Украина президенті Владимир Зеленский БҰҰ Бас ассамблеясының 74-ші сессиясында Ресейді Қырым аннексиясына қатысты айыптап, Украинаға қарсы агрессиялық саясат жүргізіп отыр деді. Зеленский баяндамасының негізгі түйіні – алдағы жылдары Украинаның Ресейден іргесін аулақ салып, Батыс елдерімен байланысты нығайту деуімізге болады.
«Донбасстағы соғыс бес жыл бойына жалғасып келеді. Ресейдің Қырымды аннексиялағанына да бес жыл. Бүгін, халықаралық құқықтың мыңдаған бағыттары және әлемді қорғауға арналған жүздеген ұйымдар бар кезде, дәл осы біздің еліміз өз азаматтарын жоғалтып, өзінің егемендігі мен аумақтық тұтастығына қарсы саясаттың құрбаны боп отыр. Осыған дейін 13 мыңнан астам адам қаза тапты, 30 мыңы жараланды, 1,5 млн адам өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Және жыл сайын бұл сандар өсіп отыр», – деді ол.
Әлемде ашық шайқастардың боп жатқанын айтқан ол, Ресейдің әлі күнге дейін агрессиялық бағытты ұстантынына тоқталды. Сонымен қатар, мемлекет басшысы лауазымындағы оның басты міндеті Донбасстағы соғысты аяқтау және Қырымды қайтару екенін мәлімдеді. «Соғысты аяқтау, барлық оккупацияланған украин территорияларын қайтару менің басты міндетім», – деді ол. Түпкі мақсаттың орындалуы үшін АҚШ және Еуропа елдерінен көмек сұрады.
Бұған дейін Зеленскийдің ізашары Петр Порошенко да әр түрлі халықаралық шараларда Ресей саясатын айыптап, нақты дәлелдер келтіре баяндама жасайтын.
Украина президенті сондай-ақ халықаралық қатынастардың қазіргі заманғы ережелерін қайта қарастыру және халықаралық ұйымдарды жаңарту қажет деді. Әлемде орын алып отырған шиеленіс ошақтарының жаһандық маңызы бар екенін айтқан Зеленский: «Бүгінгі жаңа әлемде біздің мемлекетіміз өз аумағының бір бөлігін жоғалтып, күн сайын өз азаматтарынан айырылып отыр. Сол себепті Украина қазіргі заманғы әлемдік ережелерді қайта ойластыру қажеттілігі туралы неліктен айта алмайды? Біз халықаралық институттардың, атап айтқанда БҰҰ беделіне күмән келтірмейміз, бірақ саяси тетіктердің мінсіз еместігін мойындауымыз керек. Қоғамға сай, халыққа ыңғайлы болуы үшін әлемдік тәртіпті, бағыттарды жаңартуымыз қажет», – деді ол.
2014 жылы ақпанда Украинадағы мемлекеттік төңкеріс және президент Виктор Януковичтің биліктен шеттетілуінен кейін елдегі орыс тілді тұрғындар басым аймақтарда жаппай наразылықтар басталды. Киев билігі сол жылы сәуірде Донбасста әскери операция бастады. Аймақта ауқымды гуманитарлық апат орын алды. Сол уақыттан бері Украина билігі Ресей билігін және Владимир Путин саясатын айыптап келеді. Еуропа елдері мен АҚШ та Ресейден агрессиялық саясатты тоқтатуды талап еткен.