28 шілдеде Алматы облысы Бақтыбай ауылының тұрғындары жолды жөндеу сапасына көңілдері толмайтынын айтып, наразылық акциясын ұйымдастырды. Наразы тұрғындар республикалық тас жолды жапқан.
Ауыл тұрғындары автожолдың үйлердің тура қасында салынғанына наразылық білдірген. Тұрғындардың айтуынша, трасса маңындағы үйлерді су басуы мүмкін немесе жол апаты болса, қандай да бір жүк көлігі үйлерге соғылуы ықтимал. Ондаған адам қатысқан акция кезінде жергілікті билік өкілдері халықпен кездесіп, полицейлер көлік қозғалысын қалпына келтірген.
Осыған байланысты Алматы облыстық полиция департаменті: «Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары рұқсат етілмеген акцияның қатысушыларына заңға қайшы әрекет етуге болмайтынын түсіндіріп, адамдарды жолдан ығыстырып, көлік қозғалысын қалпына келтірді. Ауыл тұрғындарымен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері де кездесіп, халықтың арыз-шағымын тыңдап, қазір елді мекеннің проблемаларын шешумен айналысып жатыр», – деп мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, рұқсат етілмеген акцияның ұйымдастырушылары мен белсенді қатысушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Айта кетейік, биыл наразылық акциялары жиі орын алып, біраз адам жауапкершілікке тартылған. Сәуірде марафонға баннермен шыққан екі азамат 15 тәулік қамауға алынған. Сол акцияны түсіргені үшін үш адамға 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Ал 14 шілдеде е «Шаңырақ ісі» бойынша сотталған ақын Арон Атабектің қызы Айдана Айдархан Алматыдағы Абай ескерткішінің алдында әкесінің суреті салынған плакатпен поэтикалық акция өткізіп, әкесінің өлеңдерін оқып, оны босатуды талап еткен болатын. Кейіннен Айдана Айдарханды полиция әкетіп, 2 сағаттан соң босатқан. Медеу аудандық прокуроры оны алғаш рет бұл істе болғандығы үшін «кешіретіндігін», бірақ келесі жолы әкімшіліктен рұқсат сұрауы керектігін ескертті.