Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Арыстағы жарылыстың ықтимал себебін атап, оқ-дәрілер сақталып келген әскери бөлім туралы мәлімет берді. 

Министрдің айтуынша, аймақта тағы екі әскери бөлім бар. Ешқандай қауіп туғызбайтындықтан, бөлімдер жұмысы жалғасады. Жойылмаған оқ-дәрілер Қазақстанның басқа аумақтарына жеткізіледі. Арыстағы арсенал техникалық тұрғыдан жоғары деңгейде болғандықтан, апат себептері де әртүрлі. Қазіргі болжамға сәйкес пікір білдірген Н.Ермекбаев: «Оқиғаның себебі әртүрлі болуы мүмкін: электр желісінің тұйықталуы, жарылғыш заттағы химиялық реакция, диверсия, басқа заттың түсіп кетуі, шөптің өртенуі. Не дегенмен, Арыстағы арсенал техникалық тұрғыдан ең жақсы жарақтандырылған еді. Қауіпсіздік шаралары қатаң сақталды. Өткен жылы жаңа жүйе, техникалық құрылғылар орнатылып, күзетпен қамтамасыз етілген. Сыртқы периметрі мен арсеналдың ішкі жағдайына қатысты барлық ақпарат келіп түсетін серверді басқару пульті болды. Қоймаға кіру шектелген. Яғни, мұнда барлық қауіпсіздік шаралары сақталған. Соңғы бірнеше жылда қоймадан 30 мың тоннадан астам оқ-дәрі шығарылды», – деді.

Министр жарылыс себебі мен тергеу амалдарына қатысты сауалға: «Барлық нұсқаларды қарап жатырмыз. Нақты айту қиын. Дегенмен, бірінші күні-ақ мен өзім бөлім командирімен және арсенал бастығымен  бірге қойманың ішіне кірдік, барлық бейнежазбаларды алдық. Қазір тергеу тобы бұл жазбаларды тексеріп жатыр. Тергеу жүргізіледі. Өз міндеттерін дұрыс орындамаған немесе қателікке бой алдырған лауазымды тұлғалардың кінәсі анықталып, қатаң жазаға тартылады. Бірақ бүгінгі таңда ережені бұзу сипаттарын көріп отырған жоқпыз», – деп жауап берді.

24 маусымда Арыс қаласындағы әскери қомалардың бірінде жарылыс болған. Салдарынан екі адам қаза тауып, 165 адам медициналық көмекке жүгінді. Арыстағы әскери бөлімше аумағындағы оқ-дәрі қоймасында жарылыстар тыйылып, 228 маусымнан бастап тұрғындар үйлеріне қайтарылды. Қорғаныс  министрлігі Арыс қаласының аумағын жарылмай қалған оқ-дәрілерден тазарту үшін арнайы саперлер тобын құрған.

"The Qazaq Times"