«Ең алдымен ақпарат мемлекеттік тілде – сол немесе жоғарғы жағына, ал, орыс тілінде оң немесе төменгі жағына орналасады. Сондай-ақ, бірдей өлшемдегі әріптермен жазылуы керек. Қажеттігіне қарай ақпарат мәтіндері қосымша басқа тілдерге аударылуы мүмкін. Бұл жағдайда қаріп өлшемі нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптардан аспауға тиіс. Ең бастысы екі тілдегі мәтін бірдей болғанда ғана дұрыс болып есептеледі», – деп бақшайтып көрсетілген заңнама («Тіл туралы» заңның 21-бабы) талабына пысқырмайтындардың қарасы көп.
Алдыңғы шығарылымда орталықтағы 3,5 шақырымдық шағын ғана Әуезов көшесінің өзінен елу шақты өрескел қателіктер фотобаянын ұсынған болатынбыз. Бұл жолы әлеуметтік желі қолданушылардың «көрнекі ақпараттардың берілуінде қателіктер шашетектен» деген уәжінен соң Алматыдағы ең үлкен Forum Almaty сауда ойын-сауық орталығына (СОСО) арнайылап ат ізін салып едік. 300-дей брендтік компаниялармен келіссөз жүргізген ультразаманауи ғимараттың дизайны мен құрылымы, 70 мың шаршы метрлік сауда аймағы таңданарлықтай. Бірақ, әттеген-айы сол, Алтайды айта-айта қартайған Жамал апайдың керін киген мемлекеттік тіл қолданылысы мұнда да көңіл көншітпей тұр.
Бостандық ауданының негізгі бөлігінде орналасқан ғимараттың маңында мектептер, колледжер мен ЖОО, бизнес нысандары көптеп кездеседі. Бес қабаттық нысанның ауқымы кең. Тәулігіне 25 мыңдай тұтынушы қабылдауға қауқарлы деп есептелген СОСО әлі толық іске қосылмаған көрінеді.
Айнала түгел арендаторлардың жауапсыздығынан жасалған «Аяқ киім Германиядан», «Жакында ашылуы», «Электроника дукені», «Ашылуа қараша айында», «арада ашылуы»... секілді қаптаған қателіктер. 5-ші қабаттың қоғамдық тамақтану орындарындағы маңдайшалардың жазылуы, ас мәзірлері баршасы ағылшын не орыс тілдерінде берілген. Қателіктердің дені калька аударма, орфографиялық тұрғыда. Кездесу жиілігі ең үлкен «Скоро открытие» лозунгі туралы тіл жанашыры, лингвопрактик, медиатренер Назгүл Қожабекова «Жай ғана сөздерді аударып орыс тіліндегі ретімен қоя салатын калька әдісі сауатсыздық» екенін, дұрысы «Жуырда ашамыз» болатынын айтады. Филолог, тілші ғалым Анар Салқынбай «Ашылуы – жақында» болса, арасына сызықша қойылады. Керісінше «Жақында ашылуы» болса сызықша қойылмайды. Екі нұсқа да қате емес. Таза қазақшасы «Жақында ашылады», – дейді.
Бірінші қабаттағы «Детский мир» балалар дүкенінде ілулі тұрған жарнаманы оқып, ұзақ ойлануға тура келді. Бізді бөгелткен дүние «В школу – за высокими отметками, в «Детский мир» – за низкими ценами!» жазбасының «Мектепке – үздік бағалар үшін. «Балалар әлеміне» – төмен бағалар үшін!» деген аудармасы. Назгүл Қожабекованың айтуынша, «Жоғары баға мектепте, төмен баға «Балалар әлемінде» деп берген жөн.
Ал «Керемет ашылу» деп жаңсақ аударылған «Грандиозное открытие»-нің дұрысын мамандар «Салтанатты ашылуы», «Ашылу салтанаты» екенін айтады.
Нысан әкімшілігі барлық шығу есіктерін бір ғана ағылшын тіліндегі «EXIT» сөзімен таңбалаған. Лифтідегі нұсқаулықтар да тек шет тілінде. Кейбір дүкен, тамақтану орындарының атауынан тыс нысан мәртебесін айқындайтын ақпараттары мүлдем жоқ немесе көрнекілік мәліметтер тек орысша, шет тілінде берілген. 70-ке тарта бренді мен 11 мыңдай жазылушысы бар @forum_almaty парақшасындағы осы уақытқа дейін жарияланған 500-ге тарта посттың түгелдерлігі орыс тілінде. Өзін админстратор ретінде таныстырған Александр Зоболодинов арендаторлармен келісімшартта көрнекі ақпараттардың мемлекеттік тілде берілуіне қатысты қандайда бір міндеттеме көрсетілген бе деген сұрағымызға бұл туралы айта алмайтынын, онымен заңгерлер айналысатынын жеткізді. Сондай-ақ ол СОСО-ның әлі ресми ашылмағандығын, тек техникалық режимде жұмыс істеп жатқандығын мәлімдеді. Бұл жерде ескеретін жайт, ғимараттан орын тепкен бутиктер мен брендтер жаңа ғана бүршік атқан бизнес секторынан емес, әбден нарыққа бейімделген әккі ұйымдар. Демек, бұл кәсіпкерлердің мемлекеттік тілге қатысты әлі дұрыс көзқарасы қалыптаспағанын аңғартады.
Алматы қаласының жалпы жиыны 20-ға жуық СОСО нысандарының сиқы осы кейіпте. Өйткені франшизалық, үлескерлік, салымшылық, инвестициялық үлгіде жұмыс жасайтын компаниялар мемлекеттік тіл нормаларына мұрын шүйіре қарайды.
Жаңа сауда ғимаратындағы корт-футтың бірі La Tartine аталатын француздық нан өнімдерінің кофеханасының әкімгері Нұрсұлу «ас мәзіріндегі бағалар мен тауар құрамының мемлекеттік тілде» берілмеуіне қатысты «Форумда тұрғанымызға төрт ай болды, бізге ешкім бұл талап жайында ештеңе деген жоқ. Келісімшартта мұндай шарт болған жоқ» дейді. Оның айтуынша компания филиалдары осы уақытқа дейін мемлекеттік тілдегі ас мәзірінсіз жұмыс жүргізіп келеді әрі «қазақтардың өзі орысша сұрайды».
Mega және Dostyk Plaza СОСО-ларымен иық тіресуге қабілетті алпауыт Forum Almaty-ның ішіндегі фуд-корттық тамақтану орындары, косметика бутиктері мен зергерлік дүкендерінен қазақ тіліндегі ақпаратты шалғын ішінен ине іздегендей әрең табуға болады. Біз тілдескен админстратор «бірге аралайық, көрсетіңіз» деген сұрауымен екінші рет айналып келген соң, олқылықтардың орнын толтыру мерзімі туралы ештеңе айта алмайтынын мәлімдеді. «Аталған мәселе бойынша қайда нені қашан қалай түзететінін жетекші топқа жеткізетін боламын» деп қорытындылады.
Сонымен қатар, Sulpak, technodom.kz, FLO сияқты саусақпен санарлық компаниялардың мемлекеттік тілге қатысты оң позициясы «Кенжекейімдей бір төбе». Және Фисташка кофеханасының да жуырда ашылатыны туралы баннері талапқа сай. Брендік түпнұсқа атаудан басқа барлық ақпараттар қазақ тілінде қоса көрсетілген. Өзіңді тәуелсіз ҚР-да жүргендей еркін сезінесің.
Ел ішінде ұзақ уақыт бойы қозғалып келе жатқан тақырып трафиктері тым қымбат, бір-бірінен бірнеше шақырым ғана қашықтықта орналасқан сауда орталықтарының жиі бой көтеруі біраз сыналған еді. Бір қалада жиырма шақты СОСО салғаннан гөрі өндіріс орындарын, зауыт-цехтарды арттыру қажет дейтін азаматтар көп.
Тағы да қайталап айтарымыз, мемлекеттік тіл қолданылысын қамтамасыз етуші тек мемлекеттік мекемелер ғана емес, бизнес саласындағы кез келген компания заңға құрметпен қарауы тиіс. СОСО әкімшіліктері жалға алушымен жүргізетін келісімшартқа «Мемлекеттік тілге қатысты заңнаманы жүзеге асыру туралы» міндеттеме енгізсін.
СОСО бутиктерінің маңдайшасындағы «менмұндалаған» жарнамалар, заңды аттап өтіп өзге тілде сайрап тұрған бұл көрнекіліктер еліміздегі «Тіл туралы» Заңды бұзуда. Аталған ережелер сақталмаса заң талабын бұзушылық ретінде есептеліп, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жаза қолданылады дейміз. Алайда оған арнайы мониторинг жүргізіп, тілдік нормалардың сақталуын қатаң қадағалайтын, бақылап отырған кім бар? Сауда орнының бес қабатында да дүңгіршектер аталған заң талаптарын өрескел бұзып отыр. Мұндайда «Уа, күретамыр кәсіпкер, кәсібіңіз өрге домаласа біз тілеулеспіз, қуаныш танытамыз, бірақ ырысыңды молайтқан елдің Заңына бір сәт мойын бұрғайсың!» дегің келеді.
Заңсыздықтың бір аты – «қателік». Мемлекеттік тілге қатысты заң бұзушылық нормаға айналған қоғамда «ҚР-да тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 – 2019 ж. арналған мемлекеттік бағдарламасы» паспортының күтілетін нәтижелер тізімінде 2019 жылы мемлекеттік тілді меңгерген ел тұрғындарының үлесі 90% құрайды деген меже уақытты ұртоқпақпен сабасаң да іске аспайтын миф. Сол тоқсандықты төңіректемей-ақ, сексенді еңсерсек те жалғыздың аю жыққанындай емес пе?
Патша көңілді оқырман, келесі шығарылымымызда әдеттегідей редакция қаланың өзге де СОСО нысандары мен қоғамдық тамақтану орындарындағы қызмет көрсету тілі мен ас мәзіріне арнайы зерттеу жүргізіп, назарларыңызға ұсынатын боламыз.
Қоғамдағы тыныс-тіршілік пен қаланың бет-бейнесін қалыптастыруда маңызды рөл атқаратын жарнама және көрнекілік ақпарат тілін жолға қою мақсатында біз осы күнге дейін біріздендіре алмаған Алматы қаласы әкімдігіне я Мәдениет министрлігіне емес, ең әуелі тұрғындардың өзіне үкілі үміт артамыз. Туып-өсіп, ас-суын ішіп өскен ортақ мемлекетіміздің мемлекеттік тілін қадір тұту әрқандай өсіп-өнген қазақстандықтың қасиетті борышы.
P.S.: «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын, ...мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы»