Биыл республиканың әр аймағында атыс қаруын негізсіз қолдану оқиғалары жиілеген.
Көп жағдайда қасақана жасалатын аса ауыр қылмыстар ішкі істер органдарында тіркелмеген заңсыз қаруларды қолданумен болып жатады. Демек елде суық қарудың көлеңкелі саудасына әлі де еркіндік беріліп отыр. 2018 жылғы лигитимді базадағы дерек бойынша, Түркістан облысында 15 061 қару иесінің қолында тіркелген 18 546 қарудың есебі анықталған. 4 897 шымкенттіктің иелігінде 6 253 қару бар.
Бейбіт күні қару қолданудың қатаң регламентін бұзатындарға тыйым болмай тұр. Құдайдың құтты күні елді тіксінткен атыс, оқ жаудыру, бетпе-бет келіп бытырамен жайратып кету көбейген. Мұның себебін азаматтық қоғам ІІМ қауіпсіздік уәзипасының үдесінен шыға алмауымен байланыстырады.
Бір ғана ақпараттық порталдың қоржынындағы биыл болған қарумен оқ ату фактілері:
- 7 наурыз Алматыдағы Бостандық ауданының орталығында төрт адам атысқаны есімізде.
- Шымкентте 21-22 наурыз Тәуке хан даңғылы бойындағы түнгі клубтардың бірінде қонақтардың арасында төбелес шығып, соңы атысқа ұласты. Қарулы қақтығыс салдарынан екі адам зардап шекті.
- 29 наурыз Атырау халықаралық әуежайында әйелдің (Наталья Дажук) аяғына абайсызда оқ атып алған полиция сержанты Мәмбетияров атағынан айырылып, жұмыстан қуылған.
- 16 сәуір сағат 21:45-те Ақтаудағы 32Б шағынауданында үйінің балкон терезесінен көшеге оқ атқан ер адам өзінің әрекетін бейнежазбаға тартып, инстаграм желісіне «Көңіл-күйің нашар болғанда, ішіңдегіні осылай шығару керек» деген жазбамен жүктеген болатын.
- Дәл осы күні кешкілік Атырауда Мақат ауданының тұрғынына екі ауылдасы (1973 және 2002 ж.ж.) бытырамен оқ атып, сол иығынан жарақаттанып жансақтау бөлімінде көз жұмған.
- Сәуірдің соңына қарай Қостанай тұрғыны Спортивная көшесінің маңындағы үй ауласында тұрып автоматтан оқ атқан оқиға елдің үрейін ұшырған болатын.
- Тамыздың 7-сі Алматыдағы 28 гвардиялық-панфиловшылар атындағы саябақта белгісіз ер адам тапаншамен аспанға оқ атқан.
- 25 тамыз елорда көшелерінің бірінде жанжалдасқан топтың бірі мылтықпен қарсыластарына оқ жаудырып, салдарынан үш адам жарақат алып, біреуі көз жұмған.
- 26 тамыз күні, таңғы 4.00-тер шамасында Петропавл қаласында бизнесменге екі күдікті (1990 және 1997 ж.ж.) шабуыл жасап, оқ атқан болатын.
- 26 тамызда Талғарға аудан әкімінің қабылдауына келген қоғам белсендісі Галина Арзамасоваға әкімдік ғимаратының алдында Панфилов ауылдық округінің әкімі Нұрғали Аппазов пен оның жүргізушісі Ғани Сманов оқ атып, жерлесін жамбас сүйегінен жарақаттаған.
- 6 қыркүйек Павлодар тұрғыны мазамды алды деген себеппен пәтерінің терезесінен маршруттық таксиге пневматикалық қарумен оқ атқан.
- 9 қыркүйек түс әлетінде мектепте болуы тиіс бір топ шымкенттік оқушы трасса бойында төбелесіп, бір-бірімен атысқан.
- 15 қыркүйек Қарағанды орталығындағы түнгі клубтардың бірінде белгісіз бір топ адам оқ атқан.
- 9 қазан Қарағандыда белгісіз адам жолаушылар толы үш автобусқа: 70-ке жуық жолаушысы бар № 33, 120 жолаушы болған № 45 және 45-ке тарта жолаушы №40 автобустарға пневматикалық қарудан оқ жаудырған.
- 29 қазан Шымкент қаласының Арғынбеков көшесіндегі дәмханада ер адам оқ жаудырып, салдарынан бір азамат көз жұмып, бес кісі жараланған.
Зайырлы әрі демократиялық құндылықтарға арқа сүйейтін құқықтық қоғамның басты байлығы - адам десек, оның өмірінің қауіпсіздігіне негізсіз нұқсан келтіретін мұндай орынсыз жағдайларға жол берген жоғары ведомство мен күштік құрылымдардың бейбіт халықтың тыныштығын сақтау-қорғау қызметін жетілдіру міндеті кезек күттірмейтінін түсінсе керек-ті. Қазақстанда тіркелген-тіркелмеген атыс қаруларын қолдану фактісі, онда жараланғандар мен зардап шеккендердің, қайтыс болғандардың статистикасы жасалмайды.