Төрт күнге созылған Еуропарламент сайлауы мәресіне жетті. Сайлауға Еуропалық одақ құрамынан шығуға бел буған Ұлыбритания да Brexit мәселесін реттеу мақсатында қатысқан. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Брюссельде жарияланған сайлаудың алғашқы қорытындысы бойынша интеграция яғни еуроскептиктер мен оңшылдардың танымалдылығы артқан. Сайлау нәтижесінде жетекші партия саналатын «Еуропа халықтық партиясы» басым дауысқа ие болды.

Мәліметтер бойынша, социалистер мен демократтардан құралған альянс екінші орында. Аталған екі партия да Еуропарламенттің биылғы сайлауында аз мандат жинаған. Сол себепті көпшілік дауысты құрай алмады. Ал либералдар мен демократтардың Еуропа үшін альянсы үшінші орында тұр. Олар таяуда Франция президенті Эммануэль Макронның «Республика маршында» қозғалысымен біріккен болатын.

Сайлау қорытындысына сәйкес, төртінші орынға «Жасылдар» партиясы, бесінші орынға «Еуропалық консерваторлар мен реформаторлар» фракциясы орныққан. Жалпы қортынды жарияланғаннан кейін, Еуропа халықтық партиясының көшбасшысы Манфред Вебер өзі жетекшілік ететін партияның социалистер, либералдар мен жасылдардың  арасындағы еуропалық күштермен бірлесе Еуропадағы мәселелерді талқылауға дайын екендігін айтты. Ол сөзінде: «Еуропа халықтық партиясы» болмаса көпшілікте тұрақтылық болмайды. Сондықтан біз келісімге келуге дайынбыз. Біз бірлесе жұмыс істеуіміз керек. Негізгі идеямыз осы. Тұрақтылық жайында айтқан кезде, адамдардың Еуропадағы демократияға сенімі туралы айтамыз. Еуропарламент – болашақ үшін барлық мәселені бірлесе талқылап, шешім шығаратын орын», – деп мәлімдеді.

"The Qazaq Times"