НАТО мен Еуропалық одақ Ираннан Парсы шығанағында ұсталған британ танкерін дереу босатуды талап етті.
ЕО-ның сыртқы саяси қызметі таратқан мәлімдемеде: «Иран тарапының екі кемені Ормуз бұғазында құрықтауы айтарлықтай алаңдаушылық туғызады. Біз шиеленіс жалғаспауы үшін кемені және ондағы команданы тез арада босатып, ұстамды болуға шақырамыз. Кеме қатынасында еркіндік сақталуы тиіс. Оқиғаның бұлай өрбуі онсыз да шиеленсікен жағдайды ушықтырып, қазіргі шиеленісті реттеуге бағытталған жұмысқа кедергісін келтіруі мүмкін», – делінген.
19 шілде түнде Ормуз бұғазында Иран билігі екі британдық кемені басып алған болатын. Ұсталған екі кеменің бірінде – британ туы, екіншісінде либерия туы ілінген. Иран тарабының мәлімдеуінше, британиялық Stena Impero мұнай танкері жұма күні түнде Хормозган провинциясының айлақ және теңіз ұйымының өтінішімен ұсталған. Оған халықаралық теңіз ережелерін бұзды деген айып тағылды.
Sky News телеарнасының жаңалықтарында Ұлыбритания сыртқы істер министрі Джереми Хант Ормуз бұғазында кемелер қозғалысына шектеу қойылса, бұдан Иран жағы көбірек зардап шегеді деп ескертті. Енді Британия бұған жауап ретінде Иранға санкция пакетін әзірлеп жатыр. Лондон Еуроодақ пен БҰҰ-дан да Теһранға қарсы шектеу енгізуін сұрамақ. БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне жолдаған хатында Лондон бұл әрекетті «елдің ішкі ісіне араласу» деп айыптады.
Осыған дейін АҚШ пен Сауд Арабиясы Теһранды Оман және Парсы шығанағында танкерлерге шабуыл жасады деп айыптағаннан соң Иран жағалауындағы жағдай шиеленісе бастады. Аталған жағдайдың хронологиясына көз жүгіртсек, 11 мамырда Араб Әмірліктеріне тиесілі суда жүзген кем дегенде төрт кемеге шабуыл жасалған.
4 шілдеде Ұлыбританияның теңіз барлауы Гибралтарда халықаралық санкция барына қарамастан Сүрияға бара жатқан ирандық Grace-1 кемесін ұстады. Теһранжауап ретінде шара қабылдауға уәде еткен. Ал 9 шілдеде Ұлыбритания Иран кемелері британ мұнай танкерлерін басып алмақ болды деп ақпарат тартатты. Ресми Теһран бұл мәлімдемемен келіспейтінін білдірді.
Кейіннен яғни 16 шілдеде Ормуз бұғазынан өтіп бара жатқан Біріккен Араб Әмірліктерінің (БАӘ) мұнай танкері екі күннен бері хабарсыз кеткен. Соңғы дерек бойынша, танкер Иранға қарай өткен. Осы жағдайлардан кейін АҚШ, Ұлыбритания және Сауд Арабиясы Ираннан күдіктеніп отыр. НАТО мен Еуропалық одақ та ескерту жасады. Дегенмен, Теһран бұл айыптауларды түбегейлі жоққа шығарып отыр.