Украинада жаңадан сайланған үкімет мемлекеттік қызметкерлер мен ведомстволар санын қысқартып, төрт министрлік жұмысын тоқтатты. Мемлекет құрылымындағы ауыс-түйіс «Ескі саясаткерлер ескі жүйені таңдайды. Себебі, бұл өздерінің саяси өмірлерін ұзартуға мүмкіндік береді», – деп украиналықтарға саясаттағы жаңашылдықты қолдауға үндеу жасаған Владимир Зеленскийдің бастамасымен жүзеге асып отыр. Бір қызығы, Украина үкіметінің алғашқы жұмысы ескі кадрлардан арылу мен жас буындарға мүмкіндік беруден басталған. 

«Украинформ» мәліметінше, «ауылшаруашылық саясат министрлігі» экономикалық даму, ал экология министрлігі энергетика министрлігіне қосылған. Сонымен қатар, жаңадан қоғамдық даму министрлігінің жұмысы таныстырылды. Ведомсвто санын қысқартқан жаңа үкімет алдағы аптада 450 депутатты 300-ге азайтату туралы шешімге келді. Олардың басым бөлігі «қарттық жасына» жеткен шенеуніктер.

Негізінен Украинада үкімет ауысқалы бері, мемлекеттік құрылымда айтарлықтай жаңалықтар орын ала бастады. Қызметіне кіріскелі, биліктегі жасы үлкен, саны сапасынан артық шенділерге қатысты мәлімдеме жасаған ел президенті Владимир Зеленский парламент депуттарының санын қысқарту мәселесін көтерген болатын. Арнайы отырыс кезінде ол қауіпсіздік қызметі басшысы, қорғаныс министрі және бас прокурор отставкаға кетуі тиіс деген. Сонымен қатар, президент үкіметті тұтас отставкаға кетуге шақырып, Жоғарғы раданы тарататынын мәлімдеген.

Өткен аптада экс-премьер Владимир Гройсманның министрлер кабинеті отставкаға кетіп, орнына қазіргі басшының «Халық кеңесшісі» фракциясы ұсынған Алексей Гончарук сайланған болатын. Мұнымен қатар, жас министрлер саны бұрынғыдан артты. Мәліметтер бойынша, Украина кабинеті министрлігіндегі орташа жас – 35. Жоғары Рададағы ең жас депутаттың жасы 23-те. Таяуда ғана 28 жастағы Михаил Федоров цифрлық трансформация вице-министрі лауазымына тағайындалды.

Украинадағы сауатты жастарға қолдау бойынша мақсатты түрде қолға алынған жүйемен таныса отырып, өзіміздің Қазақстандағы билік жүйесі мен ескі кадрлар ойға оралады. Қазіргі уақытта Парламент Сенатының бір өзінде 60-тан 79 жасқа дейінгі 20 шақты алпыстан асқан сенатор-депутат бар. Ал Парламент Мәжіліс палатасында 61-ден 82 жас аралығындағы 32 депутат бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 66 жаста болса, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жасы – 79-да. Осы цифрларды көзі шалған қауым арасында «Қазақстан қартстанға айналып бара ма?» деген сауал пайда болған...

Айта кетер жайт, 2 қыркүйекте алғашқы Жолдауын жасаған мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2020 жылы мемлекеттік қызметкерлер саны қысқартылатына тоқталып өтті. Яғни Жолдауда 2024 жылы мемлекеттік қызметкерлер және ұлттық компания қызметкерлерінің саны 25%-ға қысқартылатыны мәлім болды. Президенттің айтуынша, жергілікті билік өкілдері көп ретте халық базынасына салғырттық танытып, әлеуметті мәселелерді шешуге тырыспайды. Сол себепті «сапасынан саны көп қызметкерлер» қысқартуға ұшырамақ. Бұл да бір нәтижелі қадам болар деп сенейік.

"The Qazaq Times"