Бір топ қоғам белсендісі Әбішев ісін қарап жатқан судья Қажымұқан Мекемтастың БАҚ өкілдерінің сот процесін аудио-бейнежазбаға таспалауына тыйым салған қаулысына байланысты Жоғары сот төрағасы Жақып Асановқа ашық хат жариялады.
Қоғам белсенділері мен белгілі журналистер Сәуле Әбединова, Қазыбек Иса, Өмірзақ Ақжігіт, Зәуре Мұсаходжаева, Нұрбек Қойлыбай, Асхат Берсалимов, Нұрболат Адырбек т.б. ұйымдасып, Жоғары сот төрағасы Жақып Асановқа Әбішев ісіне қатысты өтініш жолдады. Сот жүйесін ізгілендіруді, судьялардан әділ шешім шығаруды талап етіп, БАҚ алдында «күрескер» имиджімен танылған Асановтың Әбішев ісін қарап жатқан судья Қажымұқан Мекемтасқа қандай шара қолданатыны әзірге белгісіз. Бұған дейін «пара алуға ыңғай танытты» деген айыппен белгілі шенеунік Ислам Әбішев күдікке ілініп, тергеу амалдары аяқталып, іс сотқа жолданған. Ел ішінде «көп сериялы күзгі комедия» атанған іске қатысты құқық қорғаушылар Әбішевтің «бөлінген қаражатты үлкен ойыншылармен бөліспей, бюджетке кері қайтарғаны» үшін «арнайы тапсырыс берілген сценраий» бойынша айыптап жатқанын айтады. Әбішев сотына төрелік етіп жатқан судьяның адвокат Абзал Құспан «прокурордан да өткен айыптаушы» екенін мәлімдеген болатын. Әр сот отырысын тікелей эфирден үзбей қарайтын азаматтық қоғам өкілдері судья Қажымұқан Мекемтастың сот отырысында өзін ұстауы мен мемлекеттік тілді жетік меңгергеніне күмәнмен қарайды. Бұған себеп судья Мекемтас оқыған екі бет қаулыда 70-ке тарта қате табылған. Мұны Әбішевтің адвокаттары мен қорғаушылары тексеріп анықтаған.
Кеше судья Мекемтас Әбішев ісі бойынша осы күнге дейін еш шектеусіз ашық жүргізіліп келген сот процесінде БАҚ өкілдеріне аудиоға жазып, видеоға таспалауға тыйым салуы қоғамның наразы көңіл-күйін өршіте түсті. Адвокаттар мен сотқа қатысушыларға қайта-қайта ескерту жасап, «шығарып жіберетінін» айтатын судья Мекемтас пен Шаяхметованың әрекетінен «айыптаушылық пафосы» байқалады. Судьяның БАҚ қызметі, соның ішінде қызметтік құрылғыларын пайдалануды шектеуінің құқықтық негізі бар-жоғын құзырлы орган тарапынан ешкім түсіндірген жоқ.
ҚР Жоғары сот төрағасы Ж.Асанов мырзаның назарына:
Елордадағы ауданаралық мамандандырылған сотының судьясы Қ.Мекемтастың «Әбішев ісіне» қатысты сот процесін аудио-видеотаспаға түсіруге тыйым салуы объективтілікті қамтамасыз етпейді, керісінше, ақпараттардың шынайы берілуін тоқтатып, объективсіз мәлімет таралуына жол береді.
Сіздердің сот ретінде жұмыс құралдарыңыз әртүрлі заңдар және іс материалдары болса, біздің, яғни журналистердің жұмыс құралы – жазу, түсіру құралдары. Қазір ХХІ ғасыр. Ақ парақ пен қалам арқылы сот процесін қаз-қалпында қағазға түсіру мүмкін емес.
Бізге өз жұмыс құралымызды пайдалануға тыйым салуы – журналистің жұмысына кедергі жасау деп білеміз. Бұл прокурор Сүлейменовтің, судья Мекемтастың істі тек айыптау бағытында, біржақты жүргізуге мүдделі екенін көрсетеді.
Өзіңіз еліміздің ең әділ әрі Жоғары сот төрағасы ретінде судья Мекемтастың журналистердің құқығын таптаған қаулысының күшін жоюға ықпал етіп, сот барысын аудио-видео таспаға жазуға рұқсат беруіңізді сұраймыз.
Болашақта тәртіп бұзған журналистер болса, жеке ескерту жасаса, жеке шешім шығарса, қарсы емеспіз. Барлық журналистерге бірдей тыйым салуын жоғарыдан, яғни қандайда бір ықпалды тұлғалардан түскен тапсырыс деп қабылдаудан басқа амалымыз жок.
Мұндай цензуралық көзқарас зайырлы мемлекет ретінде ел имиджіне кері әсер етері сөзсіз.
Өтінішімізді ашық хат ретінде де, ресми түрде де мәлімдейміз.