Қазіргі кезде, Трамп үкіметі өзінің сыртқы саясаттағы мақсаттарын жүзеге асыру үшін экономикалық санкцияларға көбірек сүйенуде. Нәтижесінде, АҚШ-тың экономикалық санкцияларының көлемі барған сайын артып келеді. Бұнымен қатар кейбір елдерге қарата АҚШ президенті күш қолдану мүмкіндігін де жоққа шығармайды. Бұған дейін Солтүстік Корея, Иран, Венесуэла қатарлы елдерге осындай ескерту жасады.
Әрине, өзгелерден гөрі АҚШ санкциясы әлем елдерін көбірек алаңдатады. Себебі, қазіргі әлемнің шырмалған экономикалық жүйесінде АҚШ-тың алар орны мен маңызы айрықша. Ең ірі қаржы орталықтар осы елге топтасып, АҚШ-тың ақша жүйесі әлемді шарпып тұр. Бірақ, қазірге дейін АҚШ-тың экономикалық санкциясына тап болған үш елде де нәтиже Трамп пен оның одақтастары күткендей болмай шықты.
Солтүстік Корея АҚШ-тың экономикалық қысымнан кейін ядролық және зымыран сынақтарын тоқтатып, келіссөз үстеліне келгені рас, алайда келіссөз әлі нәтиже бермеді. Екі мәрте кездескен Трамп пен Ким ядролық қаруды жою және экономикалық қолдау туралы уәделесе алған жоқ. Себебі, АҚШ санкцияны алып тастаудан бұрын, Солтүстік Кореяның ядролық қарудан бас тартуын талап етіп отыр.
Жақында АҚШ Иран мұнайын сатып алған өз одақтастары да санкциядан аман қалмайтынын ескертті. Әрине, Құрама Штат бұның нәтижесінде Иран өз саясатын өзгертеді деп күтіп отыр. Бірақ, бұл санкция АҚШ одақтастарын да Иранға қарата белгілі дәрежеде қысым түсіруге, ал Еуропа елдерін Иранмен экономикалық байланыстарды үзуге мәжбүрлейді. Еуропа елдері АҚШ үкіметінің бұл саясатын қолдамаса да Құрама Штатқа қарсы шара жасамады, жасамайды да. Бұны Ақ үй де жақсы біледі. Алайда, бұл Иранды ядролық қаруды дамытпау туралы келісімдерден шығып кетуге итермелеп бара жатқандай.
Венесуэладағы қазіргі дағдарыс үкімет пен оппозиция арасында келіссөздің жоқтығынан барған сайын шиеленісіп бара жатқанымен, белгілі есептен, ондағы әлеуметтік дағдарыстың бір ұшында АҚШ санкциясының да өзіндік салмағы бар екені байқалады.
Венесуэлада Николас Мадуроға қарсы оппозицияның негізгі тірегі АҚШ бастаған бір қатар батыстық елдер және халықаралық қауымдастық болып отыр. Оппозиция жетекшісі Хуан Гуайдоны қолдаушы елдер АҚШ-тың Венесуэла мұнай өнеркәсібіне салған санкциясын қолдаған 50-ден астам ел екені де анық. Бірақ, Мадуро оппозициямен келіссөздің орнына құғын-сүргінге көбірек бейім тұр. Бұл жағдайға талдау жасаған батыс сарапшылары, қазір Трамп үкіметінде әскери шара қолданудан өзге таңдау қалмай бара жатқанын мойындайды.
Айталық, Гудзон институтының зерттеушісі Ричарт Вейцт бір сұқпатында: «Біздің шығарған шығын шектеулі болғандықтан, оның келтіретін пайдасы да шектеулі күйде тұр. Біздің бұдан да зор бодау беру арқылы көбірек нәтижеге қол жеткізуімізге болады. Яғни, әскери күшпен басып кіріп, ел үкіметін өзгертіп, біз қалайтын саяси жүйені орнатуға болады», – деген.
Сейсенбіде, Трамп Мадуроны 20 мың қауіпсіздік қызметкермен қамтамасыз еткені үшін Кубаны да экономикалық эмбаргомен қорқытты. Бұдан сәл бұрын Құрама Штаттар тарабы Кубаға жаңа экономикалық санкция жариялаған еді.
Қазір, халықаралық сарапшылардың басым көбі, АҚШ санкциялары оның қарсыластарын экономикалық шығындарға ұшыратқанымен, кешенді реформа жасауға итермелейтініне сенбейді. Әрі, бұл санкциялар осы елдерді санкциядан жалтару немесе қарсы тұру шараларын ойлап табуға көбірек шабыттандырып жатқандай. Сондықтан, АҚШ-тың экономикалық санкциялары уақыт өте тиімсіз шараға айналып қалады деп қарайды.