Ұлыбритания мен Еуроодақ арасындағы Brexit келісімі жөніндегі келіссөздер тығырыққа тірелді. Бұл туралы Еуропа парламентінің президенті Давид Сассоли мәлімдеді.

Давид Сассоли: «Еуроодақты қанағаттандырарлық, яғни Белфаст келісімі мен Ирландия аралындағы шекара мәселесіне нұқсан келтірмейтін келісім жасалмайынша, Еуропарламент бұл мәселеде ешбір бәтуаға келмейді. Жалпы Brexit-тің бітуінің екі жолы бар. Біріншісі, Brexit мерзімін кейінге шегеру болса, енді бірі одақтан келісімсіз шығу. Егер салмақты себеп болса, Еуропарламент Одақтан шығу мерзімін созуға дайын», – деді. Сонымен қатар, Еуропалық одақ Біріккен Корольдіксіз экономикалық жоспарлар дайындауды қолға алған.

Қазір Ұлыбритания белсенді түрде Одаққа мүше елдермен жеке келіссөздер жүргізіп жатыр. Дегенмен, Лондон да, Брюссель де Ұлыбританияның Еуроодақ құрамынан шығу шарты туралы ортақ келісімге келген жоқ. Себебі британ премьері Борис Джонсонның ұсыныстары Еуропарламентте қолдау тапқан жоқ.

Ұлыбритания ЕО-дан биыл 29 наурызда, яғни қауымдастықтан шығу туралы жазбаша хабарлама берілгеннен кейін екі жыл өткен соң кетуі керек еді. Алайда британ Парламенті Қауымдар палатасының депутаттары Брюссель мен бұрынғы премьер-министр Тереза Мэй үкіметі арасында қол жеткізілген Brexit шарттары туралы келісімнің жобасын үш рет кері қайтарған. Нәтижесінде Еуропалық одақ Brexit-ті алдымен сәуір немесе мамырға, содан кейін 31 қазанға бекітуге келісті. Санаулы ждылдар ішінде бірнеше қиындыққа тап болған Мэй үкіметті тығырықтан шығара алмай, отставкаға кетуге мәжбүр болды.

Мэйдің орнына келген Борис Джонсон Ұлыбританияның Brexit келісімін 31 қазанға бекітті. Дегенмен, оппозициялық партиялар мен басқарушы Консервативті партия депутаттарының қолдауымен Brexit-ті үш айға кейінге қалдыруды талап ететін және келісімсіз шығуға тыйым салатын заң қабылданды.

"The Qazaq Times"