АҚШ лауазымдыларының таратқан мәліметіне қарағанда, президент Трамп Венгрия премьер-министрі Виктор Орбанға Уашингтонға ресми сапар жасауды ұсыныс еткен. Мәліметтерде екі ел басшысы 13 мамыр күні Ақ үйде кездеседі делінген. Халықаралық сарапшылар бұны Ресей мен Қытайдың Еуропада артып келе жатқан ықпалына қарсы әрекет ретінде бағалап отыр.

Бұл пікірдің өзіндік қисыны да бар. Айталық, соңғы он бес жылға жуық уақытта Венгрия басшысы Ақ үйге ресми сапармен барған емес. 2010 жылы Орбан Венгрия билігін қайта қолына алғаннан кейін, Обама үкіметі жағынан үздіксіз сынға алынып келген еді. Ақ үй ол кезде Орбан билігі Венгриядағы демократиялық құндылықтар мен заңның үстемдігін әлсіретті деп сынға алған.

Ал, бұл рет Трамп Орбанмен екі елдің қарым-қатынасын дамытуды негіз ете отырып, энергетика қауіпсіздігі, қорғаныс саласындағы ынтымақтастық және аймақтық қауіпсіздік мәселелерін талқыламақ.

Соңғы бірнеше айда АҚШ пен Венгрия арасында барыс-келіс жиілей түскені белгілі. Айталық, сәуір айының бас шенінде АҚШ-Венгрия арасында қорғаныс туралы келісімге қол қойды; Венгрия әуе шабуылына қарсы қорғанысты жетілдіру мақсатында АҚШ-тан орта қашықтықтағы зымырандарды сатып алу келісімі жасалды.

Бірақ, Венгрия үкіметі Ресей, Қытай қатарлы елдермен де байланысын бірдей ұстауға тырысқаны байқалады. Орбан болса Путиннің Еуропадағы маңызды одақтасының бірі ретінде белгілі.  Ақпан айында Венгрияға сапарлай барған АҚШ мемлекеттік хатшысы Венгрияның бұл саяси бағыты туралы алаңдаушылығын жасырмады. Помпео кездесуде Ресеймен байланысты тереңдету және қытайлық Huawei компаниясымен 5G технологиясын дамыту келісіміне қол қою әрекеттері Құрама Штатты алаңдатып отырғанын ашы айтқан. Әрі, Ресейдің Венгрия сынды шағын елдердің егемендігіне қатер төндіретінін де ескерткен.

Сол кездесуде Майк Помпео Венгрия билігінің Қытайдың Huawei, Қытай банк және өзгеде компаниялар желісімен тығыз жұмыс жасап отырғанын да сынға алған еді. Ал, бұл рет Трамптың Орбанды Ақ үйге шақыруы біртіндеп өзінің басты стратегиялық қарсыластарына жақындап бара жатқан Венгрияны өзіне тарту екені байқалады. Бұл да болса АҚШ, Ресей және Қытай сынды үш ірі стратегиялық қарсыластар арасында шағын елдердегі нарық пен саяси ықпалға талас-тартыстың қызу жүріп жатқанын аңғартуда.

 

“The Qazaq Times”