Орталық сайлау комиссиясы Қасым-Жомарт Тоқаевты президенттікке үміткер ретінде тіркеді.
«Мамыр айының 3-і күні Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасы президенттікке үміткер ретінде тіркелді» - делінген Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде.
ОСК мәліметінше, Қазақстанның 17 өңірінен Тоқаевтың кандидатурасын қолдаған 315 910 азаматтың қолы жиналған. Тексеру барысында олардың 313 653-і жарамды деп танылған.
Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы маусым айының 9-ы күні өтеді. Заң бойынша, үміткерлер сайлауға қатыспас бұрын 118 мың адамның қолын жинауы тиіс.
Бұдан бөлек сайлау заңына сәйкес, кандидаттар кем дегенде бес жыл мемлекеттік қызметте істеуі тиіс және ақыл-есі дұрыс екендігін дәлелдеу үшін медициналық бақылаудан өтуі қажет.