Қытай басшысы Ресейдегі үш күндік сапары кезінде екі ел арасындағы бірқатар маңызды келісімдерге қол қойды. Солардың қатарында ресейлік МТС мен қытайлық «Хуавей» компаниялары арасындағы 5G технологиясын жүзеге асыру туралы келісім де бар.

Көпшілікке белгілі, қытайлық технология алыбы саналатын «Хуавей» бұған дейін Құрама Штаттарды қамтыған Батыс елдері жағынан тыңшылықпен айналысатын және коммунистік Қытай үкіметінің мүддесі үшін жұмыс істейтін компания ретінде айыпталып келген. Құрама Штат тарабы өзінің бірқатар одақтастарына қытайлық технология компаниясының ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретінін ескертіп те келген.

Алайда, Ши Жинпиңнің Мәскеуге ертіп барған делегациясы «Хуавейдің» Ресейдегі жолын ашып берді. «Хуавей» Ресейдің телекоммуникациялық компаниясымен селбесе отырып, келісілген жобаны бір жылдың ішінде жүзеге асырмақ.

5G технологиясы әлемнің бірнеше елінде сынақтан өткізілуде. Аталған жаңа технологияны Оңтүстік Корея әлемде бірінші болып (Құрама Штаттан санаулы сағаттар бұрын ғана) іске қосқан. Сарапшылардың айтуынша қазіргі интернеттен 10 есеге жылдам 5G технологиясы әлемге, адамзат қоғамына өлшеусіз жаңалықтар, үлкен бұрылыстар алып келеді деп қарайды. Мамандардың сөзіне сенсек, 5G адамзат өмірін түбегейлі өзгертпек екен.

Аталған жаңа технологияның инфрақұрылымдары қытайлық «Хуавей» компаниясының қатысуымен түзілгендіктен, кейбір елдер ұлттық қауіпсіздікке жаңа қатер алып келеді деп алаңдайды. АҚШ бірнеше жылдан бері Huawei компаниясының тыңшылықпен айналысатынын дәлелдеуге тырысып келеді. Бұл турасында бірқатар мәліметтер де жария еткен. АҚШ-тың мәлімдеуінше, Huawei Бейжіңнің бұйрығын орындайды, технология ұрлайды және халықаралық ережелерді бұзады. Ал, аталған қытайлық компания бұл айыптарды терістеумен келеді.

АҚШ-тың ықпалымен Аустралия және Жаңа Зеландия қатарлы елдер «Хуавей» ұсынған 5G технологиясынан бас тартты. Алайда, кейбір сарапшылар, «Хуавей мәселесі» шын мәнісінде технология соғысы деп қарайды. Айталық, америкалық және қытайлық технология алыптарының жаңа технологиялардың нарығын иелеуге деген бәсекелестігі деген пікір білдіреді. Ол «Хуавей» ұялы телефондарымен жасалған бірде-бір тыңшылық әрекеттерінің тіркелмегенін алға тартады.

Дегенмен, «Хуавейдің» Ресей компанияларымен ынтымақтастық орнатуының маңызы да, саяси мағынасы да мүлде басқа деуге болады. Соңғы жылдары әлемдік саясатта «үйекке бөліну» үрдісі қайта белең алды. Бұл үйектер АҚШ бастаған батыс елдері мен Ресей, Қытай, Иран секілді шығыстық авторитаризмге бейім режимдер деп екіге бөлінгендей. Кезекті Қытай басшысының Мәскеу баруына да Батыс елдері бұл тұрғыда баса назар аударып отыр.

“The Qazaq Times”