дейді.

 

Президент баяндамасында үнемі қазақ тілінің балансы сақталмайды, неге?

«Әңгіме кирилден латын қарпіне көшуде емес, қазақ тіліне реформа жасауда, жаңғыртуда. Қайталап айтамын, біз қазақ тілін реформалақпыз! Ғалымдардан тұщымды пікір-ұсыныс күтеміз», – деген президенттің бұған дейін үш рет қайта пысықтауға қайтарылған әліпбидің астарында емле-жазу ережесінің жауапкершілігін жете сезіну үшін ғалымдарға екі қарап, бір шоқуға үндеуі құптарлық іс. Бірақ мәлімдемесінде мемлекеттік тіл туралы маңызды пункт қамтылған саяси лидердің спичрайтері идеологиядан алыс па деген күдік туады.

Ақорда сайтында жарияланған баяндаманың тақырыбын қоспағанда 3851 сөзден тұратын 14 беттік маериалдың тек 1288 сөзі (33,4%) ғана қазақ тілінде. Демек тілге реформа жасауды күн тәртібіне қойған мемлекет басшысы сөзінің 3/2 бөлігі, нақтырақ айтқанда 2563 сөз, 66,6%-ы орысша берілген.

Бұл бірінші рет емес. Тоқаев президент болып келгелі бері ел халқына бағытталған мәлімделерінде қазақ тілінің үлесі кеміп, баланс бұзыла береді. Бұған дейін қыркүйектің 2-сі қазақстандық президентке тән жоралғымен Тоқаев «Қазақстан халқына жолдауын» жасады. «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін» деген Тоқаев «тіл үлкен саясаттың құралы екенін» ұмытпауға шақырды. Ақорда мен өзге де БАҚ беттерінде жарияланған мәтінді текстологиялық талдау нәтижесінде 10 беттік мәлімдеменің тек 25%-ы ғана мемлекеттік тілде жазылғаны анықталды. Баяндама мәтініндегі 5960 сөздің 1497-сі қазақ тілінде, ал 4463 сөзі орыс тілінде. Демек «ұлтаралық қатынас тіліне» айналуға «әлеуетті» мемлекеттік тіл 4/1 бөлігін құрайды. 75%-ы орыс тілінде жасалған Жолдау Қазақстан халқына арналған.

Сондай-ақ 16 тамыздағы дәстүрлі Тамыз кеңесінде «Әр халықтың ана тілі – білімнің кілті» – дейді академик Ахмет Жұбанов. Бұл сөз біз үшін негізгі ұстанымға айналуы тиіс» деп шегелей айтқан Қазақстан президенті баяндамасының 29,4%-ы ғана мемлекеттік тілде жазылған. Тоқаевтың Тәуелсіздік сарайында оқыған көлемді мәлімдемесіндегі 2414 сөздің (баяндама атауын қоспағандағы)  тек 711-і ғана қазақ тілінде. 3/1-іне де жетпейтін бөлігі ғана мемлекеттік тілде жариялаған.

"The Qazaq Times"