Мемлекеттік тілдің аясын кеңейту, мемлекеттік сұранысты арттыру және тіл мәдениетін өсіруге қол жеткізу үшін, ақпараттық-идеологиялық сипаттағы ауқымды әрі кешенді іс-шара өткізу кезек күттірмейтін мәселе. Осыған орай, Нұр-Сұлтан қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы жыл басынан бастап кең ауқымды «Тіл тазалығы – баршаға ортақ іс» жобасын бастаған еді.
Басқарма аталған жоба аясында Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасымен меморандумға қол қойды. Меморандум шеңберінде жылдық жоспар жасалынып, бірқатар маңызды іс-шараларды жүзеге асыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жоба аясындағы негізгі шараларды қала көшелері мен түрлі нысандардағы жарнама мен көрнекі ақпараттардан басталды. Себебі, көзге ұрып тұрған жарнама мен көрнекі ақпарат идеологиялық тұрғыда өзіндік маңызға ие екені мәлім. Тіл туралы заңның 21-ші бабында былай делінген: «...маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, басқа да көрнекі ақпарат мемлекеттік тілде және орыс тілінде, ал қажет болған жағдайда басқа да тілдерде жазылады» делінген. Өкінішке орай, қазіргі уақытта бұл нормалар толық сақталмай отыр. Сондықтан да «Тіл тазалығы – баршаға ортақ іс» атты акцияның ауқымы кең, қоғамдық негізі, әлеуметтік маңызы зор.
Акция кезінде қала көшелеріндегі рұқсатсыз, заң талаптарына қайшы келетін сыртқы (көрнекі) жарнаманы анықтау, зерделеу, талдау мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылды. Оған Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Бекжан Әбдуалиұлы, Қазақстан Республикасының Заңнама институты, конституциялық, әкімшілік заңнама және мемлекеттік басқару бөлімінің бас ғылыми қызметкері Примашев Нұрзада Махамбетұлы және т.б. білікті филологтар мен заңгерлер, журналистер мен қоғам белсенділері жұмылдырылды.Қала бойынша сарапшылардан құралған 5 арнайы жұмыс тобы сәуір-мамыр айларында Сарыарқа ауданы бойынша – 16 көшеге, Алматы ауданы бойынша – 20 көшеге,Есіл ауданы бойынша – 16 көшеге, Байқоңыр ауданы бойынша 16 көшеде орналасқан шағын және орта субъектілердің сыртқы жарнамасы мен көрнекі ақпараттарына сараптама жұмыстарын жүргізді. Жалпы, 68-ден аса көше қамтылды.Сарапшылармен, акция барысында Сарыарқа ауданы бойынша 16 көшеде орналасқан 350 нысанның сыртқы (көрнекі) жарнамасының тіл туралы заңның талаптарына сай келмейтіндігі анықталса, Алматы ауданы бойынша 20 көшеде орналасқан 500-ге жуық нысанның сыртқы (көрнекі) жарнамасының тіл туралы заңның талаптары, сондай-ақ 30 нысанда тілдік норма (орфографиялық ережесі сақталмауынан туындаған қателер, стилистикалық қателіктер, орыс тілінен тікелей аударылған) талаптарының сақталмағандығы анықталды, Есіл ауданы бойынша 16 көшеде орналасқан 150 нысанның сыртқы (көрнекі) жарнамасының тіл туралы заңның талаптарына сай келмейтіндігі анықталды. Жалпы қамтылған нысандардың саны – 1000. Ал, елордада шағын және орта субъектілердің жалпы саны: тіркелгені – 162879, жұмыс істеп тұрғаны – 127417 екендігін ескерсек, онда жартыжылдық бойынша қаралғаны небәрі 2000-нан ғана асатын субъектілер болып тұр. Сондай-ақ, қала бойынша көшелердің жалпы – 1554 болса, қамтылғаны 68 көше болып тұр.
Сарапшылар акция барысында кәсіпкерлік иелеріне заңның талаптарын жан-жақты түсіндіріп, рұқсатсыз орналастырылған сыртқы жарнаманы заңдастыру жолдарын ескертті. Жұмыс барысында сарапшылардың ескертуімен жалпы заңға сәйкес емес 400-ден аса жарнама, көрнекі ақпараттар алынып тасталды. Сонымен қатар, заңға сәйкес келмейтін, түзетуді қажет ететін, рұқсатсыз орналастырылған 700-ден аса сыртқы (көрнекі) жарнамаанықталып отыр.
Алдағы уақытта рұқсатсыз орналастырылған жарнамалар бойынша құзырлы мекемелерге тиісті шаралар қолдану үшін арнайы хат жолданатын болады.
«Тіл тазалығы – баршаға ортақ іс» акциясы туралы елорданың тұрғындары мен қонақтарына үндеу жарияланған болатын. Осыған орай, әлеуметтік желілердегі қала тұрғындарының үн қатулары бойынша да жұмыстар жүргізілді. Мәселен, Fasebook әлеуметтік желісі арқылы қала тұрғындарынан заң талаптарының бұзылуы туралы 85 өтініш түссе, соның 30 пайызы орындалды, яғни түзетілді. WhatsApp желісі арқылы да заң талаптарының бұрмалануы бойынша 50-ден аса өтініштер түсті, соның 25 пайызы түзетілді.
Сарапшылар, акцияның жүру барысын әлеуметтік желілерде жариялап отырды.Мәселен, Fasebook әлеуметтік желісінде ұйымдастырылған акция туралы 70-тен аса пост жарияланды. Қала тұрғындары аталған шара туралы жағымды пікірлерін әр постта жазып, бөлісіп отырды. Сондай-ақ, акцияның жүру барысы бойынша «Хабар 24» арнасы, «Астана» арнасы, «Қазақстан Ұлттық» арнасы, «Еуразия» Бірінші арнасынан, «Шалқар» радиосы, «Астана ақшамы» газеті, «Вечерняя астана» газеті, «Елорда ақпарат» сайтында және т.б. БАҚ-тарда жарияланды.
Жобаға сай бастау алған акция кәсіпкерлік нысандарында ғана емес, қалалық пәтер иелері кооперативтерімен де жүргізілді. Өйткені, тұрғын үйлердің сырты мен ішкі кіре берістеріндегі, лифтлердегі ақпараттарда мемлекеттік тілдің жазылуында заң талаптары сақтала бермейді. Олардың заң нормаларына сай болуы қадағалауды қажет етеді. Осы мақсатта Сарыарқа, Алматы аудандарындағы пәтер иелері кооперативтері басшыларымен кездесу өткізіліп, заңның талаптары түсіндірілді. Алайда, пәтер иелері кооперативтері басшыларының Тіл туралы заңның талаптарының орындалуын қолға алуға енжарлық танытқанын байқалды. Бұл дегеніміз,пәтер иелері кооперативтері басшыларымен аудандардаапта сайын өткізілетін жиындарда Мемлекеттік тіл мәселесінің мүлдем көтерілмегендігін байқатады. Осыған орай,алдағы уақытта тіл мәселесінің өзектілігін ескере отырып, әр аудан әкімдерінің қатысуымен пәтер иелері кооперативтерінің басшыларына жауапкершілікті күшейтуді жүктеу мақсатында арнайы жиын өткізу қажет.
Сонымен қатар, акция барысында қаладағы жеке меншік балабақшалардың сыртқы жарнамасы мен көрнекі ақпараттары да сын көтермейтіндігі анықталды. Мәселен, елордада қазіргі таңда жекеменшік балабақшалардың саны – 210 болса, осы жекеменшік балабақшалардың көбісінің маңдайша атаулары мен сыртқы (көрнекі) жарнамасы тіл туралы заңның талаптарына сай келмейтіндігі анықталды. Бұл да өз кезегінде жекеменшік балабақшаларға жетекшілік ететін құзырлы мекеменің мемлекеттік тіл саясатын дұрыс жүргізбей отырғандығын білдіреді.
Сондай-ақ, акция барысында қаладағы орталық базарлар мен сауда орталықтарындағы да заң талаптарының орындалу барысы қаралып, Тіл туралы заң талаптарының өрескел бұзылып жатқандығы анықталды. Орталық базарлардың жалпы саны – 25. Сауда орталықтарының саны – 9. Өз кезегінде аталған орталық базарлар мен сауда орталықтарына жетекшілік ететін құзырлы орган мемлекеттік тіл саясатын насихаттау жұмыстарын жандандыру қажет.
Сауда орталықтары демекші, ана тілдің аясын кеңейтуге қатысты мына бір жағымды дүниені де айта кету керек. Қазіргі күні Елордадағы адамдар көп келетін 35 сауда орталығында нақыл сөздердің аудиолары жариялануда. Қазір 32 қазақша нақыл сөз аудиосы әр жарты сағат сайын күніне 20 реттен ротацияланып жатыр. Көпшілік жалпы бұл бастаманы өте жылы қабылдады.
Енді осы нақыл сөздер бойынша видеороликтер әзірлеп, LED-экрандар мен автобустардың мониторларында ротациялау қолға алынуда. Тағы бір айта кетерлік мәселе, аталған нақыл сөздер қаладағы билбордтар мен пилондарға да ілінуде. Мысалы, сол жағалаудағы Нұржол бульвары, адамдар көп жүретін орындар және аялдама пилондарына орналастырылуда. Сондай-ақ, әр ауданда кемінде бес үйдің қасбеттеріне де ілу ойластырылуда.
«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңын 24-бабында «... тіл туралы заңнаманың бұзылуына кінәлі мемлекеттік органдардың бірінші басшылары не жауапты хатшылары немесе Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын өзге де лауазымды адамдар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады. Лауазымды адамның мемлекеттік тілді білмеу желеуімен жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдаудан бас тартуы, мемлекеттік тілдің және басқа да тілдердің қолданылу салаларында олардың пайдаланылуына кез келген кедергі келтіру, сондай-ақ деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру бойынша талаптарды бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады» делінген. Олай болса, әр саланың басшылары тіл туралы заңның орындалу барысын басты назарда ұстаулары керек.
Сайып келгенде, «Тіл тазалығы – баршаға ортақ іс» деп жобаның аты айтып тұрғандай, тіл заңының орындалуына барлық құзырлы мекемелер ортақ атсалысуы тиіс.
Тілдерді дамыту және арxив ісі басқармасы ономастикалық жұмыс және
мемлекеттік рәміздер бөлімінің бас маманы,
Айгүл Иманғали