Жақында АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Шынжаң мәселесі туралы пікір білдіріп, Қытай үкіметін «фактілерді елемейді» және «Қытайдың ішкі ісі дегенді желеу етеді» деп сынға алған болатын. Кеше Қытай Сыртқы істер министрлігі бұл айыптауларды жоққа шығарды және АҚШ лауазымдысының пікіріне наразылық танытты.
Помпео өткен жұма күні Канзас шаты университетінде журналистерге берген жауабында, БҰҰ Бас Ассамблеясында Шынжаң мәселесін талқылап, сол арқылы Қытай үкіметінің Шынжаңды қалай «ұстап отырғанын» ашық көрсету және АҚШ бастаған елдердің қолдауында Шынжаңдағы аз санды ұлттарға жасалған қысым тоқтатылады деп үміттенетінін білдірген.
Майк Помпео сөзінде Шынжағдағы ұйғырлардың азат болуын үміт ететінін де айтқан. «Қытай мен біздің арамызда көптеген қиындықтар бар, бірақ бұл мәселе ұйғырлардың ажырамас адам құқықтарына қатысты негізгі мәселе болып табылады». – деген АҚШ мем. хатшысы.
Помпео сонымен бірге, АҚШ-тың Шынжаң мәселесінің шешім табуын қолдайтынын, алайда, Шынжаңдағы аз санды ұлттарға деген қысымды тоқтатуға әлі де күш-жігердің жетіспейтінін айтқан. Cондықтанда алдағы БҰҰ Бас Ассамблеясында осы мәселені көтеруге тырысатынын жеткізген.
АҚШ мемлекеттік хатшысы сөзінде Шынжаңдағы «Тәрбиелеу лагерлері» туралы да көбірек тоқталған. Қытай үкіметі бұл лагерлерді «Кәсіптік білім беру орталықтары» деп түсіндіріп келеді. Помпео аталған лагерлерде миллионнан астам аз санды ұлт өкілдерінің қамалып, еркіндігінен айырылғанын және «ми жуу» процесінен өтіп жатқанын сөз етеді.
Қытай СІМ өкілі Хуа Чүниң бұл туралы түсінік беріп, аталған орталықтар «Шынжаң тұрғындарын экстремизмнен қорғайды», «олардың экстремистік топтарға ілесіп түрлі қылмыс жасауының алдын алады» деп түсіндірген. Ол және бұл лагерлердің нәтижесінде Шынжаңда үш жыл ішінде ешқандай террорлық әрекеттердің болмағанын алға тартқан.
Мейлі қалай болса да, АҚШ жоғары лауазымды тұлғасының Шынжаң мәселесін көтеруі және оны БҰҰ Бас Ассамблеясында талқылау туралы сөз қозғауы Бейжің билігін алаңдатпай қоймайды. Қазір Бейжің билігінің ел тұтастығы үшін барлық шараларды жасап жатқанына қарамастан, Гонконг, Тайуан (Тайвань), Тибет және Шынжаң мәселелері барған сайын ушығып келеді. Шынжаң мәселесі Қытай үкіметінің ұлттық қауіпсіздік мәселесі ретінде баса назар аударатын тақырыптардың бірі.
Айта кетейік, көп жылдардан бері шетелге, әсіресе АҚШ-қа қоныс аударған ұйғырлардың зиялы топтары АҚШ үкіметінің назарын Шынжаң мәселесіне аударуға тырысып келеді. Соған сай, Трамп үкіметі тұсында Шынжаң мәселесі жиі айтыла бастады. Алайда, ұйғырлардың белгілі-белгісіз ұйымдары халықаралық аренада қазіргі Шынжаң автономиялы регионын тек ұйғыр мәселесі ретінде көтеріп, Батыс елдерінде Шынжаң толықтай ұйғырлардың территориясы деген түсінікті қалыптастыруға тырысып келеді. Сондықтанда, Моғұлстан дәуірінен тартып, тіпті одан да бұрынғы дәуірлерде Тәңір тауының солтүстігін көшпелі түркі тайпаларының мекендегенін, Жоңғар мемлекетінен бұрын да сол өңірлерде қазақты құраған ру тайпалар болғанын, бұл күнде де Солтүстік Шынжаңда қазақ ұлтының өзіндік мүддесі бар екені ескерусіз қалып барады. Тіпті, Шынжаңды ұйғырлардың көзімен тани бастаған Батыс өлкелері ҚХР құрылып, ұйғырлар қарсылықсыз коммунистік билікті қабылдаған кезде де, Тәңіртауының солтүстік бетінде қазақтардың ұлтазаттық күресі жалғасып жатқанын біле бермейді.