«Bek Air» күні бүгінге дейін халықаралық аудиттен өтуден бірнеше мәрте бас тартқан. Өткен аптада орын алған апаттан кейін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қазақстан азаматтарына «Bek Air» компаниясының ұшақтарына билет алмауға кеңес берді.

Министрліктің Telegram парақшасындағы хабарламасында: «Bek Air» әуе компаниясының эксплуатант сертификатының белгісіз мерзімге тоқтатылуына байланысты азаматтарға аталған әуе компаниясының рейстеріне билеттер сатып алмауға кеңес беріледі», – делінген.

27 желтоқсан сағат 7:22-де Bek Air ұшағы Алматы әуежайынан бір шақырым қашықтықта Талғар ауданына қарасты Гүлдала ауылындағы иесіз екі қабатты үйге құлап, салдарынан 15 жолаушы қаза тапқан. Оқиғадан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев  Ақордада Алматы маңындағы ұшақ апатына байланысты шұғыл кеңейтілген  кеңес өткізіп, ұшақ апатының себептерін егжей-тегжейлі анықтау жөнінде және қаза тапқандардың әрқайсысына 4 миллион теңгеден қолдау төлемі берілетіні туралы тапсырмалар берді.

Айта кетер жайт,  «Bek Air» халықаралық аудиттен өтуден бас тартқан Қазақстандағы жалғыз әуе компаниясы болатын. 2016 жылы халықаралық ұйымның қауіпсіздікке қатысты тексеруінен өткісі келмеген әуе компаниясының басшылығын «Атамекен» ҰКП қолдағаны белгілі.

"The Qazaq Times"