Брюссельде Еуроодақтың жауапты лауазымдарына үміткерлерді сайлауға қатысты үшкүндік марафон аяқталды. Нәтижесінде, Еурокеңес төрағалығына Бельгия премьері Шарль Мишель сайланды.

Британиялық «The Times» басылымының хабарлауынша, саммитте Еуроодақтағы өзге де төрт басқарушылық қызметіне лайықты үміткерлер де анықталған. Одаққа мүше 28 мемлекет басшыларының шешімі бойынша Еурокомиссия президенті қызметіне Германияның қорғаныс министрі Урсулу фон дер Ляйен ұсынылды. Еуропаның Орталық банкіне Халықаралық валюта қорының өкімші-директоры Кристин Лагард, ал ЕО дипломатиясы басшысылығына Испания сыртқы істер министрі және Еуропарламенттің бұрынғы төрағасы Жозеп Боррель кандидатурасы лайықты деп танылды. Егер Германиядан ұсынылған үміктер Урсулу фон дер Ляйен жеңіске жетсе, тарихта тұңғыш рет Еуропалық комиссияны әйел адам басқармақ. Аталған кандидатуралар Еуропарламентте мақұлданса, Одақтың негізгі төрт қызметінің басшысы 1 қарашадан бастап өз қызметін бастайды.

Басқарушы қызмет кандидаттары мәлім болғандықтан, бүгін Еуропарламент Страсбургте өтетін пленарлық сессияда өзінің жаңа президентін анықтайды. Шетелдік басылымдар таратқан мәліметтерге сүйенсек, жауапты қызметті болгариялық Сергей Станишев иеленуі мүмкін. Ал 2024 жылдың қазанына дейін аталған лауазымға Германиялық Манфред Вебер ұсынылмақ. Саммит қорытындысы бойынша Еурокеңес төрағасы лауазымын атқаратын Бельгия премьер-министрі Шарль Мишель: «Еурокеңес төрағасы болып сайлануым мен үшін үлкен құрмет. Мен бар жауапкершілікті сезіне отырып, алдыма қойылған міндеттерді орындау үшін қолымнан келгенннің бәрін жасауға дайынмын. Бүгінде Еуропа көптеген сын-тегеурін алдында тұр. Бірақ мен оларды мүмкіндік ретінде де қарастырамын. Алдағы 5 жыл біздің Еуропалық жобамыз үшін өте маңызды кезең болмақ. Және сол үшін бірлігіміз бен ынтымақтастығымызды нығайтып, оны қорғау керектігіне сенімдімін», – деді.

Еуропалық одақ үшін айтулы саммитке қатысты сұхбат берген Еурокеңес төрағасы Дональд Туск: «Еуропарламенттің алғашқы сессиясы басталмай тұрып басшылық қызметке кімнің сайланатыны жөнінде келісімге келдік. 5 жыл бұрын бұл мәселені шешуге 3 ай уақыт кететін. Соның өзінде кей басшылар қарсылық танытушы еді. Ал биыл оған небәрі 3 күн арнадық. Және қабылданған шешімге ешкім қарсы болған жоқ. Тіпті Германия Еурокомиссия басшысын сайлауда дауыс беруден бас тартқанымен, канцлер Ангела Меркельдің өзі жалпы алғанда оны қолдап отыр. Бірінші кезекте, біз ең жауапты 4 қызметке екі әйел адам мен екі ер адамды таңдадық. Бұл мінсіз гендерлік теңдікті көрсетеді. Сол үшін өте қуаныштымын», – деп мәлімдеді.

Еске сала кетейік, Еуроодақ көшбасшысын сайлау 1 шілдеде басталған. Еуропалық Кеңес төрағасы қызметіне болгариялық Кристалина Георгиеваның, ал Еуроодақтың сыртқы істер бойынша Жоғарғы өкілі қызметіне бельгиялық Шарль Мишельдің кандидатуралары қарастырылған. Ал Еуропарламент жетекшілігіне германиялық Манфред Веберді сайлау ұсынылған болатын. Дегенмен, сайлаудың алғашқы күні еш нәтиже берген жоқ. Өз кезегінде Франция президенті Эммануэль Макрон саммит, келіссөздердің нәтиже бермеуі мемлекеттер арасындағы саяси алауыздық салдарынан деген болатын.

"The Qazaq Times"