АҚШ Венесуэла президенті Николас Мадуроның демократияны жаныштау әрекеттеріне қолдау көрсетті деген айыппен қытайлық China Electronics импорт және экспорт корпорациясына санкция салды. АҚШ Қаржы министрлігі салған санкция 30 қараша, дүйсенбі күні ресми күшіне енді.
АҚШ Қаржы министрлігі жасаған мәлімдемеде аталған қытайлық компания Мадуроның режиміне «Интернет қызметін шектеу, сандық бақылау жүргізу және саяси қарсыластарына қарсы кибер операцияларды жүргізуге» қолдау көрсеткен. Сондай-ақ, мәлімдемеде: «Америка Құрама Штаттары Венесуэла ғана емес, бүкіл әлемдегі адамдардың демократиялық ерік-жігерін басуға көмектесетіндерге қарсы шара қолдануға дайын», – делінген.
Дегенмен, кеше Қытай СІМ тарабы АҚШ-тың бұл әрекетіне қатаң жауабы дайын екенін көрсетті. ҚХР СІМ өкілі Хуа Чүниң мәлімдемесінде: «Венесуэла үкіметінің ресмилігін кез-келген үшінші тарап анықтауға тиісті емес. Венесуэла үкіметі мен халқының өз проблемаларын шешуге өз мүмкіндіктері мен парасаттары жетеді. Біз Венесуэла халқының даму жолын өзгерту үшін біржақты санкцияларды пайдалануға үзілді-кесілді қарсымыз», – деген.
Қытайға қоса Венесуэла СІМ тарабы да АҚШ санкциясын айыптап мәлімдеме жасады. «АҚШ санкциясы заңсыз. Олардың мақсаты Венесуэланы оқшаулау және венесуэлалықтарға қиындық тудыру», – делінген Венесуэла Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде.
Қазірше, China Electronics импорт және экспорт корпорациясы санкцияға байланысты ешқандай түсініктеме берген жоқ. Бірақ, Қытай Сыртқы істер министрлігі отандық компаниялардың құқығын қорғау үшін барлық шараларды жасайтынын айтқан.
Венесуэла азаматтары бұған дейін елдегі кейбір оппозициялық көзқарастағы басылымдардың, арналардың сайттарына кіре алмайтындарын, желілердің жиі бұғатталатынын айтып келген болатын.