Көші-қон мен қандастарға азаматтықты жеңілдетілген жолмен беру туралы заң-ережелерге өзгерістер енгізбей, атамекенінде «қашқын» аталған қандастардың құжаттық проблемасы шешілмейді! Кеше, Алматы қаласында нақты құжаттық мәселелері бар қандастар мен көші-қон мекемелерінің және үкіметтік емес ұйым өкілдерінің кездесуінде осындай қорытынды жасалды. Бұл кездесуді «Адырна» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған болатын.

Бірнеше жылдан бері, Шынжаңдағы саяси жағдайға байланысты Қытайдағы қазақтардың және сол елден атамекенге оралған қазақтардың құжаттық мәселелері күрделі проблеманың біріне айналды. Қандастардың азаматтық алуы екі ел арасындағы бірқатар құжаттық рәсімдеулерді қажет ететіндіктен, ол жақтағы қысымның артуы елге келген қандастардың да ҚР азаматты болуына өзіндік нұқсанын жеткізді. Былтырдың өзінде 50 мыңға жуық қандасымыздың құжаттық мәселелері бар екені мәлім болды. Қоғамдық ұйымдар мен азаматтық белсенділердің ат салысуында, белгілі деңгейде нәтижелі жұмыстар да атқарылды.

Дегенмен, мәселеге тереңдей үңіле түскенде, осыншама адамды сарсаңға салған мәселенің себебі тек қана Қытайдағы саяси жағдайға ғана байланысты емес екенін, кейбір бір-біріне кереғар заң-ережелердің де мәселені қиындатып отырғанын байқалады. Бұл әсіресе құжаттарының мерзімі өтіп кеткен жекелер үшін көбірек қиындық тудырып отыр.

Ашалай айтатын болсақ, ҚХР паспортының және жеке куәлігінің мерзімі өтіп кеткен көптеген азаматтар Қытайдағы жағдайға байланысты шекарадан өтіп, құжаттарын қайталай жасатуға мүмкіндігі болмады. Ал, мерзімі өтіп кеткен құжаттармен ҚР азаматтығын алу біздің заңымызға да сыймайды. Былтырдан бері осындай жарамсыз құжаттармен не Қытайға өте алмай, не Қазақстан азаматы бола алмай, заң-ережелердің арасында қыспаққа түскен қандастардың мәселесі баспасөздерде көтеріліп, белгілі деңгейде жеңілдіктер де алды. Айталық, ҚР СІМ тарабы мен Қытай елшіліктерінің селбесуімен осындай жекелерге ҚХР жеке куәлігі мен паспорттары жаңартылып берілді, тиісінше бұрынғы визасы мен шекарадан өткені туралы таңбалары бар құжаттары жарамсыз етілді.

Ал, енді ережелердің қайшылығы да осы жерде байқалды. Біздің заңға сай ешбір визасыз, шекарадан кіргені туралы таңбасы жоқ құжаттармен ҚР азаматтығына қабылдау мүмкін емес. Құжаттарын жаңартқан тұлғалар (ҚХР азаматтары) заң бойынша сол елге барып, Қазақстан Республикасының консулдық қызметінен виза алып және шекарадан кірген таңбасымен қайтып келуі керек. Алайда, визасы бар құжаттары жарамсыз болған азаматтар үшін жаңа құжатпен шекарадан шығу қалыпты режимде жүзеге аспайды. Заңға сай оларды депортациялау керек, ал депортацияланған адам ҚР шекарасын кемінде бес жыл ішінде қайта аттай алмайды. Қазіргі Қытайдағы жағдайға байланысты ол жақта 5 жыл тұрып, қайта елге келе алуына ешкім де кепілдік бере алмайды. Барынша қысқаша баяндағанда жағдай осылай.

Кешегі кездесуде, Алматы қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы көші-қон бөлімінің басшысы Гүлбарам Темешқызы мен ДҚҚ Алматы қалалық филиалының басшысы Айбөпе Мақұлбекқызы да қандастардың құжаттық қиыншылықтарын шешу үшін қатысты заңдарға өзгеріс енгізу керек екендігін қуаттады.

Тағы бір айта кетуге тиісті жағдай – жергілікті инспекторлардың қызмет сапасы және олардың қандастарға ұстаған позициясы мемлекетіміздің егемендік алғаннан бері жүргізіп келе жатқан саясатына сай емес. Әсіресе, облыс, аудандардағы көші-қон басқармаларында «төрешілдікке» берілген, өзінің құзіретін асыра пайдаланғысы келетін инспекторлардың әрекеті туралы әр реткі бас қосуларда айтылып жатады. Бұндай жағдайлар көбінде, Алматы облысының аудандарында көптеп кездесетінін айта кету керек. Тіпті,  Алматы қаласында 5 жұмыс күнінде дайын болатын «Оралман куәлігі» Алматы облысының орталығында бір айға жуық уақытта әзер беріледі. Кейбір орындарда делдалдармен астасқан инспекторлар мақсатты түрде құжаттарды қабылдамай, делдалдарға жүгінуге итермелейтінін айтады.

Наурыз айында, тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев құжаттық қиыншылығы бар қандастарға кешіріммен, жеңілдетілген түрде азаматтық беру туралы арнайы тапсырма берген де еді. Соның өзінде кейбір мәселелер заң-ережелердің бір-іріне қайшы болуынан жүздеген адамды сарпалдаңға салып отыр.

Мәселені шешу үшін заң ережелерді өзгертуге ұсыныс хаттар қатысты құзырлы орындар мен үкіметтік емес ұйымдар тарабынан талай мәрте жазылған. Алайда, бұған заң шығарушыларымыз белсенділік танытпай отыр. Бұл ретте, «Отандастар» қоры, «Еламанаты» және «Адырна» секілді қоғамдық бірлестіктерге тікелей депутаттармен кездесу ұйымдастыру туралы ұсыныс берер едік.

“The Qazaq Times”