Грузиялық джаз әншісі Нино Катамадзе «Путин – біздің ортақ жауымыз!» деп, Ресейде концерт беруден бас тартты.
Катамадзе өзінің Фейсбук парақшасында: «Менің өмірімдегі ең ауыр күн – 20 маусым, ал ең ауыр концерт 22 маусымда Ресейде өтті. Көзі көрмейтін кішкентай қыз үшін концерттен бас тарта алмадым. Ендігі айтарым, бұл менің Ресей жеріндегі ең соңғы концертім. Мен грузинмін, демек, еуропалықпын. Грузияның болашағы Еуропа елдерімен бірге басталуы тиіс», – деп жазған.
Сонымен қатар, әнші Грузиядағы ереуіл кезінде грузин халқымен бірге бола алмағаны үшін, Ресейге қарсы ұрандамағаны үшін кешірім сұрады. Грузияның Ішкі істер министрі Георгий Гахарияның отставкаға кетуін талап етіп, «Ресей – оккупант, Путин – біздің ортақ жауымыз!» – деп жазды.
Еске сала кетейік, Грузияда наразылық акциялары маусымның 20-сынан бері жалғасып келеді. Оған Ресей мемлекеттік думасының депутаты Сергей Гавриловтың парламентаралық кездесуде Грузия спикерінің орнына отырып сөз сөйлеуі себеп болды. Оппозиция мұндай әркетке наразылығын білдіріп, оның соңы тәртіпсіздіктерге ұласты. Өйткені ресейлік депутат бұған дейін Грузиядан бөлінген аймақтардың тәуелсіздігіне қолдау білдіріп келген.
Бүгін мыңдаған тұрғын Тбилисидің орталық көшелерімен жүріп, елдің ішкі істер министрі Георгий Гахарияның отставкаға кетуін талап етіп отыр. Шерушілер халыққа күш қолданған министр қызметін жалғастыруға құқы жоқ деп ұрандатты.