Осы аптада Иран төмен мөлшерде байытылған уран қорын 2015 жылы қол қойған келісім шегінен асырғанын мәлімдеген еді. Бұл қадам шын мәнісінде, Теһранның АҚШ санкциясын тоқтатуға бағытталған шарасы. Иран өзінің уран байыту технологиясын әйгілеу арқылы келісімге қол қойған елдерді АҚШ-қа санкцияны тоқтатуға кеңес беруге мәжбүрлемек.
Аталған мәлімдемені жасаған кезде Иран СІМ басшысы Мұхаммед Зариф АҚШ-тың былтыр мамырда келісімнен біржақты бас тартқанын және Иранға санкция салғанын айта келіп: «Біз өзіміздің не істегенімізді, не істейтініміз туралы өте жақсы білеміз. Бұл біздің халықаралық келісімдерге сай құқығымыз деп санаймыз», – деген. Дегенмен, Иранның бұл әрекеті түбегейлі дағдарысқа бет бұру деп санамайтындар да бар.
Вашингтондағы Таяу Шығыс саяси зерттеу институтының сарапшысы Кэтрин Бауэр Теһранның бұл қадамын АҚШ-пен келіссөзге жүргізуге жасаған құлшынысы деп санайды. Ол сөзінде: «Олар төмен мөлшерде байытылған уран қорын сатудың жолдарын қарастырып жатқан жоқ, бірақ бұл қадам арқылы кейбір экономикалық жеңілдіктерге ие болуға тырысуда. Бұл келіссөздердің қайта басталуына деген үмітті оятады. Бірақ, мен бұл келіссөз жақын арада жүзеге асады деп ойламаймын», – деген.
Бірақ, бұл арада тағы бір кереғар қайшылықтар бар. АҚШ-тың қатаң санкция шаралары да да Иран экономикасын әлсірету арқылы келіссөзді қайта бастауға мәжбүрлеу үшін жасалған. Президент Трамп 2015 жылғы келісім Иранның ядролық бағдарламасын шектеуге жеткіліксіз деп санайды. Ал, екі елдің келіссөз талаптары жер мен көктей алшақ.
Америка-Прогресс орталығы АҚШ-Иран қатынасы бөлімінің зерттеушісі Алан Маковски АҚШ-тың бұл әрекеті Иранды өзі қалағандай келіссөзге келтіре алады деп санамайды. Әсіресе, Трамп үкіметінің тұсында Иран бұндай қадам жасамайды. «Олар (Иран) 2020 жылғы сайлауда Трамп үкіметі жеңіліске ұшырайды деп үміттенеді. Бұл Иран үшін жаңа бастама деуге де болады», – дейді Алан Маковский.
Оның айтуынша, Иран үшін келіссөзге қайта оралу «жеңіліс» ретінде қаралады. Бұл «жеңіліске» мойынсұнбау үшін Иран арандату әрекеттеріне де барады. Йемендегі хусит күштерін қолдау арқылы үшінші жақ арқылы шабуыл жасау сынды тәсілдері көп. Агенттерді пайдалану да АҚШ-тың санкциялары мен басқа да саясаттарына қарсы күресудегі қолайлы жолы болып саналады.
АҚШ-Иран қатынасына назар аударған көптеген сарапшылар экономикалық санкциялар күткен нәтиже беретініне сенбейді. Бұған Саддам Хусейн тұсындағы Иракты мысал етуге болады. Сол тұста Ирак экономикалық санкцияларға қарамастан АҚШ саясатына соңына дейін қарсылық танытты. Солтүстік Кореяда сан жылдарға жалғасқан халықаралық санкцияларға қарамастан 6 реткі ядролық сынағын өткізді. Оның үстіне Трамп билігі кезінде Ақ үй экономикалық санкцияны «оңды-солды аямай сілтеді». Бұлдағы АҚШ-тың экономикалық санкциясының өніміне деген күмән-күдікті күшейтті.