Қырғыз бен тәжік арасынан тағы да шу шықты. Кеше, 27 қаңтар кеште Баткен-Исфана жолындағы Төрт-Көше және Чыр-Дөбе жерлерінде оқ атылып, соңғы ауқымды қақтығысқа ұласа жаздады. Тараптар шекараға жақын әскери техникалар мен қосымша әскери күштерін тартты. Дегенмен, Баткен және Согди облыстарының жоғары басшылары мен әскери жетекшілер арасындағы кездесуден кейін оқ атпау келісіміне келді.
Қырғыз ақпарат құралдарының мәліметтеріне қарағанда, оқиға өте жылдам шиеленіскен. Кеше кешкі сағат 17:30 бен 18:00-ге дейін Баткен-Исфана трансшекаралық жолның Төрт-Көше бөлігін Тәжікстан шекарашылары біртарапты жауып тастаған. Екі жақтың шекара өкілдері арасындағы сөйлесуден кейін 19:30 шамасында жол қайта ашылған. Алайда, жол ашыла салысымен (мәліметтерге қарағанда 19:35 шамасында) тәжік тарабы Чыр-Дөбе жеріндегі қырғыз шекарашыларына оқ ата бастаған.
Қырғызстанның Ұлттық Қауіпсіздігі Мемлекеттік Комитеті кешкі сағат 20:30-да мәлімдеме жасап, екі ел шекарасындағы жағдайды «шиеленісті күйге өтті» деп мәлімдеді.
Түнге қарай екі елдің жоғары лауазымды тұлғалары телефон арқылы сөйлесіп, диалог орнатуға тырысқаны байқалады. Соның нәтижесінде Қырғызстан президентінің Баткен облысындағы арнайы өкілі Адікәрім Алимбаев пен ҰҚМК-ның Баткен облысы бойынша жетекшісі Қиялбек Төленбаев делегация бастап, Тәжікстанның Согди облысы губернаторы Раджаббай Ахмадзода, шекара өкілі генерал-майор Х.Пиракзода бастаған өкілдермен келіссөз өткізген.
Келіссөз нәтижесі бойынша тараптар: Оқ атыспау; шекараға тартылған қосымша әскери күштерді кері қайтару; Баткен-Исфана жолын ашу; шиеленісті ушықтырмау үшін шекара аймақтардағы құқық қорғау қызметінің жұмысын қалыпқа түсіру қатарлы келісімдерге келді.
Кезекті шекара жанжалының себебі туралы түрлі болжамдар бар. Төрт-Көше тараптардың шекара бөлуде әлі де келісімге келе алмаған, таласты жерлерінің бірі. Тараптар диалог орнатып, оқ атыспау келісіміне қол жеткізгенімен шекаралық жанжал әлі де қауіпті күйін сақтап тұр. Қырғызстан құқық қорғау қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеп тұр.
Қырғыз-тәжік шекарасындағы жанжал бойынша ҰҚШҰ да мәлімдеме жасап, тараптарды оқ атыспауға, тұрақтылықты қамтамасыз етуге шақырды. Ұйымның бас хатшысы қос тараптың өкілдерімен телефон арқылы сөйлескен.