Ресей президенті Владимир Путин Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевпен кездесті.

Журналистер сауалына жауап берген Владимир Путин: «Иә, Алмазбек Шаршеновичпен кездескенім рас. Біз аймақтағы жағдай мен Қырғызстан туралы әңгімелестік. Қырғызстан – одақтасымыз, бізге жақын мемлекет деп санаймын және бұған дейін Қырғызстанда бірнеше, нақты айтқанда кемінде екі рет саяси толқу болды. Меніңше, Қырғызстан халқының мүддесі үшін осымен тоқтау қажет деп ойлаймын. Елге саяси тұрақтылық керек, барша жұрт қазіргі президенттің маңында бірігіп, оған мемлекетті дамытуға көмектесуі керек», – деді.

24 шілдеде Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев «достарымен кездесу» үшін Канттағы Ресей әуе базасынан Мәскеуге ұшып кеткен болатын. бұған байланысты Қырғыз Республикасы Ішкі істер министрлігі елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың елден шығуына және елге келуіне тыйым салынбайды деп хабарлаған.

12 маусымда Жоғары Кеңес депутаты Қанатбек Исаев «Алмазбек Атамбаевты тиіспеушілік мәртебесінен айыру» жөнінде бастама көтерген. Ал 13-ші маусымда осы мәселеге байланысты арнайы комиссия құрылды. Жоғары Кеңестің Алмазбек Атамбаевты тиіспеушілік мәртебесінен айыруға байланысты құрылған арнайы комиссиясы экс-президентке 9 пункт бойынша айып тақты. Айып тізімін «Республика – Ата-Жұрт» партиясының депутаты Талант Мамытов оқыды. Тізім ішінде «заңсыз жер иеленді», «Ресей азаматтарына, оның ішінде ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне қару-жарақ таратты», «қылмыс әлемінің серкесі Азиз Батукаевты бостандыққа шығаруға көмектесті», – деген айыптар бар. Жоғары Кеңестің Қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комитеті Атамбаевқа Бас прокуратура тағып отырған алты айыптың бесеуіне қатысы бар деген шешімін қолдады.

"The Qazaq Times"