Қоғам белсендісі, белгілі журналист Сәуле Әбілдаханқызы шикі тұсы көп, атышулы "Әбішев пен Түкиевтің ісіне" сот үкімі шығатын күн жақындағанын хабарлады. Ол facebook желісіндегі жеке парағында жариялаған жазбасында "Әбішев сотына" алаңдаушыларға тың деректер бөліскен. Келесі сот отырысы 8 қаңтарға бекітілген.
Үш айға созылған сот барысында айыптаушы жақтың да, қорғау тарапының да куәгерлерінен (30-ға жуық адам) толық жауап алынды. Сотқа қатысушылар Іс материалдарын (30 том) бастан-аяқ зерттеді. Сотталушы И.Әбішев пен С.Түкиевтен толық жауап алынды. Енді тек "сөзжарыс" пен "үкім" қалды. Ары кетсе, 15 қаңтарға дейін аяқталу керек.
Естеріңізге сала кетсек, И.Әбішев пен С.Түкиевтің Астанада түрмеде (СИЗОда) отырғанына 10 ай болды. Тергеу органдары И.А.Әбішев және С.Тукиевке мынадай жағдайда пара алуға оқталды деп айып таққан.
Іс былай болған:
1. Бұрын қаржы полициясында «аса маңызды істер бойынша жедел қызметкер» болып қызмет атқарған Азамат Шаймерденов, «Қазбайлық» мекемесіне қатысы бар адамды танитын Макишев (Мәкішев) есімді адамға жолығып, оған «Қазбайлық» мекемесінен И.А.Әбішевтың аса ірі көлемде (250 000 000 екі жүз елу миллион теңге) пара талап еткенін жеткізеді,
2. Макишев өз кезегінде, сол мекемеге іс жүзінде қатысы бар деп есептелетін, бірақ онысы құжат түрінде рәсімделмеген Тюлегенов есімді азаматқа жолығады,
3. Айыптау актісіне сәйкес, «Тюлегенов (Төлегенов) басында келіскендей сыңай танытып, кейін қандай да бір болмасын ақша сомасын беруден бас тартады»,
4. Соған қарамастан Азамат Шаймерденов 21.12.2018 ж., «Қазбайлық» мекемесінен пара талап етіп жатыр деп И.А.Әбішевтың үстінен ҚР СЖҚК Ұлттық Бюросына арызданады,
5. ҚР СЖҚК Ұлттық Бюросы Азамат Шаймерденовке өз есебінен 10 000 000 (он миллион) теңге береді,
6. Азамат Шаймерденов 2019 жылдың қаңтар-ақпан айларында екі бөліп 10 000 000 (он миллион) теңгені «Қазақ күресі» Федерациясының атқарушы директоры С.Тукиевке береді, (өз инициативасымен, демеуші боламын деген);
7. С.Түкиев ол ақшаны, демеушілік көмек ретінде спортшылардың қажетіне жаратады, (Голландияға бірнеше спортшыны жарысқа апарады);
8. Азамат Шаймерденов 50 000 000 (елу миллион) теңгені (оның ішінде өзінің де, Ұлттық Бюроның да ақшалары бар) 14.03.2019 жылы Шындаулетов Құнанбай есімді азаматқа береді,
9. Тергеудің версиясы бойынша аз. Шындаулетов Құнанбай ол ақшаны аз. Абишев Қаныбекке беруі, ал ол өз кезегінде осы іс бойынша «пара алушы» статусына ие Ислам Әбішевке беруі тиіс болатын,
10. Алайда, тергеу органдары 14.03.2019 жылы операцияны тоқтатып, 50 000 000 (елу миллион) теңге алған аз. Шындаулетов Құнанбайды және Ислам Әбішев пен Серік Тукиевті аса ірі көлемде пара алмақшы болды деген күдікпен ұстайды?!
11. Артынан 50 000 000 (елу миллион) теңге алған аз. Шындаулетов Құнанбай және тергеудің версиясы бойынша одан алып Ислам Әбішевке беру тиіс Абишев Қаныбекке қатысты қылмыстық істер, олардың әрекетінде қылмыс құрамы болмауына байланысты тоқтатылған!
12. Ал ешқандай ақша алмаған және стенограммада ақша алу, беру, талап ету туралы бірде-бір сөзі жазылмаған және Азамат Шаймерденовтен басқа ешбір адам пара алушы деп көрсетпеген Ислам Әбішев пен Азамат Шаймерденовтен «Қазақ күресі» Федерациясына демеушілікке деп 10 000 000 (он миллион) теңге алған және оны сол мақсатта жұмсағаны тергеумен анықталған Серік Тукиев, пара алуға оқталды деген айыппен қамауға алынады.
13. Пара талап етілді деген «Қазбайлық» мекемесі болса, Ислам Әбішев басқарған «Су ресурстары Комитетімен» 2018 жылдың күзінде шарт жасасып, осы кезге дейін еш кедергісіз өз жұмыстарын атқаруда, оның үстіне сотта куә ретінде жауапталған «Қазбайлық» басшысы Тюлегенов И.Әбішевті де, А.Шаймерденовті де бұрын танымайтынын, оларға пара ретінде ақша беру туралы ойында да болмағанын айтты. Яғни, іс бойынша пара беруші жоқ!
14. Егер сот И.Әбішев пен С.Тукиевты кінәлі деп тапса, оларға жаза ретінде он жылдан жоғары бас бостандығынан айыру көзделген.
15. Алайда, олардың "пара алғанын да, пара алғысы келгенін" де дәлелдейтін бірде-бір факт, айғақ, дәлел жоқ.Әлем криминалистикасында мұндай "қылмыс" болмаған шығар...
Трагикомедия десеңіз де, фарс десеңіз де, "детектив по-казахский" десеңіз де, өзіңіз біліңіз...
"Жылдың ең шулы ісі" дейін десем, біздің елде барлық істер өте шулы екен...