«Израиль Сүрия аумағында Иран тарапынан төніп тұрған әскери қауіпке бас шұлғып, қарап отыра алмайды» - деп мәлімдеді Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Сочиде Ресей президенті Владимир Путинмен кездесу кезінде.
Нетаньяху Теһран Израильге зымыран жіберу мақсатында Сүрия аумағын белсенді түрде пайдаланып келеді, мұндай жағдайда аймақта әскери базасы бар Ресей мен Израильдің өзара диалог орнатуы маңызды деп атап өтті.
Ал өз кезегінде Путин халықаралық терроризм қауіпі төніп тұрған жағдайда, Израиль мен Ресейдің өзара ықпалдасуы маңызды деді. Ол Нетаньяхудың Израильге шақыртуын қабыл алғанын жеткізді.
Биыл Путин мен Нетаньяху үш рет кездесті. Осы жолғы кездесу Израильде 17 қыркүйекте болатын парламент сайлауы қарсаңында өтіп отыр. Израиль ақпарат құралдарының жазуынша, Нетаньяху Путинмен кездесу арқылы өзі басқаратын "Ликуд" партиясының беделін көтеруге тырысуда.
Израиль премьері осы жолғы сайлауда жеңген жағдайда Иордан өзенінің Батыс жағалауында Израиль егемендігін орнатынын мәлімдеген. БҰҰ бас хатшысының кеңсесі "бұл халықаралық заңның бұзылуы болып есептеледі" деп ескерткен. Нетаньяху ұстанымын Ресей де сынаған.