Бүгін  таңертең сағат 7:22-де Bek Air ұшағы Алматы әуежайынан бір шақырым қашықтықта Талғар ауданына қарасты Гүлдала ауылындағы иесіз екі қабатты үйге құлаған. Жалпы 15 жолаушы қаза тапқан. 

  • Сағат 9:28 шамасында азаматтық авиация комитеті ««Қазіргі уақытта анықталған қаза тапқандар саны – 7 адам. Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша вице-ремьер басқаратын үкіметтік комиссия құрылды. Комиссия құрамына инвестициялар және даму министрлігінің және басқа мемлекеттік органдардың өкілдері кіреді. Комиссия оқиға орнына барады. Апаттың нақты себептері анықталатын болады»,– деген хабар таратты.

Bek Air ұшағы ұшу барысында тауға қарай бұрылғаны туралы мәлімет. Фото: Telegram желісі

  • Ұшақ бортында 95 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болғаны туралы ақпарат белгілі болды.
  • Сағат 9:41-де республикалық төтенше жағдайлар комитеті «осы уақытқа дейін ұшақтың апатынан 9 адам қаза тапты, сонымен қоса 9 адам зардап шеккен, оның 6-ауы бала» деген ақпарат жариялады.

Ұшақ апатқа ұшыраған маңда жауапты мекемелер жұмыс істеп жатыр. 27 желтоқсан 2019 жыл. Фото: әлеуметтік желі

  • Дәл сол уақытта, 9:42 кеткенде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің туиттер парағында ұшақ апатынынан қаза болғандардың жақындары мен туыстарына көңіл айтып, зардап шеккендерге көмектесуге уәде берді. Сондай-ақ төтенше жағдайдың себеп-салдары толық анықталып, жауаптылар қатаң жазаға тартылатынын жазды.

Президент Тоқаевтың жазбасы: "Бүгін Алматы маңындағы жолаушылар ұшағы апатынан қаза тапқан адамдардың туыстары мен жақындарының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Зардап шеккендерге көмек көрсетіледі. Апат себебін анықтау үшін арнайы үкіметтік комиссия құрылды. Кінәлілер заңға сәйкес қатаң жазаланады".

  • 9:47 минут өткенде Алматы қалалық әкімдігі зардап шеккендер 4 қалалық клиникалық аурухана мен балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жіберілгенін хабарлады.
  • 9:48 кезі. Bek Air әуе компаниясының веб-сайтында және әлеуметтік желілердегі аккаунттарында апат және ұшақта болған жолаушылар тізімі туралы әлі де ешбір ақпарат  берілмеді.
  • Азаматтық авиация комитетінің шешімімен ертеңгілік 9:50-де Fokker-100 моделегі ұшақтардыңың Қазақстандағы рейстері тоқтатылды.
  • Сағат 10:21 шамасында Алматы әкімдігі өзінің телеграмм арнасында Bek Air авиакомпаниясының ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан 14 адамның қаза тапқаны туралы хабарлады. Ал Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте әкімдік өкілі қаза тапқандар саны 12 адамға дейін көбейгенін мәлімдеді.

Денсаулық сақтау министрі Біртановтің атына жолданған апат жөніндегі ақпарат берілген құжат әлеуметтік желіде тарап кетті. Фото: Telegram желісі

  • Төтенше жағдайлар комитеті сағат 10:30 шамасында апаттан көз жұмған 7 адамның есімін жариялады:
  1. Астанов Николай 1971 жылы туған
  2. Хайдаров Р., 1940 ж.т.
  3. Қалиев Бауыржан, 1974 ж.т.
  4. Кәрібаев Базархан, 1974 ж.т.
  5. Муратбаев Марат, 1961 ж.т.
  6. Нұрбаев Абай, 1982 ж.т.
  7. Исина А.
  • 10:33 өткенде Алматы әкімдігінің хабарлауынша, жараланған 23 жолаушы қалалық 4 ауруханаға жеткізілген. Оның 8-і кәмілет жасына толмаған балалар мен жасөспірімдер. Төрт ай және бір жастағы екі баланың есімдері әлі белгісіз. Зардап шегушілер сынық, контузия, жабық бас сүйек-ми жарақаттары әртүрлі жағдайында қабылданған.

Әлеуметтік желіде тараған зардап шеккендер тізмі. Фото: Telegram желісі

  • 10:45-те ІІМ таратқан дерек бойынша, оқиға орнында құтқару жұмыстарына 976 адам мен 70 техника құралы, 33 жедел жәрдем бригадасы жұмылдырылған.
  • Күндіз 10:58-де зардап шегушілердің саны 35-ке жеткені, оның 22-сінің жағдайы өте ауыр екені хабарланды. Оқиға орнында 14 адамның қайтыс болғаны белгілі болды.
  • Сағат 11:07 өткенде  инвестициялар және даму министрлігі апатқа ұшыраған Bek Air әуе компаниясының ұшағындағы 93 адамның тізімін жариялады. 93 адамның 3-еуі бала және 5-еуі экипаж мүшесі.
  • Күндіз 10:58-де зардап шегушілердің саны 35-ке жеткені, оның 22-сінің жағдайы өте ауыр екені хабарланды. Оқиға орнында 14 адамның қайтыс болғаны белгілі болды.
  • 11:09-да қоғамдық омбудсмен Аружан Саин және денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккен жолаушыларға қан құюға донор ретінде еріктілер қажеттігі туралы хабарландыру жасады. Аталған хабарландырудан кейін алматылықтар жаппай қан орталығына ағыла бастады.

Апаттан зардап шеккендерге қан өткізуге келген қала тұрғындары. 27 желтоқсан 2019 жыл. Фото: әлеуметтік желі

  • 11:18 шамасында Қазақстанның экс-президенті Назарбаев жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады.

«Алматы әуежайынан ұшып шыққан «Bek Air» әуе компаниясы ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жайлы хабарды зор күйзеліспен қабылдадым. Қайғыға ортақтаса отырып, қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Барлық зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілеймін», - делінген жеделхатта.

  • Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, сағат 11:20 кезінде шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев ұшақ апатқа ұшыраған оқиға орнына барып, кейін зардап шеккендер жеткізілген үш қалалық ауруханада болған.
  • Инвестициялар және даму министрлігінің  баспасөз хатшысы Мадияр Уақпаев сағат 11:35-те Bek Air әуе компаниясының қызметі тоқтатылғанын мәлімдеді.
  • 11:40 шамасында қалалық денсаулық сақтау басқармасы Тілеухан Әбілдаевтің сөзінше, оқиға орнында 14 адам, 4 ауруханада бір қыз қайтыс болғаны нақтыланды. Зардап шеккен 12 адамның жағдайы өте ауыр. Сонымен қатар 50 жолаушы ауруханаға жеткізілгендігі белгілі болды.
  • Сағат 11:48 минут өткенде елорда әкімі Алтай Көлгінов туиттер парағында  ауыр апаттан қаза тапқан жолаушылардың туыстарына көңіл айтты.

"Әуежайда Кризистік орталық ашылды,төтенше жағдайлар департаментінің шұғыл әрекет ету штабы құрылды.Тел: 24-52-12, 24-51-71.Елорда әуежайында психологиялық көмек көрсетілуде", – деді ол.

  • 12:09-да Informburo.kz ақпараттық платформасының басшылығы апатқа ұшыраған Bek Air ұшағында жолаушылар қатарында белгілі журналист және шығарушы редактор Дана Круглова қайтыс болғаны туралы суыт хабар жеткізді. Ақпарат құралының бас редакторы Михаил Дорофеев:

«Дана Круглова нағыз журналист болатын. Оның мақалалары резонанс тудырып, барлық редакция үшін үлгі бола білді. Дана жыл басында шығарушы редактор болып, 1 желтоқсанда зерттеу-талдау бөлімін басқаруға кірісіп еді. Дана адал, батыл, сонымен бірге объективті, байсалды болды. Қаралы хабар бәріміз үшін ауыр қайғы болды», – деді.

Дана Круглова. Фото: Informburo.kz

Біздің редакция ұжымы да оқыс жағдайда бақил болғандармен бірге 35 жастағы әріптесіміздің отбасы мен жақындарына қайғырып, көңіл айтамыз.

  • 12:21-де ІІМ баспасөз қызметі "Адамдардың өліміне қатысты ІІМ сотқа дейінгі тергеу шараларын ҚР Қылмыстық кодексінің 344-бабы ("Темiржол, әуе, теңіз немесе өзен көлiгi жүрісі немесе оларды пайдалану қауiпсiздiгi қағидаларын бұзу") бойынша жүргізіп жатыр",  – деген хабар таратты.
  • Түске таяу 12:26 шамасында Bek Air әуе компаниясы жасаған арнайы мәлімдеме жарияланды. Компания сайтында:

"Құрметті қазақстандықтар! Қайғылы жағдайға байланысты Bek Air компаниясы атынан көңіл айтамыз. Қазіргі уақытта біз оқиға орнында жұмыс істеп жатқандардан ресми мәлімет күтіп отырмыз. Сіздерден аноним хабарламаларға назар аудармауларыңызды сұраймын, себебі олар алаяқтық мақсатта таралуы мүмкін. Өтініш, ресми ақпарат күтіңіздер", – делінген.

  • Инвестициялар және даму министрлігінің баспасөз қызметі 12:28-де апатқа ұшыраған Bek Air ұшағының экипаж мүшелері туралы хабарлады. Әуе кемесінің капитаны – Мұратбаев Марат Ғаниұлы, 1961 жылы 7 наурызда туған. ATPL капитанының №000179 куәлігі, 2024 жылдың 26 ​​сәуіріне дейін жарамды. Екінші пилот – Молдакұлов Мейіржан Ғайнуллаұлы, 1965 жылы 4 мамырда туған. ATPL №000796 сертификаты, 2022 жылдың 6 наурызына дейін жарамды. Борт жолсеріктері: Валиулина М., Сахов М.А., Османов Р.Д. болған.
  • 12:35 өткенде Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ерлан Әлібеков әуежайда өткен брифингте оқиға орнындағы құтқару жұмыстарының аяқталғанын айтып, ұшақта ешкім қалмағанын жеткізді.
  • Түсте, нақтырақ айтқанда сағат 12:50-де мемлекет басшысы Тоқаев Алматы маңында ұшақ апатынан адамдардың қаза болуына байланысты 27 желтоқсан "жалпыұлттық аза тұту күні" деп жариялады.

Президент тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли таратқан хабар. 27 желтоқсан 2019 жыл. Фото: Facebook желісі

  • Қазақстанның төтенше жағдай комитеті 13:09-да аты-жөні анықталған 12 марқұмның тізімін жариялады:
    1. Муратбаев Марат Ганиевич, 1962 жылы туған, авиациялық командир
    2. Асташов Николай Андреевич, 1971 ж.т.
    3. Қайдаров Рустам Есімханұлы, 1940 ж.т.
    4. Қалиев Бауыржан Серікұлы, 1974 ж.т.
    5. Кәрібаева Базархан, 1951 жылы туған
    6. Исина Аршат
    7. Нұрбеков Абай Жауғаштайұлы, 1986 ж.т.
    8. Аманжол Сания
    9. Круглова Дана Арыстанбайқызы, 1984 ж.т., әуежайда
    10. Туматов Қайырхан Идиқанбекұлы, 1955 ж.т., әуежайда
    11. Оспанова Имина Фатиевна, 1963 ж.т., ауруханада
    12. Ануфриев Валерий, ауруханада қайтыс болды.
  • Түсте 13:15-те ішкі істер министрлігі таратқан мәлімет бойынша, апатқа ұшыраған Bek Air ұшағында 4 шетел азаматы болған. Оның екеуі Украина азаматы, сонымен қатар Қырғызстан мен Қытай азаматтары көрінеді.
  • Сағат 13:28 минут өткенде Алматы қалалық №4 клиникалық ауруханасының бас дәрігері міндетін атқарушы Айман Байсұлтанова 19 адамның сегізі реанимация бөлімінде жатқанын хабарлады. Ол:

- 11 адам ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді. Олар реанимация бөліміне жатқызылды. Қазіргі кезде 6 операция жасалды. 8 науқас реанимация бөлімінде жатыр. Екі адам көз жұмды. Туыстарына хабар берілді. Қаза болғандардың отбасына көңіл айтамыз, – деді.

  • Вице-премьер Роман Скляр 14:00-де ұшақ апатының болжалды себебі – техникалық ақау және ұшқыштың қатесі деп мәлімдеді.
  • Сағат 14:37 өткенде Путин Тоқаевқа көңіл айту жеделхатын жолдады.«Жақындарынан айырылған адамдардың қайғыларына ортақтасамыз және барлық зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектеспіз», – делінген.
  • Түс ауа 15:00-де Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков «Қырғыз Республикасының және өз атымнан қаза тапқандардың жақындары мен туыстарына көңіл айтамын, қайғыға ортақпыз. Зардап шеккендердің тез жазылып кетуіне тілектеспіз» деп, көңіл айтты.
  • Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  Ақордада Алматы маңындағы ұшақ апатына байланысты шұғыл кеңейтілген  кеңес өткізді. Ұшақ апатының себептерін егжей-тегжейлі анықтау жөнінде және қаза тапқандардың әрқайсысына 4 миллион теңгеден қолдау төлемі берілетіні туралы нақты тапсырмалар берді.

Ақордадағы кезектен тыс кеңес. 27 желтоқсан 2019 жыл. Елорда. Фото: Ақорда

"The Qazaq Times"