Қырғызстан Таяу Шығыстағы жиһадшылар қатарына қосылған азаматтарын еліне қайтаруға күш салуда. Бұл туралы сол елдің Сыртқы істер министрлігі арнайы мәлімдеме жасаған. Үкіметтің тапсырмасымен құрылған арнайы жұмыс тобы Сүрия мен Ирак жеріндегі қырғызстандық азаматтарды еліне қайтару жұмыстарын қолға алған.
Бұдан бір апта бұрын оннан астам адамнан тұратын бастамашыл топ президенттен Сүрияда тұтқындалған жақындарын елге қайтарып келуді өтініш еткен. Қырғызстандық жиһадшыларды және олардың отбасы мүшелерін еліне қайтару үшін арнайы жұмыс тобы Ирак үкіметімен бірге азаматтардың жеке басын куәландыру жұмыстарын бастап кеткен. Қырғыз СІМ-інің мәлімдеуінше, мұндай алғашқы адымдағы жұмыстар Сүрия жерінде де жүрілуде.
Орта Шығыста қарулы қақтығыстар басталғаннан бері Қырғызстаннан 700-ден астам адам жиһадшылар қатарына қосылған. Экстремистік топтың жетегінде кеткен кейбіреуі бала-шағасын да соғыс болып жатқан елге апарған. Сондықтан, Сүрия мен Ирак жеріндегі қырғызстандық әйелдер мен балалардың саны да жүзден асады. Бұған дейін олардың еліне қайтып оралғандары туралы анық мәлімет жоқ. Ал, кейбір мәліметтерде 100-ден астам қырғызстандық ұрыс кезінде қаза тапқан.
Қырғызстанның ІІМ тарабы Сүрия мен Ирактағы қырғызстандықтардың еліне қайтып келуіне ешқандай шектеудің жоқ екенін айтқан. Дегенмен, экстремизм және заңсыз мигрант ретінде жазасын өтейтінін айтқан.
Осыдан бұрын, Сүрия мен Ирактағы лагерлерден хабар таратқан француз журналистері Қырғызстанның паспортымен жүрген әйелді лагерлердің бірінен кездестіреді. Олар онымен қысқа ғана сұхбаттасқаны бар-тын. Бұл видео қырғызстандық әлеуметтік желіде күшті талқы тақырыбына айналған еді. Олар көршілес орта азиялық елдердің барлығы да өз азаматтарын еліне қайтарып келгенін алға тартып, үкіметтің дәрменсіздігін сынға алған.