Жексенбіде Гонконгте полиция мен ереуілшілер арасындағы қайшылық тереңдей түсті. Гонконг Политехникалық университетінде студенттер мен ереуілші топ полицияға күшті қарсылық білдірді. Полиция тарабы наразы топты таратып, алаңды тазалау үшін ауыр техникаларды да қолданған.
Жексенбіде Гонконгтан әлемге тараған суреттерге қарап-ақ, полиция мен ереуілшілер арасындағы қақтығыстың қай деңгейде болғанын байқауға болады. Политехникалық университеттің маңында өртенген көшелер мен көліктер, құлаған дуалдар және шашылған қирандыларды көрінеді. Полиция политехникалық университеттің маңындағы барлық жолды құрсаулап, тек бір ғана жол қалдырған, ол жолдан шығу үшін жеке куәліктерін тексертуге мәжбүр болған. Ереуілшілер полицияны университет ішінен кіргізбеуге тырысып, полицияға қарсы жанармай құйылған бөтелкелерді, тастарды пайдаланған. Ал, полиция тарабы арнайы су шашатын техникалар мен сауытты көліктерді және жасауратқыш газ қолданған.
Полиция тарабы политехникалық университет маңындағы әрекеттерді жаппай тәртіп бұзу ретінде бағалады және қатаң ескерту жасады. «Политехникалық университет маңындағы зорлық-зомбылық әрекеттер жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Оларды жақтаушылар да тәртіп бұзушы ретінде қаралады», – делінген полиция ескертуінде.
Гонконгтағы шиеленістің күшеюіне байланысты бастауыштан тартып, жоғары оқу орындарына дейін мерзімінен тыс демалыс беріліп, сабақтар тоқтатылған. Аптаның соңғы күндері қалада көлік қозғалысы да қиындай түскен. Политехникалық университеттегі оқиғадан кейін полиция мен ереуілшілер арасындағы қайшылық тіпті де тереңдей түсті.