Лондонның уақытымен жексенбі күні сағат 15:00 шамасында Клэпхэм ауданында тұратын бір тұрғынның ауласына аспаннан адам құлап түскен. Сол сәтте лондондық тұрғын өз ауласында күнге қыздырынып отырыпты. Аспаннан құлаған адам үй иесінің жанына 1 метр шамасында жақын келіп түседі. "Гүрс" еткен дыбыстан кейін көршілері де жан түршігерлік жағдайдағы адам мүрдесін көрген. Үрейі ұшқан тұрғындар полицияға хабар берген.
Лондон полициясы Кийин Хитроу әуежайына қонған және әуеге көтерілген ұшақтардың бейне таспаларын тексеріп көрген. Нәтижесінде, Kenya Airways компаниясының ұшағы қонуға бағыт алған кезде ұшақтың астынғы жағынан бір адамның құлап кеткенін анықтаған. Қонуға дайындалған ұшақтың дөңгелек корпусы ашылған кезде оған жасырынған адамның жерге құлап кеткені бейне таспаға жазылған. Лондон полициясы бұл адамды билет алмай, ұшаққа жасырынып шыққан болуы мүмкін деп қарайды. Ұшақтың дөңгелектері орналасатын корпусынан тамақ та табылған. Қатерлі сапарға шыққан бұл адам дөңгелек корпусы ашылудан бұрын жан үзген болуы да мүмкін деген болжам да бар.
Найробиден ұшқан ұшақ Лондонға 9 сағатта жетеді. Билет алмаған жолаушылардың бұндай тәуекелге бару әрекеттері бұған дейін де бірнеше рет болған екен. Әуе компаниясының мамандары бұндай қауіпті әрекетке барған адам аман-есен жеткен күнде де денсаулығына үлкен зақым келетінін айтады. Жоғары қысым, оттегінің жетіспеуі, төмен температура және адам жүйкесіне зақым келтіретін шуыл – бұның бәрі де адам денсаулығына ауыр зардап келтіретінін айтады.