Қыркүйек айының 6-ы күні Алматы қаласында өткен ЖСДП «Ақиқат» партиясының 15-сьезінде қазіргі басшыларға сенімсіздік білдіру талқыланып, партия төрағасы Ермұрат Бапи қызметінен кетті. Оның орнына Асхат Рақымжанов төраға болып сайланды. Осыған байланысты біз жақында ғана партияға мүше болып қабылданған оппозициялық саясаткер Жанболат Мамайдың пікірін білдік.
«Бұл - таза биліктің жасаған сценарийі. Өйткені Ермұрат Бапи бұл партияда біраз реформалар жүргізгісі келді. Бұл жерге тәуелсіз, азат азаматтарды алып келгісі келді және алда келе жатқан парламент сайлауында «НұрОтанға» кәдімгідей тойтарыс беретін күшке айналдырғысы келді бұл партияны. Бірақ өздеріңіз көріп отырсыздар, өкінішке орай биліктің ұйымдастырған сценарийімен осындай өзгеріс болып жатыр ол жерде. Сондықтан бұл партия енді нағыз өлі партияға айналды деуге болады» - деді Мамай.
Бұдан бөлек Жанболат Мамай "The Qazaq Times" тілшісінің: «Сіз енді партия құрамынан шығасыз ба?» деген сауалына: «Әрине шығамын. Мен бұндай партияда бола алмаймын» - деп жауап берді.
Бүгін таңертең болған ЖСДП «Ақиқат» партиясының 15-сьезінде Ермұрат Бапи болған жағдайды партия ішіндегі алауыздық деп бағалап, «Елдегі жалғыз оппозициялық партияны жерледіңіздер» деп, отырыс бітпей жатып залдан шығып кеткен.