Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ елдегі әлеуметтік жағдай мен өзі басқарып отырған үкіметтің қызметіне қатысты: «Біз бар күшімізді елде тұрақты саяси жүйе орнатуға және халыққа берген уәделерді орындауға жұмсадық», – деп атап өтті. Сондай-ақ ол алдағы уақытта жапон халқына адал қызмет етіп, экономикалық, әлеуметтік жағдайларды нығайту үшін еңбек ететінін айтып, уәде берді.
Бір қызығы, Синдзо Абэ ел тарихында ұзақ мерзімге билік тізгінін ұстап отырған премьер-министр. Ол үкіметті 2006-2007 жылдарды есепке алғанда жалпы саны 2887 күн басқарған. Бұл Жапония саясатында алғашқы ұзақ мерзім саналады. Абэ осы уақытқа дейін ауысқан өзге үкіметтерге қарағанда, өз әкімшілігі жоғары нәтижеге қол жеткізген министр. Абэге дейін бұл рекорд Жапонияның 11-ші премьер-министрі болған Таро Кацураға тиесілі еді. Ол билікте 2 886 күн отырған.
Абэ бірінші премьер-министр ретінде 2006 жылдың 26 қыркүйегінен 2007 жылдың 26 қыркүйегіне дейін қызмет етті. Екінші рет ол жалпы сайлауда ЖДП-ның айқын жеңісінен кейін 2012 жылдың желтоқсанында үкіметті басқарды. Өткен жылы ол елдегі басқарушы Либералды-демократиялық партияның (ЖДП) төрағасы болып қайта сайланды. Осылайша, ол үкіметті 2021 жылға дейін басқаруға мүмкіндік алды.
Күні бүгінге дейін үкімет басшысы 72 жылдан көп уақыт бұрын жазылған конституцияға өзгеріс енгізгісі келетінін біраздан бері байқатып келеді. Негізгі заңның қазіргі заман талабына толық жауап бере алмайтынын айтқан Синдзо Абэ әсіресе, мемлекеттің өз әскерін құрудан және соғыстарға қатысудан бас тартуын міндеттейтін 9 бапты қайта қарауды ашық айтып жүр. Ол 2020 жыл Жапонияның қайта жаңғыратын жылы болады деп сенеді.
Әлеуметтік жағынан алып қарасақ, Жапонияда қазаннан бастап салық 10%-ға көтерілді. 2014 жылы елде тұтыну салығы 5-тен 8%-ға дейін жоғарылаған. Синдзо Абэ кезінде акция бағасы өсіп, салықтық түсімдер едәуір молайды. Дегенмен, бұл бала туу мен халықтың қартаю көрсеткішінің төмендеуінен әлеуметтік шығындарды жабуға жеткіліксіз. Сондықтан әлеуметтанушылар үкіметке салық өсіміне арқа сүйемей, мәселені шешудің жаңа жолдарын қарастыру қажет екенін айтады.