Бірқатар елдің құқық қорғаушылары соңғы екі жылдан бері Шынжаңда жүз мыңдаған мұсылманның сотсыз сұрақсыз лагерлерге қамалғанын айтып келеді. Бейжің билігі болса бұл айыптарды жоққа шығарып, аталмыш лагерлерді экстремизмге қарсы күрес жүргізетін «Білім беру орталықтары» ретінде көрсеткісі келеді. Жақында Шынжаң жеріне барып қайтқан BBC сынды ықпалды ақпарат құралының журналисі өзінің жол сапар очеркін жария етті.  

Аталған телеарнаның журналисті Жон Судворд бұдан бұрынғы Шынжаң сапарында биік дуалды «тәрбиелеу лагерлерінің» сыртынан ғана қайтқан еді. Оны жай бұқараша киінген қауіпсіздік қызметкерлері лагердің маңына жолатпай кері қайтарып отырған. Биік-биік қарауыл мұнараларына алыстан қарап, көптеген сұрақтарына жауап таба алмай қайтқан. Бұл жол тәрбиелеу лагерлерімен ішкерілей танысу ұсынысын Қытай билігінің өзі жасаған.

Журналист Судворд өзінің очеркінде шетелдік журналистерді апарған лагерлердің алдын ала дайындалғанын растайды. Күзет мұнаралары мен тосқауылдардың олар келердің алдында ғана алынып тасталғанын да бірден байқаған. Әрі, лагерде тәрбиеленіп жатқандардың журналистерге берген жауаптары да бірдей екеніне және жауап беру кезінде бәрінің де мазасыз күйде тұрғанына назар аударады.

«Би-Би-Си» журналистінің айтуынша, әсіресе ұйғыр мұсылмандар журналистермен сөйлескен кезде «экстремистік идеологияларға арбалғанын», «білім беру лагерлеріне өз еріктерімен келгендерін», «сондай жақсы орталарда өз көзқарасын өзгерткісі» келетінін айтқан.

«Әрине, олар Қытай билігінің сөзін қайталап жатты. Лагердегілерден сұрау арқылы шындыққа көз жеткізу де өте қауіпті. Себебі, біз кеткеннен кейін «дұрыс емес» жауаптары үшін олардың басы қауіпте қалуы мүмкін», – дейді Жон Судворд көлемді очеркінде.

BBC журналисі Қытай билігінің шақыруын қабыл алғаннан кейін, ресми мәлімдемелермен шектелмей, шындыққа көз жеткізуге барынша тырысқан. Олар лагердегі тәрбиеленушілердің дуалдарға жазған жазуларын жасырын фото суретке түсірген. Әрине, бастабында журналистер ұйғыр жазуындағы бұл мәтіндерді түсінбеген, аударғаннан кейін ғана мағынасын білген. Қабырғаларға жазылған жазулардың бірінде «О, Құдайым! Жүрегім жарылып кетпесе игі еді» деп жазылған екен.

Бұдан тыс, олар лагердегі тәрбиешілермен сөйлесу кезінде, аталмыш лагерлерге қылмыс жасағандар емес, «қылмыс жасауы мүмкін» делінген мұсылман азшылықтарының көбірек қамалғанына көз жеткізген.

Шынжаңдағы «үйрену лагерлері» экстремизмге қарсы күресіп жатыр деп айтудан Бейжің биілігінің жағы семген емес-ті. Тәрбиеленушілерге экстремизмге бой ұрмау үшін таңдау таңдау жасауға мүмкіндік беріледі деп ақтайды олар өздерін. Дегенмен, аталған журналистер бұны «таңдау жасау» дегенге мүлде ұқсатпайды. Журналистің айтуынша экстремистік көзқарасы бар деп айыпталғандарда тек екі ғана жол бар. Біріншісі, соттың үкіміне қарсылықсыз бағыну, екіншісі осындай лагерлерге кіру.

Сондай-ақ, Жон Судворд экстремизм ұғымының Қытайда аса ауқымды қарастыратынын баса айтады. «Мысалы, шетелдегі туыстарыңа хабарлассаң да «экстремистік» деген айып тағылады», – дейді Судворд. Ол өзінің очеркінің соңында лагерде қамалғанына 8 ай болған бір азаматпен болған диалогын келтіреді.

«– Қанша адам «Білім беру орталығын» «табысты тамамдап шықты», – деп сұрадым одан. Ол бірден жауап берген жоқ. Аз-кем ойланып барып:

– Бұл туралы хабарым жоқ екен, – деп жауап қайтарды. Бірақ ол сыбырлай сөйлеп, этникалық айырмашылығы мен діни сенімі үшін миллионнан астам адамның қамалғаны туралы айтты», – дейді. Соңында Жон Судворд: «Оның дауысы сыбырлай шықса да дүние халқы оны естіп, көңіл бөлуі керек», – деп сөзін тамамдайды.

“The Qazaq Times”