Елордасында Алматы аудандық Полиция басқармасының тергеушісі Диханов ҚР ҚК 366-бабының 1-бөлімімен кінәлі деп танылып, заңсыз жолмен 80 мың теңге алғаны үшін, пара көлемінен 25 есе айыппұл салынды.
Астаналық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментінің хабарлауынша, экс-тергеушіге 2 миллион теңге айыппұл салынып, ең ауыры, өмір бойына мемлекеттік қызметтегі лауазымдарды атқару құқығынан, «полиция лейтенанты» арнаулы атағынан да айырылды.
Антикоррупция ведомствосы ҚР ҚПК 200-бабына сәйкес сыбайлас жемқорлық қылмыстарды жасауға ықпал ететін жағдайларды жою аясында Алматы аудандық Полиция басқармасының жеке құрамымен кездесуі өткізді.
Кездесу барысында департамент қызметкерлері және арнайы мониторингтік топтың төрағасы Шавкат Исмаилов адалдық құндылықтарын қалыптастыру және қоғамның мемлекеттік органдарға сенімін арттыруға бағытталған алдын алу шаралары туралы, сонымен қатар «Астана – адалдық алаңы» жобасы аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен халықтың бірлескен жұмыстары жөнінде сөз етті.
Қазақстанда сыбайлас жемқорлық қылмысы бәсеңдемей, керісінше өршіп тұр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің дерегі ойынша, бір ғана Ақтөбе облысының өзінде биылғы 9 айда жемқорлыққа қатысты басы бүтін 99 іс тіркеліп, тергеу жүріп жатыр. Оның 50%-ы ауыр санатқа жатады деседі: қаржы жымқыру, мемлекет қаржысын талан-таражға салу дерегі бойынша 30 іс, қылмыстық өкілеттілігін асыра пайдалануда 38 іс, пара алуда 24 қылмыстық іс бар.
Күнбе-күн өршіген жемқорлықтың «салдарымен күрес» қашанғы жалғаспақ? Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі бойынша 124-ші орынға жайғасқан Қазақстанда қазына ұрыларының үлкені шалқып, ұсағы оңай тұтылып жүр. Азаматтық қоғамның белсенді өкілдері «Ұсақ ойыншылар тұтылған кезекті профилактика», «Араны зор парақорлар мен ұрыларды ұстауға дәрменсіз, себебі бәрінің ауызы бір» деп санайды.
«Айран ішкені құтылып, шелек жалағаны тұтыла қоятын» сыбайлас жемқорлықпен күрес саясатының курс-бағдарын өзгертуге ақжағалылардың батылы бара қояр ма екен?