Әлемдегі танымал шаһарлардың бірі және саяси-экономикалық маңызды қала Гонконгтың Қытайға өткеніне 22 жыл толуын атап өту қарсаңында қарсылық демонстрациясы қайталай өршіді. Тіпті наразы топ пен полиция арасында қақтығыс та болды. Бірақ, бұл реткі наразылық шарасының сипаты басқаша болды.
Гонконг бұдан 22 жыл бұрын дәл осы күні Британия иелігінен Қытайға өтіп, Қытайдың 50 жылдық айрықша түзіммен басқарылатын регионы мәртебесін алған. Содан бері жыл сайын 1 шілде күні Қытайдың туы шығарылып, әнұранын қою салтанаты өткізіліп келеді. Бұл рет демонстранттар осы салтанат рәсімін үзіп тастауға әрекет еткен. Хабарларға қарағанда, полиция наразы жұртты тарату үшін жасауратқыш газ бен сойылдарын да пайдаланған.
Гонконгтың миллиондаған тұрғыны бір айдан бері Бейжің тарабынан қабылданған шешімдерге, Гонконг азаматтарын экстрадициялау туралы заң жобасына қарсы наразылық шеруін өткізіп келеді. Ол аталған заң жобасы арқылы Бейжің Гонконгтың автономиялық құқығын шектеп жатыр деп санайды. Қазір қала үкіметі бұл заң жобасын қабылдауды уақытша тоқтатты.
Аталған қаланың тұрғындары Қытай билігінің шешімдеріне қарсы жыл сайын наразылық шерулерін өткізеді. Алайда, 1997 жылдан бергі ең іркі, қатысқан адам саны да ең мол шерулер биыл болып отыр. Маусым айының орта шеніндегі наразылық шерулерінің бірінде 2 млн адам қатысып, әлем назарын өзіне аударды. Гонконг Британиядан Қытайдың өзгеше құқықтағы басқаруына өткеріліп берілген кезде де осындай наразылық акциясы болған еді.
Гонконг үлкен жақтан Қытайдың басқаруында болғанымен, айрықша автономиялық құқыққа ие. Тіпті, экстрадиция туралы АҚШ, Британия қатарлы 20 мемлекетпен жекелеген келісімдері бар. Керек болса мұндай келісім Қытайдың өзімен жасалмаған. Экстрадиция туралы келісім диалогы 20 жылдан бері жалғасып келеді, алайда әлі нақты келісім түзе алмады.
Ендігі наразылық шаралары басқарушы Кэрри Ламның қызметтен кетуін талап етуге бағытталуда. Сондай-ақ, экстрадициялау туралы заң жобасын қарауды күн тәртіптен түбегейлі алып тастауды, 12 маусымдағы оқиғаны дүрбелең деп атауды тоқтатуды, қамауға алынған белсенділерді босатуды талап етуде. Бұған қоса полицияның күш қолданғаны туралы фактілерді тергеу талабы да бар.
Шетелдік ықпалды ақпарат құралдарының көбі дерлік Гонконгтегі наразылық шаралары Ши Жипиң режимінің белгілі бір жақтағы ырықсыздығын көрсетті деп қарайды. Сондай-ақ, бұл оқиғалар «темірдей қатты» Ши Жинпиң билігінің Қытайдағы және әлемдегі беделіне де кері әсер етті деп санайды.