Ұлыбритания ортақ қоғамдастықтан шығу үшін Еуропалық одаққа шамамен 47,5 миллиард еуро төлеуі керек. Бұл туралы одақтың 2020 жылға арналған бюджеті туралы алдын ала есебінде көрсетілген.
Ұлыбританияның одақтан шығуы туралы шартының 140 және 143-баптарын имплементациялау кезінде мәселе туындаған. Құжатта Лондон 2020 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша түпкілікті нәтижеге жеткізілмеген бірлескен жобалар мен бағдарламаларды іске асыру үшін Ұлыбританияның қоғамдастық бюджетінен бөлінген қаражаттың бір бөлігін Еуроодаққа қайтаруға міндеттелетіні жазылған. Сонымен қатар Біріккен Корольдік қол қойылған келісімде одақ шенеуніктеріне сақтандыру және зейнетақы төлемдері бойынша міндеттеме алды. Аталған соманы қарашада Еуропалық Есеп палатасы бекітуі керек.
Ұлыбритания бірнеше жылға созылған келіссөздерден кейін 2020 жылдың 1 ақпанында Еуроодақтан шықты. Brexit туралы шартқа сәйкес төлемдер бірнеше онжылдыққа бөлінеді. Демек, Лондон Брюссельге келесі жылға дейін 6,8 млрд еуро көлеміндегі бірінші траншты төлеуге міндетті.