АҚШ 2 тамызда ресми түрде орта және жақын қашықтықтағы зымыран келісімінің күшін жоятын болды. Ресми Уашингтон Мәскеу ядролық сынаққа мүлдем тыйым салатын құжат талаптарын орындамай отыр дейді. 2000 жылы Мәскеу ядролық сынаққа мораторий жариялағанымен, Ресейдің ядролық қуаты аз қаруды сынап көруге техникалық мүмкіндігі бар. Бұл туралы АҚШ президентінің қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джон Болтон Уашингтонда өткен «Жарқын Америка» конференциясында мәлімдеді.
Конференция барысында Джон Болтон: «Орта және жақын қашықтықтағы зымыран келісімі біраз уақыт көлемінде АҚШ-тың аяқ-қолын тұсап тастады. Себебі, осы уақыт ішінде Америка келісімдегі талаптарға сай әрекет етіп келсе, Ресей мен Қытай өз зымырандарын дайындады. Талаптарды орындаған жоқ. Мұндай келісімнің болашақ үшін де, қазір де маңызы бар деп есептемейміз. Президент Трамп аталған келісімді жоя отырып, ХХІ ғасырдағы Американың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз еткісі келеді», – деді.
Америка мен Ресей арасындағы зымыран келісіміне 1987 жылы қол қойылған. Келісімге сәйкес, қос тарапқа 500 және 5,5 мың шақырым қашықтыққа ұшатын баллистикалық зымырандарды жасауға тыйым салынған. Биыл 1 ақпанда АҚШ президенті Дональд Трамп Ресеймен жасасқан 30 жылдық тарихы бар орта қашықтыққа ұшатын зымырандарға қатысты келісімді тоқтататынын хабарлады. Ақ үй көп уақыттан бері Ресейді қол қойған келісімге қайшы қадамдар жасап, АҚШ және оның одақтастарына қатер төндіретін зымырандар мен жүйелерді жасап, қолданды деп айыптайды. Бұл келісімге қатысты НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенберг Ресейдің біраз уақыт көлемінде талаптарға қайшы әрекет еткенін мәлімдеді.
АҚШ-тың Ресей Федерациясымен тағы бір келісімі бар. Оған 2010 жылы Барак Обама мен Дмитрий Медведев қол қойған еді. Осы құжатқа сәйкес, қос тараптың да ядролық қару арсеналын қысқартуы көзделген. Оның мерзімі 2021 жылы аяқталады. Сонымен, Құрама Штаттарының Ресеймен екіжақты келісімді бұзуы қайта қарулану бәсекесінің бұрынғыдан да қуаттырақ екендігін білдірсе керек. Тағы бір айта кетер жайт, Ресей Федерациясының әскери доктринасының 24 бөлімінде: «Ресей өзіне және одақтастарына қарсы ядролық қару қолданған арандатуша елге дәл солай жауап беруге және Ресейдің мемлекеттігіне қауіп төндіретін кез келген жағдайда ядролық қару қолдануға құқылы» делінген.