Ұлыбритания Еуропалық одақпен Brexit бойынша келіссөздер жүргізуге дайын. Бұл туралы елдің жаңадан сайланған премьер-министрі Борис Джонсон Бельгия премьері Шарль Мишельмен әңгіме барысында мәлімдеді.
Борис Джонсон сөзінде Лондон Брюссельмен келіссөздерді жалғастырып, терроризммен күрес, сауда байланысы және қауіпсіздік мәселелерін бұрынғыдай талқылайтынын айтты. Сонымен қатар, тараптар «бэкстоп» жобасына (Солтүстік Ирландияның ЕО-дағы кедендік одақ құрамына енуі) да жеке тоқталып өтті.
Brexit бойынша келіссөздердегі ЕО бас өкілі Мишель Барнье: «Британия мәселесін шешуді қолға алдық. Мұның соңы одақ құрамындағы өзге де демократиялық институттардың басқарылуына қатер төндірмеуі керек. Егер де Мэй үкіметі Brexit бойынша мерзімді ұзартуды сұраса, мұны Еуроодаққа мүше 27 елдің басшысы бекітуі тиіс», – дейді. Осыған дейін Британияның бұрынғы премьер-министрі Тереза Мэй парламентке Еуропалық одақ құрамынан шығудың «Б» жоспарын ұсынған болатын. Алайда, Британ парламенті Мэйдің ұсынысын қабылдаудан бас тартқан.
Негізінен Ұлыбританияның ЕО құрамынан шығуына қатысты шетелдік БАҚ, саясаткерлер жан-жақты пікір білдірген. Мәселен, германиялық және франциялық сарапшылар «Біріккен Корольдік Еуроодақтан шығатын болса, сөзсіз ұтылады» деп есептейді. Себебі, Ирландия мен Солтүстік Ирландия шекарасындағы мәселе мен алдағы уақытта Британияның Еуропа елдерімен өзара қарым-қатынасын шешу мәселесі әлі де талқыланып келеді. Осыған байланысты Ирландияның Сыртқы істер министрі Саймон Ковни: «Британияның министрлерімен кездесіп, біраз мәселелерді талқыладық. Біздің тараптың ойынша, Біріккен Корольдіктің одақ құрамынан шығу келісімі осы айда бекітілгені дұрыс болады», – деп мәлімдеді.
Brexit бойынша келіссөздер 2017 жылдан бері жалғасып келеді. 2016 жылғы референдум бойынша Ұлыбритания 29 наурызда Еуропалық одақ құрамынан шығуы тиіс болатын. Алайда, тараптар ортақ келісімге келе алмағандықтан, Brexit уақыты екі рет кейнге шегерілген. Таяуда мәлім болғандай, ресми Брюссель Ұлыбританияның Еуроодақ құрамынан 31 қазанда шығатынын айтты. Егер бұл кезекті мәрте сәтсіз аяқталса, Британия одақ құрамынан келісімшартсыз шығуы тиіс.