Бүгін ел астанасында экс-президент, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, «Нұр Отан» партиясының лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы» өтіп жатыр. Шараға президент Қасым-Жомарт Тоқаев, үкімет басшысы Асқар Мамин, партия төрағасы Н.Назарбаев, партияның бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, Парламент депутаттары мен саяси бюро мүшелері қатысуда.

Бұл жолы экс-президент Н.Назарбаев біраз көсілді. Елдің мәселесі мен парламент сайлауы, партия имиджі, оппоненттер мен блогерлерге жауабы, шенділердің жұртпен байланысы, студенттердің мәселелері, жас кадрлар т.б. тақырыптар жайында сөз етті. Ол келесі Мәслихат сайлауы Мәжіліс сайлауы секілді партиялық тізімдер бойынша өтетінін мәлімдеді.

Сайлау демекші, партияның 2016 жылдан бергі «Қазақстан-2021: Бірлік, бейбітшілік, жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламасының жүзеге асырылуы туралы премьер-министр А.Маминнің баяндамасы бойынша «сайлауалды уәденің 70 пайызы орындалған». Қалған бөлігіне қатысты Назарбаев «Тағы 30 пайызы қалып отыр. Оларды саралау қажет. Ол жерде ең маңызды тармақтар қалып қойған да шығар... Дегенмен, оларды ешкім көтермейді, Мәжілістегі фракция – ешкім. Келесі сайлауға келгенде халыққа не айтамыз?», – деп шамданды.

Сонымен қатар, «Осы 30 жыл барлықтарыңыздың естеріңізде бар. Барлығы да қаражатпен, бақылаумен қамтамасыз етілді. Соңында біз орындадық деп баяндайтынбыз. Қазір де дәл сол болуы тиіс. Мұны сайлаушыларға көрсету керек», – деді жол нұсқағандай болып партия көшбасшысы.

***

Көптақырыпты жиында не айтылмады дейсіз. Тіпті шенділер тарапынан БАҚ өкілдеріне қысым жасалатыны да бүкпесіз сөз болды. Сексенге таяған саясаткер «Дәстүрлі БАҚ позициясынан айырылып барады. Дәурен Абаев осы мәселе бойынша ойланып, жұмыс жүргізуі керек. Телефондық құқық болмауы тиіс. Шенеуніктер редакторларға қысым көрсетеді. Әртүрлі жолдармен сыни материалдардың жолын кеседі. Осыдан кейін қоғамдық санада балама шынайылық қалыптасады», – деп, қоғамдық сыни ойға шектеу қойғысы келетіндерді сынады. «Ал қазір егер сен бірдеңе жазсаң, біреу арқылы сені жұмыстан шығарамын деген бопса пайда болды. Біз оны білеміз, – деген Назарбаев, мұндай мәселе орын алған жағдайда, тіпті – қандай лауазымда болса да, жұмыстан шығарамыз. Кім болса, ол болсын», – деп кесіп айтты. Көреміз. Үміт артамыз. Әйтпесе, соңғы кездері сөз бостандығы бойынша 158-ші орында тұратын Қазақстанда тәуелсіз БАҚ-қа сан түрлі сипаттағы қысым жиілеп кетті.  Назарбаевтың бұл мәселені партия жиынында қозғайтын жөні де бар, себебі миллионнан астам  мүшесі бар билік фракциясына лейтстатусты шенеуніктер секторы кіреді.

***

Кеңейтілген отырыста көңілден шыққан сөздің бірі – әкім-қаралар мен министрлер орын алған проблемаларға қатысты ел алдына шығып, жауап беруден қорықпауы қажеттігі туралы, ашықтық жайлы. «Меніңше, орын алып отырған проблема жайында үндемей қалу – жұмыстың ең нашар нұсқасы», – деген Назарбаев сырттағы жұртқа кабинетінің жалюзиінен сығалап қарайтын шенеуніктерге лайықты диагнозын қойғандай болды.  Сондай-ақ, «Адамдардан тығылмай мән-жайды анықтап, жауапкершілікті мойынға алу керек», – деп қадап көрсетті. Сауалдан үркімейтін жүректі саясаткер ретінде Б.Сапарбаевты атап, жаңа қызметімен құттықтады.

***

Сондай-ақ партия серкесі посткеңестік елдерден бастап Африкаға дейінгі елдерді мысалға келтіре отырып «Саяси тұрақсыздық кезінде бірінші кезекте кім зардап шегеді? Экономика құлағандықтан, халықтың өмір сүру сапасы да төмендейді. Жұмыс істеуге уақыт жоқ – шулап, ортаға шығады. Демонстрация мен шерулер... Тәртіп пен билік жоқ жерде – проблема шешілмейді», – деп, наразылықтардың «көлеңкелі тұсын» ашыңқырап беруге тырысты. Қарсылық көңіл-күйдегі азаматтар – «әрқашан шулап жүретін адамдарға» ашық үндеу айтты: «барлық сайлаулар конституциялық мерзімде өтетін болады. Осы тақырыпты жабайық». Біз осымен нүкте қойған болар деген үміттеміз. Бірақ, 5 ақпан мен 23 сәуірдегі экс-президенттің мәлімдемесі көптің көңілін күпті қылып, алагеуім ойға салып қойғаны бар.

Н.Назарбаев «Бүгінде қоғамды сайлау мәселесі қызықтырады. Бірақ, бұл тақырыпқа қатысты жұртты дүрліктірудің қажеті жоқ. Ата заңымызда, «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заңда сайлау өткізудің тәртібі мен уақыты, өкілеттіліктің аяқталу мерзімі анық жазылған. Конституцияға сәйкес Президент кезектен тыс сайлау өткізу жөнінде мәлімдеме жасауға құқылы, бірақ ондай жағдай бола қоймас. Сондықтан, тыныштық сақтап, күнделікті жұмыспен айналыса беру керек», – деп еді биыл 5 ақпан күні.

Артынша көп ұзамай-ақ, 77 күннен соң, 23 сәуір
«Мен саналы шешім жасадым. Ондай шешімдер бір күнде қабылданбайды. Бір ай да аз. Мен осы шешімге бірнеше жыл дайындалдым. Құпиясын ашсам, 3 жылдан астам уақыт дайындалдым. Бәрін жан-жақты зерделедім. Болашақты бағамдап, өткенді сараладым. Серіктестеріме, кадрларға зер салдым. Осы уақытқа дейін бәрін тәрбиелеп, әрбіреуіне сенім арттым. Сөйтіп, осындай шешімге келдім. Осы шешім дұрыс деп білемін... Мен осы уақытқа дейін халықтың сенімін ақтасам, мен – бақытты адаммын, бақытты саясаткермін», – деген еді Қ.Тоқаевқа тізгінді берген соң, «Nur Otan» партиясының кезектен тыс XIX съезінде.

Сайлаудың шын мәнінде қашан өтері алдағы уақыттың еншісінде.

***

2016-2020 жылдарды қамтитын «Жастар Отанға» бағдарламасы мен «Бес әлеуметтік бастама» аясында жатақхана құрылысын  жылдамдатуды тапсырған Назарбаев жастарды жұмыспен және оқумен қамтып, әлеуметтік лифттерді қалыптастыру қажеттігін айтты. «Біз қала мен ауылға арнап, бұл мәселелердің шешімін қабылдағанбыз. «Ауылға барсаңдар, арнайы мамандық береміз» дедік. Жұмыспен қамтитынымызды айттық. Ауылда жұмыс істегісі келгендер үшін микронесиелер бар. Жұмысы жоқтар микронесие ал да, екі сиыр сатып алып, өзіңді асыра! Артық сүтті сатып, ақша тап! Тамағыңа тап та, қалғанын базарға апарып сат. Біліміңмен істе. Біз істеп жатқан шаруа әлемнің ешбір жерінде жоқ», – деді ол. Лайым солай болғай! Экс-президенттің айтуынша, жастарды тиімді түрде жұмыспен қамту жүйесінде кемшілік бар. «Бізде нашар жұмыс, жалқаулық бар. Мәжіліс пен мәслихат депутаттары арасында жастар көбірек болуы тиіс. «Jas Otan» – жастарды біріктіруші орталыққа айналуы қажет», – деді сөз соңында.

Партия төрағасы «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын ұсынды. Сонымен қатар, әдеттегідей, ауқымды шара барысында Партия Саяси кеңесі Бюросының жаңа мүшелері ретінде «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің басқарма төрағасы Д.Қыдырәлі және «Жас Отан» жастар қанатының көшбасшысы Д.Кәрібек сайланды.

P.S. Бүгін астана төріндегі төраға қатысуымен өткен Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысындағы мәлімдеме, қозғалған тақырыптар қазақстандық азаматтық қоғамның дамуында екұшты мәселелерге дәлел бола алады. Тіпті биліктің өзі кесе көлденең бөгеп тұрғаны да айтылды. Өзгеріс – өмір заңы.

"Nur Otan" партиясы Саяси кеңесінің кезекті кеңейтілген отырысы. 21 тамыз 2019 жыл. Фото: nurotan.kz

"The Qazaq Times"