Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі 23 қазан күні Түркістан облысы Жетісай ауданы Қызылқұм селолық округінің әкімі мен Шымкент қаласының әл-Фараби ауданы әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің басшысы пара алды деген күдікпен қылмыс үстінде ұсталғанын хабарлады.  

Қазақстанның оңтүстігінде екі бірдей әкімдік қызметкері сыбайлас жемқорлық айыбымен күдікке ілінді. Шымкент қаласының әл-Фараби ауданы әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің басшысы «сауда жасауға рұқсат беру және кәсіпкерлік қызметке жалпы қамқорлық жасау үшін азаматтан жалпы сомасы 65 мың теңге алды» деп ұсталып, сотқа дейінгі тергеуді басталған.

Сонымен қатар, осы тақілеттес қылмыс бойынша Түркістан облысы Жетісай ауданы Қызылқұм селолық округінің әкімі де жеке тұрғын үй құрылысына жер телімін беру үшін 500 мың теңге сомасында пара алды деп айыпталып отыр. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Күдіктілерге қатысты соңғы шешімді сот шығарады.

Естеріңізде болса, өткен аптаның сенбісі, 17 қазан елордадағы Алматы ауданының әкім орынбасары мен жаңаөзендік судья пара алғаны үшін 3 жылға бас бостандығынан айырылып, қылмыстық іске қатысы бар өзге де айыпталушыларға жаза тағайындалған болатын.

Күнбе-күн өршіген жемқорлықтың «салдарымен күрес» қашанғы жалғаспақ? Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі бойынша 124-ші орынға жайғасқан Қазақстанда қазына ұрыларының үлкені шалқып, ұсағы оңай тұтылып жүр.

«Айран ішкені құтылып, шелек жалағаны тұтыла қоятын» сыбайлас жемқорлықпен күрес саясатының курс-бағдарын өзгертуге ақжағалылардың батылы бара қояр ма екен?

"The Qazaq Times"