Жазу-сызу жоқ уақыттардың, былайша айтқанда “Тарихқа дейінгі” замандардың болмысын түсіндіруге мифологияның аса маңызды рөл атқаратынын білеміз. Кейбір мифтік ұғымдар әлде бір тарихи болмыс туралы жалпылама бағдар беретін болса, енді біреуі нақты тарихи көрсеткіштерге айналып шыға келеді де, әлде бір мәселені шешудегі басты айғайқ қызметін атқарып тұратын болады. Міне, сондай мифтік көрсеткіштердің бірі – мифологиялық жылан культі.
Жыланға табынатын жұрттар да бар, табынбайтын, оны жау, зұлымдықтың қайнар көзі деп есептейтін жұрттарда бар. Жыланды тотем (ата-тек) деп түсіну, жыланға табыну салтының шығуы нақты бір өркениеттің орналасқан, өрбіп шыққан жер тарабының (ландшафт) климаттық жағдайларына да байланысты. Әрине климаттық-ландышафтық фактор осындай культтің басты себепкері бола алмайтын да шығар, бірақ сол культтің қалыптасуында барынша оңтүстік, ыстық климатты жертараптардың да белгілі бер деңгейде әсері болғаны анық.
Дей-түрктерде жылан культі аса маңызды сенім-нанымдық комплектердің бірі болған. Оның сарқындарын фольклорлық-мифологиялық метериалдардан да, архелогиялық материалдардан да, түрк тілінің сөздік қорынан да тауып отырамыз.
Қазақ фольклоры оның ішінде ертегілік материалдарды, сондай-ақ қазақтың, басты палеолит-неолит замандарына кететін сенім-нанымдық (поверье) комплексінің сарқындары қазақты қалыптастырушы еуроазиялық-далалық, этникалық-мәдени ортаның жылан культінен хабар береді, өйткені қазақ фольклоры бұл мәселеде сол мысалды сақтай алған. Қысқаша қайырсақ, қазақ фольклорында ежелгі еуразиялық-далалық тайпалардың (сақ-скифтердің, түрктердің, массагет-дайлардың) “жылан культінің” түсінігі өз жалғасын тапқан.
С.Қондыбай, Гипербория: түс көрген заман шежіресі, Алматы, “Үш Қиян” 2003 жыл.
«The Qazaq Times»