Еуроодақ көшбасшысын анықтау бойынша өткізілген саммит айтарлықтай нәтиже берген жоқ. Бұл туралы Politico басылымы хабарлады.
Осыған байланысты Германия канцлері Ангела Меркель: «Негізгі үміткерлер ретінде айтылған тұлғалар өздеріне жауапкершілік алғанын қалаймыз. Бәрін үйлестіруге уақыт қажет. Ұсынысымыз Еуропарламентте көпшіліктің қолдауын табуы тиіс екенін ұмытпауымыз керек. 3 шілдеде Еуропарламент басшысы сайланғанға дейін шешім қабылдағымыз келеді. Бұл қиын болмақ, алайда ниетіміз болса, қолымыздан келеді», – деп мәлімдеді. Франция президентінің айтуынша, саммит, келіссөздердің нәтиже бермеуі мемлекеттер арасындағы саяси алауыздық салдарынан болып отыр. Макрон сөзінде: «Тағайындау ісі нашар дайындалды. Бірқатар саясаткерлердің менмендігі де кері әсерін тигізді. Бұл басшылар өз саяси мүдделерінің арбауында қалған. Осы мәселені ертеңге дейін шешуге тиіспіз, табысқа жететінімізге сенімдімін», – деді.
Басқосу 20 сағаттан аса уақытқа жалғасқан. Одақ президенті анықталмағандықтан, Еуропалық Кеңес төрағасы Дональд Туск мәжілісті келесі күнге қалдырды. Алдағы уақытта Туск Еурокомиссия басшысының орнына голландиялық Франс Тиммермансты қабылдамақ. Дегенмсн, бұл жоспарға Тиммерманстың мигранттарға қатысты саясатын құптамайтын Польша, Венгрия, Чехия, Словакия мен Италия қарсы.
Еуропалық Кеңес төрағасы қызметіне болгариялық Кристалина Георгиеваның, ал Еуроодақтың сыртқы істер бойынша Жоғарғы өкілі қызметіне бельгиялық Шарль Мишельдің кандидатуралары қарастырылып отыр. Еуропарламент жетекшілігіне германиялық Манфред Веберді сайлау ұсынылды. Нақты қорытынды алдағы екі күнде белгілі болмақ.