Кеше, Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында белгілі ақын-жазушы, публицист, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Бақытбек Бәмішұлының шығармашылық кеші өтті. Кеш ақынның асқаралы 60 жасқа толған мерейтойы қарсаңында өтті.

Секен Тұрысбек ақынның кешіне күйден шашу шашты. Фото: QT.

Кешке ақынның ғылым мен әдебиеттегі ұстаздары, қаламдас-замандас серіктері, ауылдас ағайын-жұрты, оқырмандары және өнерпаздар мен БАҚ өкілдері қатысты. Кеш тізгінін халықаралық "Алаш" сыйлығының иегері, айтыскер ақын Дәулеткерей Кәпұлы ұстап, алқалы сөздің шымылдығын Жазушылар одағы басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулетов ашты. Өлең мен өнердегі аға буын қасқа мен жайсаң кезегімен сөз алып, Бәмішұлы шығармаларының қыр-қатпарлары, еңбек жолының бел-белестері туралы естеліктер мен алқаулы сөздер сөйледі.

"Ер Жәнібек" қоғамдық қорының құрметті президенті Мақсұт Темірбаев қор атынан сыйлық табыстады. Фото; QT,

Сондай-ақ, кеште ақынның сөзіне жазылған әндер орындалып, "Оспан батыр" поэмасының негізінде шағын спектакл қойылды.

Өнер академиясының студенттері "Оспан батыр" поэмасы негізінде спектакл қойды. Фото: QT

Бақытбек Бәмішұлының еліне берген шығармашылық кеші "Ер Жәнібек" халықаралық қоғамдық қоры жағынан халықаралық деңгейде аталып өтіліп жатқан Оспан батырдың 120 жылдық мерейтой аясында өткенін, кешке "Ер Жәнібек" қорынан тыс, Қазақстан Жазушылар одағы мен ҚР Ұлттық кітапханасының қолдау көрсеткенін атап өткен жөн.

Ақын және өнерпаздар. Фото: QT.

Ақын туралы аз аял

Бәмішұлы Бақытбек ақын  Баян-Өлгей аймағының Бұлғын сұмынында Үлкен Теміртінің Норты жайлауында  1958 жылы 25 мамырда дүниеге келген. 1975 жылы Бұлғын сұмындық 8 жылдық, 1977 жылы Ұланбатыр қаласында Хосе Марте атындағы 52- ші он жылдық орта мектепті бітірген.  1977 жылы Ресейдің Ленинград (Санкт-Петербург) қаласында Политехникалық институттың дайындық курсында оқып, академик Образцов атындағы Темір жолдар институтын 1983 жылы тамамдап, инженер-электрик мамандығы бойынша «автоматика, телемеханика және байланыс» маманы болып шығады. Моңғолияның Мемлекеттік Университеті жанындағы Басқару қызметкерлерін даярлау институтын тәмамдаған. Филология ғылымдарының кандидаты, ақын-жазушы, публицист, аудармашы,  Қазақстан Жазушылар Одағының және Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.  Халықаралық «Көш» газетін бірнеше жыл басқарды. «Minber.kz» ұлттық интернет газетінің атқарушы редакторы. Алматы «Метрополитен қызметкері. «Махмуд Қашқари және моңғол тілі» және «Моңғолия қазағының тілі: әлеуметтік қыры» атты монографиялар жазды. О.Сүлейменовтың «Аз и Я» кітабын моңғол тіліне, ал моңғол ақыны Р.Чойномның «Алтай» дастанын, түріктің халық ақыны Қараожалан, түркімен ақыны Ораз Ягмуров өлеңдерін қазақ тіліне аударды. «Мәңгі көк аспан астында» (1998 ж), «Тұмарлы таң» (2003 ж), «Бай Бұлғын жерім-ай» (2008 ж), «Оспан батыр» (2008 ж), «Айторы ғұмыр» (2012 ж), «Азанбай абыз» (2013 ж), «Зуқа батыр – аласапыран замана арыстаны» атты өлеңдер мен поэмалар жинақтары, «Ажалсыз адам» (2016 ж) атты әңгімелер мен хикаяттар, «Алтын аралдың арғымақтары» (2018 ж) өлең-роман кітабы жарық көрді. «Байбесік тұмалары» (Е.Ақберенмен бірігіп), «Шер – шежіре», «Таразы», «Ләу» қатарлы жинақтарды құрастырды. Оннан астам өлеңдеріне ән жазылды.

Кешке қонақтары. Фото: QT. 

“The Qazaq Times”