25-26 тамыз күндері ел астанасы мен Алматы қалаларында қоғамды тіксінткен қылмыстық фактілердің орын алуы, белсенділердің жұмбақ жағдайда оқ нысанасына ілігуі – қоғамның қауіпсіздік сеніміне селкеу түсіруде.
25 тамыз ел астанасында ер адам атыс шығарып, төрт адамды жаралаған. Онысымен қоймай күдіктілер қылмыс орнынан бой тасалаған. Қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, жараланған төрт кісінің біреуі ауруханада хәлінің ауырлығына байланысты көз жұмған. Маман көшесінің қақ ортасында бір топ адам жанжалдасып қалып, біреуі мылтықпен қарсыластарына оқ жаудырған. Қазіргі таңда оқиғаға қатысы бар екі күдікті қамауда. Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқан істе оқ атылған қару-жарақ тәркіленіп, тиісті сот-медициналық сараптама тағайындалған.
Дәл сол түні таңға қараған 4-тер шамасында оңтүстік астананың орталығында да жантүршіктірерлік оқиға болды. Апат емес, адам қолынан туған қылмыс. Себеп – Гагарин көшесіндегі көршілес екі көңіл көтеру орындарының келушілері арасындағы жанжал. Әлеуметтік желіде лезде тараған видеодан ақ түсті автокөліктің жүргізушісі ерегескендердің біреуін қағып кете жаздағанын, ал қара түсті көліктің жүргізушісі қасақана қуып жүріп үш адамды қаққанын көруге болады. Полиция мәліметінше, «жанжал соңында ерегескендердің бірі қарсыластарын көлікпен қағып, оқиға орнынан қашып кеткен». Сондай-ақ қоғам тарпынан «теракт» ретінде бағаланып үлгерген оқиға салдарынан үш кісі зардап шеккен, олардың қол-аяғы жарақаттанып, бас сүйек миы шайқалған. Соңғы мәліметтерге қарағанда, ақ Toyota Camry маркалы көлікті тізгіндеген Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны 24 жастағы А. есімді азамат ұсталған.
Екі күннің ішінде әлем жарықты жаңғыртып жіберген бұл оқиғалардан бөлек, кеше Алматы маңындағы Талғарда азаматтық белсенді Галина Арзамасоваға белгісіз біреулер оқ атқан. Бұған дейін мамыр айында «жиырма жылдан бері қоғамдық жұмыспен айналысып, тұрғындар мәселесін көтеріп жүрген» қарағандылық белсенді Ғалы Бақтыбаевқа белгісіз біреулер оқ атып, мерт болған. Сонымен қатар, Талдықорғанда биылғы жеті айдың өзінде кәмелетке толмағандар арасында 39 қылмыс тіркелген. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 11 фактіге артық екендігі туралы жарияланды.
Жарты жылдың өзінде орын алып отырған оқиғаларға қарап отырып, еліміздегі қауіпсіздік мәселесі дабыл деңгейінде көрінеді. Конституция мен «Нұр Отан» бағдарламасында «Адам басты құндылығы саналатын» азаматтық-зайырлы қоғамда бейбіт тұрғындардың уайым-толғанысы күшейе түсті. Мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің қайғылы қазасынан кейін Қазақстан жұртшылығы Ішкі істер министрлігін сынап, "косметикалық" өзгерістер емес, түпкілікті реформа талап еткен еді. Топ кісіге оқ жаудыратын қарулар қылмыскерлердің қолына қалайша түсті? Фобия мен агрессия трендіне айналған педофилия актілеріне қатысты профилактика неліктен өнімсіз, әлсіз? Қылмыс жасаушылардың саны неге жасаруда? Кеудесін ашу кернегендер қылмысқа жеңіл қарайтындығы заң әлсіздігінен бе, әлде айналып өтер жолына сенімділігінен бе? Ақордаға шағымын айта барған бес-алты ананың алдынан шыға қоятын топ-топ әскерилер қылмыс уақытында қайда кетеді? Наразылықтарды мыңдаған кісіні ұстап-қамауға қауқарлы құқық қорғау органдары осындай қылмыстардың жолын кесуге келгенде неге дәрменсіз? ІІМ неліктен алды-арты екі түрлі нөмірлі көлікпен жүреді? Осы тәрізді азаматтық қоғам өкілдерін мазалаған сан алуан сауалдардың жауабы әзірге табыла қойған жоқ. Жол полициясы ала таяқшаны бірде ал дейді, бірде қайтару керек дейді. Әйтеуір, екінші пландағы тақырыптар төбе көрсетуге шебер. Бұқараны уайымға салған, ертеңіне алаңдатқан ең өзекті мәселелер түпкілікті түрде шешім табудың бір жолы – жүйенің ашықтығы дейді сарапшылар. ІІМ елдің сенім кредитіне қол жеткізуі – үйреніскен теріс түсініктерінен толықтай арылып, ізгілік мұраттарын кәсіби мүддесіне қабыстыра білуінде.
P.S.: Елорда мен Алматыға балаларын оқуға жіберген өңірдегі ата-ана әр күні тілеуін тілеп, елеңдеп жүрері сөзсіз мынадай бассыздықтардан соң. Қоғамға мәлім болған әрбір қылмыстың астарында азаматтарға стресс «сыйлайтын» жанжегі бар екенін ұмытпаған жөн.